Accessibility links

Қазақстан халқы наурыз мерекесін үш күн тойлайды


Астана алаңында Наурыз мерекесі кезінде тегін наурыз көже таратылды. Алматы, 21 наурыз 2011 жыл.
Астана алаңында Наурыз мерекесі кезінде тегін наурыз көже таратылды. Алматы, 21 наурыз 2011 жыл.

Алматыда мерекелік шараның алғашқы күні Астана алаңынан басталды. Жиналғандар наурыз көжеден дәм татып, концерт тамашалады.

Астана алаңына жиналған халық арқан тарту, қол күрестіру сияқы ұлттық ойындарды қызықтап, жастар «Қара жорға» биін билеп, алтыбақан тепті.
Наурыз тойы кезінде алтыбақан тепкен жастар. Алматы, 21 наурыз 2011 жыл.

Алаңға тігілген киіз үйлерде қыз ұзату, бесікке бөлеу тәрізді салт-дәстүр көрсетілді.

Сахнада мектеп оқушыларынан бастап жасы ұлғайған аналарға дейін кішігірім көріністер қойды.

– Елімізде бірнеше ұлт өкілдері тұрады. Бәріне Алладан ырыс-береке, бірлік тілеймін. Дендері сау болсын! Жасап отырған қызметтері тек жақсылыққа болсын, біздің бірлігімізге болсын! – деді мерекеге келген Шолпан.

«БАҚСЫ», «ҚЫДЫР БАБА» ЖӘНЕ «ҚЫЗЫЛ ТРАКТОР»

Алаңға атбегілер асыл тұқымды аттарын алып келді, бүркітшілер баптаған бүркіттерін көрсетті.

Алаң ортасына қойылған тайқазанды айнала жүгірген «бақсы» мен аппақ киім киген «Қыдыр бабаға» алғашында халық үрке
Наурыз мейрамы кезіндегі театрландырылған рәсімдер. Алматы, 21 наурыз 2011 жыл.
қарады. «Қыдыр баба» «жыл басын ақ пейілмен, жаңа бақытпен қарсы алуы керек» деген ниетпен жиналғандарды сумен, ал «бақсы» адыраспанмен аластады.

– Халқымыздың жаман әдеттері, жаман энергиялар құрысын деп, «Қызыл трактор» ұйымының бір топ адамдары сумен, түтінмен аластап жүрміз.

Суды адамдардың пейілі судай ақ болсын деп шашамыз. Ал ақ киім ақ жол болсын дегенді білдіреді. Сондықтан осындай ниетпен халықты наурызбен құттықтауға келдік, – деді «Қызыл трактор» ұйымының жетекшісі Молақұл Нарымбетов.

«ХАЛҚЫМ АМАН БОЛСЫН!»

Ал «Әліпби» аналар ұжымы би билеп, ән айтуға келіпті. Олар «Тастанды бала» деген шағын көріністерін сахналады.

– Бүгін наурызды тойлауға, өз өнерімізді көрсетуге келдік. Сондықтан жыл басында тек жақсы тілектер ғана айту керек. Мерекелерің құтты болсын!
Наурыз тойы болып жатқан Астана алаңындағы әжелердің шашуы. Алматы, 21 наурыз 2011 жыл.
Наурыз наурызға ұласа берсін! Халқым аман болсын! – деді ұжымның мүшесі Фарида Бұқабаева.

Алаңға тігілген киіз үйлердің бірінде қыз ұзату тойына байланысты сахналанған көрініске қатысушылардың бірі Айжан үйге кірген жұртқа ұлттық салт-дәстүрдің құндылығы жайында түсіндірді.

– Мына жерде қазақтың қыз ұзату деген салт-дәстүрін көрсетеміз. Қыз ұзатқан кезде сыңсу айтады. Біз соның бір шағын ғана көрінісін қазақ үйге келушілерге көрсетеміз, – дейді Айжан.

Мерекеге жиналғандар халық арасынан шыққан шеберлердің қол өнерін тамашалады. Халыққа сиқыршылық өнерімен танылған Сәрсен Серікбай Азаттық оқырмандарына мерекелік тілегін айтты.

– Бүгін көңіл-күйім ерекше. Кішкентай кезімнен циркте жұмыс жасағандықтан сиқыршылық өнерімді тағы бір рет көрсетсем бе деймін. Ұлыстың ұлы күні, ақ түйенің қарны жарылған күні халқыма аспандары ашық, көңілдері шат, сиырлары сүтті, денсаулықтары мықты, қыздары орамалды, ұлдары бөрікті болсын деп тілеймін! – деді Сәрсен Серікбай.
XS
SM
MD
LG