Accessibility links

Үйі тоналғандар полицияны сөгеді


"Рахат-1" саяжайы тұрғындары елді мекенде көбейген пәтер ұрлығы ашылмай қалатынына наразылық білдіріп, полиция жұмысына сын айтады. Қарасай ауданы, Алматы облысы, 1 ақпан 2017 жыл.

Алматы іргесіндегі ауыл тұрғындары көбейіп кеткен пәтер ұрлығын ашуға дәрменсіздік танытқан полицияның жұмысына наразы. Ресми мәлімет бойынша, пәтер ұрлығының жартысынан көбі ашылмайды.

ПӘТЕР ТОНАУ ЖИІЛЕДІ

Алматы облысы Қарасай ауданындағы Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған ауылының тұрғыны Мақсат Мәліков үйіне екі рет ұры түскенін айтады.

- Өткен жазда кешке жұмыстан келсек, үйіміздің іші астан-кестен боп жатыр. Жаңа аяқ киімдер мен әйелімнің алтын бұйымдарын алып кетіпті. Үйдің есігін кілтпен ашып кіріпті. Кілтті аулаға жасырын жерге тығып кететінбіз. Шамасы соны білетін біреу болса керек, - дейді Мақсат.

Оның айтуынша, тападай тал түсте түскен ұры осы үйге суға келген көрші үйде құрылыс салып жатқан адамдардың бірімен тілдесіпті.

- Көрші үй суды біздің ауладан алатын. Құрылысшылардың бірі түс мезгілінде су алуға келгенде есіктің ашық тұрғанын көріп, атымызды атап шақырыпты. Іштен «олар жұмыста» деген әйел адамның даусы шыққан соң алыстан туыстары келген екен ғой деп ойлап кетіп қалған, - дейді тұрғын.

Іргелі ауылдық округіне қарасты "Рахат-1" саяжайы. Қарасай ауданы, Алматы облысы, 1 ақпан 2017 жыл.
Іргелі ауылдық округіне қарасты "Рахат-1" саяжайы. Қарасай ауданы, Алматы облысы, 1 ақпан 2017 жыл.

Мақсат Мәліковтің шағымы бойынша келген полиция қызметкерлері қылмыс жасалған жерден саусақ іздерін алған. Бірақ ұры табылмаған. Арада бірер ай өткенде әлгі үйге екінші рет ұры түскен.

- Екінші рет қараша айында түсті. Терезеден кіріп үйдегі қымбат бағалы теледидарды алып кетіпті. Тағы полиция шақырдым, олар арыз-шағымымызды алып кетіп қалды, - деген Мақсат бұл қылмыстың да ашылмай қалғанын айтады.

Екі мәрте тоналған үй иесі полицияның жұмысына қарап, "осыларың ұрыны іздеуге, жоғалған мүлікті табуға құлықсыз тәрізді" деген ойға қалғанын айтады.

Іргелі ауылдық округіндегі Рахат-1 саяжайының тұрғыны Ақеркенің үйіне ұрылар жаңа жыл қарсаңында түскен.

- Ұрылар алтын бұйымдарымды түгел үптеп кетті, - дейді ол.

"Ұры ауыл ішінде" деп санайтын саяжай тұрғындары ұрыны да, жоғалған заттарды да таба алмай, қылмысты ашуға дәрменсіздік танытып отырған полицияның жұмысына сын айтады. Іргелі ауылдық округіне қарайтын Береке, Қызылөріксай және Рассвет-3 саяжайлары тұрғындары да ауылдарында көбейген ұрлықтың ашылмай қалатындығына наразылық білдірді.

ВИДЕО: Саяжайда үй тонау көбейіп кетті

"УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОР ЖЕТІСПЕЙДІ"

Қарасай ауданы Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Қайрат Смайлов соңғы жылдары тұрғын саны көбейген округте қоғамдық қауіпсіздікті сақтау шаралары жасалып жатқанын айтады.

- Ауылдық окургтегі учаскелік бөлімшеде 9 қызметкер жұмыс атқарады. Қазіргі таңда тұрғын саны 24 мың адамды құрайтындықтан, учаскелік инспекторлардың жетіспеушілігі байқалады, - дейді ол.

Іргелі ауылдық округіне қарайтын Береке, Қызылөріксай және Рассвет-3 саяжайлары тұрғындары да ауылдарында көбейген ұрлықтың ашылмай қалатындығына наразылықтарын білдірді.

Қарасай аудандық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Абай Тынышбаевтың Азаттыққа айтуынша, өткен жылы аудан көлемінде тіркелген 860 пәтер тонау қылмысының жартысынан астамы әлі ашылмаған.

- 2016 жылы ауданда барлығы 2444 ұрлық оқиғасы тіркелген, солардың 37,5 пайызы ашылды. Жалпы былтыр ұрлық саны алдыңғы жылғымен салыстырғанда 19,5 пайызға көбейді, - дейді ол.

Алматы облысы Қарасай аудандық ішкі істер басқармасы бастығының 1-орынбасары, полиция полковнигі Абай Тынышбаев.
Алматы облысы Қарасай аудандық ішкі істер басқармасы бастығының 1-орынбасары, полиция полковнигі Абай Тынышбаев.

Абай Тынышбаев "тұрғындардың үй-жайларының қауіпсіздік шарасына жете мән бермей, кейде мүлде қараусыз қалдыруы" да пәтер ұрлығының көбеюіне әсер етеді дейді. Полиция өкілі пәтер ұрлығының көбінің ашылмай қалуының бір себебі ретінде "учаскелік инспекторлардың жетіспеушілігін" атайды.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Азаттыққа берген мәліметі бойынша, 2016 жылы Қазақстанда тіркелген 44367 пәтер ұрлығының 17064-і ашылған. Қылмыстың бұл түрі Алматы қаласы, Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында жиі тіркелген.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG