Accessibility links

Қарағанды облысы: жағдай «біршама тұрақты әрі бақылауда»


Қарағанды облысындағы су тасқыны
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:11 0:00

Қарағанды облысындағы су тасқыны туралы тұрғындар жолдаған видео. Чкалов пен Сарытөбе ауылдарындағы жағдай.

Су тасқыны кесірінен Қарағанды облысындағы кей елдімекен тұрғындарының шырқы бұзылды. Жергілікті билік үш ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялады. Бүгін кей ауыл тұрғындары «судың беті қайтты» деп хабарлады. Биыл жағдай жітірек бақылауда екенін халық та, билік те мойындайды.

ОНДАҒАН ҮЙДІ СУ БАСҚАН

Биылғы тасқыннан Чкалов ауылы қатты зардап шекті. Ол жақта бірнеше күн бұрын ондаған үйді су алып, 100-ден аса тұрғын эвакуацияланған. Жұрттың көбі су басқан үйлерінде әзірше тұрмайды, бірақ мүмкіндігінше барып қарап жүр немесе көршілеріне тапсырып қойған. Судың беті қайтқан үйлерге оралып жатқандар бар. Ауылда көпке дейін жарық болмаған. Кенттегі жалғыз азық-түлік дүкені уақытша жабық тұр.

Вайганттардың үйіне су бәрінен көп жайылған. Ол кенттің бас жағындағы ойпаңда орналасқан, сондықтан су ылғи әуелі осы үйге жайылады. Қызылсу жайыла бастаған кезде Татьяна Вайганттың отбасы ауылдан кетуге мәжбүр болған. Олар біраз уақыт Теміртау қаласындағы туыстарының үйінде тұрған. Оның үйлі-баранды балалары да өз отбасыларымен эвакуцияланған. Олар жиһаз бен техникасының көбін көшіріп үлгерген. Малды Чкалов кентіндегі қырға айдап тастаған.

Татьяна Вайганттың үйі. Қарағанды облысы, Чкалов, 17 сәуір 2017 жыл.
Татьяна Вайганттың үйі. Қарағанды облысы, Чкалов, 17 сәуір 2017 жыл.

Чкалов ауылы тұрғыны Татьяна Вайгант Азаттық тілшісіне:

- Кентке жайылған су деңгейі 30 сантиметрге жеткен жоқ деп айтып жатқанымен, біздің аула мен үйді бір метрден биік су басты, дәл қанша екенін айта алмаймын, бірақ шарбақ судан 20 сантиметр ғана көрініп тұр. Бұл жол тағы қатты зардап шектік. Су терезенің орта тұсына дейін көтерілгені үйдің қабырғаларынан көрінеді, қазір судың беті қайта бастады. Жайылған су әлі толық кеткен жоқ, сондықтан үйіме әзірше бара алмай отырмын, - деді.

Вайганттар әулетінің төрт отбасы сол Чкалов кентінде тұратын Татьяна Вайганттың қыздарының бірінің үйінде кешеден бері уақытша бірге тұруды ұйғарған. Қазір ол жақтан су кеткен, бірақ үйдің іші сыз, сондықтен пешті күндіз-түні үзбей жағып жатыр.

ҚАЙЫҚПЕН ЖЕТКІЗІП ЖАТЫР

Чкалов пен Садовое ауылдарына қарағанда, Сарытөбе ауылындағы жағдай тәуірлеу. Ол жақта бір үй мен алты аула, қора-қопсыны су басқан. Бірақ кентке баратын жол жабық. Азық-түлікті қайықпен тасып жатыр. Зейнетақыны да осындай амалмен жеткізген. Сарытөбе ауылы тұрғыны Павел Ненашев Азаттық тілшісіне:

- Тұрғындар қажет деген заттарын сатып алсын деп дүкенге азық-түлікті қайықпен тасып тұр. Жуырда зейнетақыны да солай әкеліп берді. Шаруасы бар жұртты қайықпен жібереді. Кентті су басқан 2015 жылға қарағанда, бұл жолғы жағдай тәуірлеу. Билік пен төтенше жағдай департаментінің алдын ала қамданғаны байқалады, жіті қимылдап, жағдайды реттеуге бірден кірісіп жатыр, - деді.

Сарытөбе ауылындағы су жүрген көше. Қарағанды облысы, 17 сәуір 2017 жыл. Суретті тұрғындар жолдаған.
Сарытөбе ауылындағы су жүрген көше. Қарағанды облысы, 17 сәуір 2017 жыл. Суретті тұрғындар жолдаған.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, кенттің айналысы мен жолдарды жақсы білетін байырғы тұрғындардың кейбірі қалаға жолсызбен барып жүр. Бірақ ол жақпен үлкен көліктер ғана жүре алады. Ал жеңіл көлік өте алмайды.

Осакаровка кенті тұрғыны Ирина К. Азаттық тілшісіне «бірнеше күннен бері үйіне су жайылып жатқанын» хабарлап, «жер асты суы тәрізді, егер суды күнделікті сорғызбасақ,үйді мүлде су басар еді» деді. Су басқан өзге ауыл тұрғындарымен әзірше хабарласу мүмкін болмай тұр.

ТАБИҒИ СИПАТТАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ

Қызылсу кесірінен кей елдімекендерінің қалыпты тіршілігі бұзылған Бұқар жырау, Қарқаралы және Абай аудандарында жергілікті билік табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялаған. Бірақ Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, ауқымы жағынан 2015 жылғы су тасқыны қарқынымен шамалас екеніне қарамастан, көктемгі қар еру кезеңі тұрақты әрі жіті бақылаумен өтіп жатыр.

Ресми дерекке қарағанда, қазір Қарағанды облысында жеті елдімекен - Сарытөбе кенті, Чкалов, Садовое, Андрейников, Қызылжар, Красная Поляна, Қарамұрын ауылдарында тұрғын үйлерге, аула, қора-қопсыларға су жайылған.

Чкалов ауылында 49 үй, Садовое ауылында 42 үй әлі су астында қалып отыр, бұл ауылдар тасқын судан ең көп бүлінген елдімекендер болып отыр. Қызылжар ауылында үш үй, Сарытөбе ауылында бір үйді су басқан. Бұған қоса, бұл елдімекендерде ондаған аула мен қора-қопсыға су жайылған. Чкаловтан 100-ден аса, Сарытөбе ауылынан 300-ден аса адам эвакуацияланған. Билік зиян көлемін есептеумен тасқын аяқталғаннан кейін айналысамыз деген уәдемен зиянды бағалауға әлі кіріспеген.

Үйге кірген су. Суретті Қарағанды облысы Осакаров ауылы тұрғыны жолдаған.
Үйге кірген су. Суретті Қарағанды облысы Осакаров ауылы тұрғыны жолдаған.

- Қазір азаматтық қорғаныс күштерінің көбі Бұқар жырау ауданындағы Ақтөбе елдімекеніне жұмылдырылды, ол жақта екі жарым километр жерге құм толтырылған қапшықтар төселді, бөгеттің іргесін қосымша инертті материал төгіп, нығайттық, - деп хабарлайды Қарағанды облысы ТЖД .

Қарағанды облысы әкімдігінің хабарлауынша, Қарағайлы мен Қайрақты ауылдары, Тұзды ауылдық округіне қарасты Бірінші мамыр бөлімшесіне су жайылу қаупі бар. Шерубай-Нұра өзенінің тасыған суы Шопа ауылына баратын көлік жолын алып кеткен. Облыстағы автомобиль жолдарының сегіз учаскесін су шайған. Апаттан құтқару жұмыстары әлі жалғасуда. Бұқар жырау, Қарақаралы, Абай, Шет және Осакаров ауданы елдімекендеріне айрықша назар аударылған.

АУЫЗСУСЫЗ ҚАЛҒАН

Сергиополь және Нұра тоғандарын тасқын шайып кетуіне байланысты Теміртауда тұрғындардың көбі ауыз судан әлі қиындық көріп отыр.

Сарытөбе ауылындағы су кірген аула. Қарағанды облысы, 17 сәуір 2017 жыл. Суретті ауыл тұрғыны жолдады.
Сарытөбе ауылындағы су кірген аула. Қарағанды облысы, 17 сәуір 2017 жыл. Суретті ауыл тұрғыны жолдады.

«Қазір суды Қарағанды-Ертіс каналынан беріп жатырмыз. Сондықтан су қаланың Шығыс және Орталық аудандарына аз қысыммен беріліп жатыр. 68- квартал мен Достық төбешігі (Горка Дружбы) аудандарына ауыз суды арнайы көлікпен тасу ұйымдастырылды, өйткені сорғыларды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Қаланың батыс бөлігін ертеректе бекітілген кестеге сәйкес, су таситын үш көлік қамтамасыз етеді» деп хабарлайды Теміртау қаласы әкімдігі баспасөз хабарламасында.

Су тасқыны басталғаннан бері Қарағанды облысына 123 тұрғын үй мен 230 аулаға су жайылған. Апаттан құтқару және шұғыл жұмыстар атқарылып, су жайылған аймақтардан 1850 адам эвакуцияланып, бес мыңнан аса мал қауіпсіз жерге апарылған.

Су тасқынына байланысты психологиялық және ақпараттық көмек көрсету үшін Қарағанды облысында 8 (7212) 55-87-86, 8 (7212) 51-72-23 телефондары бойынша «қауырт желі» ашылған.

XS
SM
MD
LG