Accessibility links

«Красный трудовик» тұрғындары үйлері үшін де, балалары үшін де үрейленіп отыр


Красный трудовик аулының тұрғыны Серікқайша Шиешова баспана зарын айтып тұр Азаттық тілшілеріне. Алматы, 7 шілде, 2009 жыл.
Красный трудовик аулының тұрғыны Серікқайша Шиешова баспана зарын айтып тұр Азаттық тілшілеріне. Алматы, 7 шілде, 2009 жыл.

7 тамызда Алатау ауданына қарасты «Красный трудовик» ықшам ауданының бірқатар үй иелері әкімшілік тарапынан уәде етілген ауыр техниканы күткен болатын. Абырой болғанда баспаналары аман қалды.

ҮЙ БҰЗҒЫШТАР КҮТКІЗГЕНІМЕН КЕЛГЕН ЖОҚ

Тамыздың 6-сында әкімшілік қызметкерлері «Красный трудовиктегі» заңсыз салынған 3 үйдің 7 тамыз күні сағат 17-де бұзылатындығын ескертіп кеткен.

- Кеше кешкісін мен жұмыста едім, үйімдегі күйеу балама әкімшіліктен, ҰҚК деп өздерін таныстырған бірнеше қызметкер келіпті. Олар «еш айқай-шусыз, тып-тыныш үйді бұзып алып кетіңдер, әйтпесе, біз ертең келіп күл - талқанын шығарамыз» деп ескертіп кетіпті, – дейді ескерту алғандардың бірі Құндыз Жүнісова.
Красный трудовик аулының тұрғыны Құндыз Жүнісова. Алматы, 7 тамыз, 2009 жыл.


Үш баланың анасы Құндыз өз үйінің құжаттарының заңды екендігін айтады. 2006 жылы сатып алған бұл жерге өткен жылдан бері іргесін көтеріп тұрып жатыр екен.

- Мен жалғыз басты анамын, жалғыз менің жалақымнан жырып, үйімнің бір ғана бөлмесін көтеріп үлгердім, ал екінші жартысы әлі аяқталған жоқ. Әкімшілік қызметкерлері аудан әкіміне сол салынып бітпеген үйдің суретін көрсетіп, әкімнен «бұзылсын» деген тапсырма алған көрінеді, – дейді Құндыз.

Бұдан бұрын Алатау ауданы әкімі Бағдат Мәнізоров аудандағы иелері тұрақты тұрып жатқан баспаналар күрелмейтіндігі жайында айтқан еді.

ЖЕРДІ ЗАҢСЫЗ БАСЫП АЛДЫМ ДЕП ҚОЛ ҚОЙМАСА, БАЛАЛАРЫ МЕКТЕПКЕ АЛЫНБАЙДЫ

Енді ересектер ғана емес, балаларға да қысым көрсетілетін көрінеді. «Красный трудовиктің» тұрғыны Серікғайша Шиешова қазіргі таңда тұрғындардың мектепте оқитын балаларына қысым жасалып жатқандығын айтады.

- Мен жақында қызымды ауылдан алып келіп, мектепке дайындап жатырмын. Көршім де өзінің баласын ауылдан алып келіп мектепке кіргізейін десе, ондағылар «13 мың теңгеңді төле, содан кейін ғана балаңды аламыз» деген екен. Ал ол ақша «жерді өз бетіммен басып алдым» деген актке қол қою барысында айыппұл ретінде төленеді. Ал ол актіге өз еркіңізбен қол қойсаңыз, онда сіз автоматты түрде өз жеріңізді заңсыз иеленгеніңізді мойындайсыз деген сөз. Содан кейін әкімшілік не істеймін десе өзі біледі...Енді мен екі ойлы болып тұрмын...қызымды қайда алып барамын ?- дейді екі баланың анасы Серікғайша.

Ал тұрғындардың шақыруымен келген Жалпы ұлттық социал демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әмірбек Тоғысов әкімшілік қызметкерлерінің бұл әрекеттері заңсыз екендігін айтады.

- Ешқандай баспана соттың шешімінсіз бұзылмауы тиіс. Ал соңғы уақытта Алатау ауданында бұзылып жатқан үйлердің барлығы дерлік соттың шешімінсіз күреліп тасталуда, – дейді ол.
Красный трудовик аулының сыртқы көрінісі осындай. 7 тамыз, 2009 жыл.


Қоғамдық белсенді Ризада Жақыпбектің пайымдауынша, тұрғындарды баспанасыз қалдырудың астарында белгілі бір гәп бар екен.

- Әкімшілік әлеуметтік жағдайлары нашар адамдардың үйін бұзып жатыр. Оларға полицейлер, ҰҚК қызметкерлері мен прокуратура келіп қоқан-лоққы көрсетіп, қорқытып, қысым жасауда. Тұрғындардың бар байлығы жер, одан өзге оларда артық ақша да байлық та жоқ. Олар биліктен артық ешнәрсе сұрамайды да, оларға пайызсыз несиенің де керегі жоқ. Тек тиесілі 6 сотық жерін заңдастырса, баспанасы болса болғаны. Алайда әкімшілікке жер керек, осы мақсатта олар түрлі амалдарды қолдануда. Меніңше, олар баспаналарды түгелдей бұзып, жерді инвесторларға сатып жібермек, – дейді Ризада Жақыпбек.
XS
SM
MD
LG