Accessibility links

Судьялардың брифингі сұрақ-жауапсыз өтті


Журналистердің сот ғимаратындағы наразылық шарасы. Алматы, 28 ақпан 2013 жыл. 
Журналистердің сот ғимаратындағы наразылық шарасы. Алматы, 28 ақпан 2013 жыл. 

Алматы қалалық сотында «экстремистік» деп танылып, жабылып қалған оппозициялық ақпарат құралдарына қатысты брифинг өтті. Ешқандай сұрақ қойылмаған жиынға бірқатар тәуелсіз ақпарат құралдары өкілдері кіргізілген жоқ.

Бейсенбі, ақпанның 28-і күні Алматының қалалық сотында прокуратура шағымының негізінде «экстремистік» деп танылып, 30-ға жуық БАҚ-ты жабу туралы шешім шығарған Медеу және Бостандық ауданы соты судьяларының брифингі өтті.

Журналистерге алдын ала таратылған хабарламада брифинг ««Взгляд», «Республика» газеттері, «К-плюс» және Guljan.org интернет сайттарының жабылуына қатысты» деп жазылған.

БРИФИНГ

Cот қызметкерлері бір топ журналисті сот ғимаратына өткізіп, өзге тілшілердің қызметтік куәлігін көрген соң оларға «күте тұрыңыздар» деді.Сәлден кейін сот қызметкерлері «брифинг өтетін залда орын жоқ» деген себеппен оннан астам журналисті кіргізбеді.

Сыртта қалғандардың арасында «Жас Алаш», «Панорама» газеттерінің, жабылып қалған Guljan.org сайтының журналистері болды. Соңғылары «іште біздің тағдырымыз туралы айтып жатыр, ал сендер бізді кіргізбейсіңдер» деп наразылықтарын айтты.

Брифингті Алматы қалалық сотының судьясы Шолпан Құрманбекова, Бостандық
Алматы қалалық сотының судьясы Шолпан Құрманбекова. Алматы, 28 ақпан 2013 жыл
Алматы қалалық сотының судьясы Шолпан Құрманбекова. Алматы, 28 ақпан 2013 жыл
аудандық сотының судьясы Қалдарбек Досымбет, Медеу аудандық сотының судьялары Ерхан Тотыбай-тегі мен Гүлмира Бейсеновалар өткізді.

Шамамен жарты сағатқа созылған жиында олар журналистердің ешқандай сұрағына жауап бермейтіндігін айтып, тек көпшілікке таныс мәліметті - «отызға жуық ақпарат құралдарын экстремистік деп тану бойынша прокуратураның шағымының негізінде процестер өтіп, олардың жабылғанын» айтты.

- Бұл ақпарат құралдарының басшылары, редакциялық саясаты, редакция құрамы, электрондық адресі, дизайы - бәрі ортақ, - деді Медеу аудандық сотының төрағасы әрі судья Ерхан Тотыбай-тегі.

Ол сараптама нәтижесінде бұл ақпарат құралдары материалдарынан мемлекеттің конституциялық құрылымын күшпен өзгертуге шақыратын материалдар табылғаны анықталғанын айтты. Судьяның сөзінше, ол басылымдар экстремистік болғаны үшін емес, материалдарында экстермизмді насихаттау сарыны болғандықтан жабылған.

– Заң бойынша газетті емес оның иесін, не болмаса редакторын – адамды жауап тарту керек емес пе? Сіздер неге жансыз қағазға қатысты шешім
Журналистердің наразылығы. Алматы, 28 ақпан 2013 жыл.
Журналистердің наразылығы. Алматы, 28 ақпан 2013 жыл.
шығардыңыздар? – деп сұрады брифингке қатысқан оншақты журналистің бірі

Алайда судья Ерхан Тотыбай-тегі бұл сауалға:

– Бұл шағымды прокуратура жазған, сондықтан бұл сұрағыңызды соларға қойыңыз, – деп қысқа жауап қайырды.

Журналистерге басқа сұрақ қоюға мүмкіндік берместен судьялар залдан шығып кетті.

Олар шығып бара жатқанда жабылып қалған БАҚ өкілдері "Сөз бостандығын тұншықтыра алмайсың", "Сот билігі тәуелсіз деген - миф", "Соттар Қазақстан заңын жерледі" деген жазуы бар орамалдар ұстап, "Масқара сот!" деп ұрандап тұрды.

«СОТ АҚТАЛМАҚ БОЛДЫ»

Брифингке кіре алмай қалған журналистердің бірі, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай судьялардың журналистерді «іріктеп кіргізуі –
«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай. Алматы, 28 ақпан 2013 жыл.
«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай. Алматы, 28 ақпан 2013 жыл.
олардың «ыңғайсыз» сұрақтарға жауаптарының жоқ екендігін байқатады» дейді.

– Судьялар өздерінің ақпарат құралдарын жапқаны заңды болғанын көрсеткісі келді. Олар қоғам алдында ақталуға мәжбүр. Өйткені ол БАҚ-тарда ешқандай экстремистік, әлеуметтік араздықты қоздырған мақалалар болмағандығын халық біледі. Соған сот ақталғысы келді, алайда журналистерді талғап кіргізіп, өздерін тағы масқаралады, – дейді Рысбек Сәрсенбай.

Сөз бостандығын бақылайтын «Әділ сөз» қорының заңгері Елена Малыгина «егер судьялар адамдардан - яғни бізден қорқатын болса, онда шықпасын» деген пікір айтты.

– Олар біз білмейтіндей жаңа ешнәрсе айтқан жоқ. Тіпті алдында жазылып тұрған
«Әділ сөз» қорының заңгері Елена Малыгина. Алматы, 28 ақпан 2013 жыл.
«Әділ сөз» қорының заңгері Елена Малыгина. Алматы, 28 ақпан 2013 жыл.
қағазды ежіктеп оқып отырды. Бұлай істеуге болмайды. Дұрыс емес, – деді заңгер.

Ал сотқа қатысқан «Республика» газетінің ұжымы сол жерде наразылық шарасын өткізді. Олар өз газеттерінің заңсыз жабылғанын, оған қоса өздерінің жұмыссыз қалғандарын айтты.

2012 жылдың желтоқсанында оппозициялық «Взгляд» газеті, тіркелмеген оппозициялық «Алға» партиясы, «құрамында сегіз басылым мен 23 интернет-ресурсы бар» «Республика» жабылған еді.

Желтоқсанның 4-і күні Алматы қаласы Бостандық аудандық соты Guljan.org сайтына Қазақстан аумағында қызмет етуге үш ай мерзім тыйым салған.
XS
SM
MD
LG