Accessibility links

Архитекторлар бас жоспарға жер басып алу бөгет дейді


Жобалар көрмесінде ұсынылған Медеу мен Шымбұлақтың ортасындағы шаңғы курортының архитектуралық концепциясы. Алматы, 6 желтоқсан 2016 жыл.
Жобалар көрмесінде ұсынылған Медеу мен Шымбұлақтың ортасындағы шаңғы курортының архитектуралық концепциясы. Алматы, 6 желтоқсан 2016 жыл.

Алматыдағы Қазақстанның қала құрылысшылары одағы форумында қала салу бойынша бас жоспарлар советтік жоспарлы экономиканың мұрасы болса да, қажет екені туралы айтылды. Жер басып алу бас жоспарға үлкен кедергі болып тұр.

ЖАҢА ЖОБАЛАР КӨРМЕСІ

Қазақстанның қала құрылысшылары одағының форумында бір күн ішінде көптеген мәселелер талқыланды, оның ішінде Астана, Алматы және басқа қалалардағы қала құрылысы, «Жаңа Жібек жолы» жобасы аясында Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесі (Батыс Еуропа – Қазақстан көлік дәлізі) сияқты тақырыптар бар.

Қазақстанның 14-қала құрылысы форумы архитектуралық жобалар мен тұжырымдамалар көрмесінен басталды. Қабырғаларға қалалардың бас жоспары, тұрғын үй кешендері мен басқа да ғимараттардың жобалары мен тұжырымдамалары ілінді.

Көрмеге қойылған жобалардың бірі – Жібек Жолы көшесін қайта жаңғырту жоспары. Алматы, 6 желтоқсан 2016 жыл.
Көрмеге қойылған жобалардың бірі – Жібек Жолы көшесін қайта жаңғырту жоспары. Алматы, 6 желтоқсан 2016 жыл.

Мысалы, «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығы, тұңғыш президент саябағы, Жібек жолы көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағы (алматылық Арбат ретінде танымал), Абылай хан даңғылы, салынып жатқан метрополитен интерьері тәрізді Алматыдағы орындарды жобалаушылардың қалай елестететінін көруге болады.

Алматының Ботаникалық бағына қайта жөндеу жұмыстарына тіркелген сызбалар да жай көзге әдемі көрінеді. Онда оңтүстік пен солтүстіктен кіру жолдары, сырты мен іші шай қорабы тәрізді үй, зерттеу орталығының ғимараты, ағаштан жасалған жаяу жолаушылар жолы мен көпірі бар.

Алайда Азаттық тілшісінің қасына келген архитектордың тәжірибелі көзқарасы біраз мәселені аңғартты. Оның айтуынша, түпкілікті нәтиже сызбадан аумай қалады деп қиялдамау керек.

Жобалаушылардың шығармашылығынан Алматының таулы және тыныш аудандары да сырт қалмаған. Мысалы, бір автор қаланы Ыстықкөл жағалауымен жалғайтын арқанды-аспалы жолды бейнелепті, ол биік таудағы асудың екі жотасы арасынан өтеді. Көрмеде Кіші Алматы шатқалын ары қарай игеру сызбалары да болды. «Медеу» мұз айдынынан «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортына дейінгі жарты жолда шаңғылы және SPA шипажайын Горельниктегі орман шаруашылығы қасына салу жоспарланған.

ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕР

Форум Қазақстанның 25 жылдығына арналғандықтан соңғы ширек ғасырда елдің қала құрылысында қандай жетістікке жеттік деген сауал көкейде тұрды. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Қазақстанның қала құрылысшылары одағының президенті Любовь Нысанбаева айтып берді.

- Бізде қала құрылысы құжаттары жасалып жатыр, ол өзекті және нарық талаптарына сай. Яғни, біз советтік жоспарлаудан нарыққа өттік. Ары қарай оның бәрін әдістеме ретінде жазу керек. Кадрлар базасын сақтап қалғанымыз да жетістік деп ойлаймын. Қайта құру басталған кезде бізді ешкім қажет етпеді. Барлық институттар (жобалау - А.А.) жабылды, ешқандай мемлекеттік тапсырыс болмады. Бірақ қала құрылысы жұмысы – мемлекеттік тапсырыстар. Біз кадрлар базасын сақтап ғана қоймай, оны көбейттік, әр жобалау фирмасында жастар жұмыс істейді, олар ересек буыннан үйреніп жатыр, - деді Любовь Нысанбаева.

Қазақстан қала құрылысшылары одағының президенті Любовь Нысанбаева (сол жақта) және одақтың вице-президенті Мұхит Әзірбаев. Алматы, 6 желтоқсан 2016 жыл.
Қазақстан қала құрылысшылары одағының президенті Любовь Нысанбаева (сол жақта) және одақтың вице-президенті Мұхит Әзірбаев. Алматы, 6 желтоқсан 2016 жыл.

Қазақстандық мамандармен бірге шетелдіктер де үлес қосқан Астана қаласының бас жоспарын Любовь Нысанбаева үлкен жобалық жұмыс және зор табыс санайды.

- Қала құрылысы саясаты, қала құрылысы құжаттары қоғамның игілігіне айналды. Енді адамдар бас жоспардың не екенін, оның қалай шешілетінін және басқа да мәселелерді біледі, қазіргі кезде «Жаңа Жібек жолы» туралы айта аламыз, көлік-логистикалық жүйенің құрылысы туралы айтуға болады. Бұрын оны қазіргі кездегідей талқыламайтынбыз, - дейді Қазақстанның қала құрылысы одағының президенті.

Алматының қала құрылысындағы жетістіктігі ретінде Любовь Нысанбаева қазір оның көлік инфрақұрылымы дамыған заманауи қала екенін айтты. Бірнеше онжылдықтар бойы жоспарланған жол айырықтары салыстырмалы түрде аз уақытта салынды.

БАС ЖОСПАРҒА НЕ КЕДЕРГІ?

Форум қала құрылысына қатысты болғандықтан онда бас жоспар деген сөз көп айтылды. Қазақстандағы түрлі қалалардың бас жоспары мен оған енгізілген түзетулер ұсынылды. Шынын айтқанда, бас жоспар туралы мәлімдеуге берілген үш минутта тек үстірт ақпарат алу мүмкін болды.

Байқоңыр қаласының бас жоспары туралы біршама толық айтылды. Болып жатқан қиындықтарды ескерсек, оның қабылдануы үлкен жетістік саналады. Басты қиындық – қала Ресейдің юрисдикциясына қарайды және оны мемлекет аралық деңгейде келісу қажет.

Форумға қатысушылар бас жоспардың советтік жоспарлау экономикасының мұрасы екенін мойындаса да, оның қажет екенін айтады. Сөйлеушілер Қазақстанның қала құрылысшылары кездесетін түрлі қиындықтар туралы баяндады.

Бас жоспар қабылданса да, билік институттары бекітсе де, іс жүзінде нашар орындалатыны, заңдық күші жоқ екені айтылды. Қазақстаннан айырмасы Беларусьте бас жоспардың заңдық күші бар, Минскіде орындалуы тиіс бас жоспарды мемлекет басшысы бекітеді. Бұл туралы форумда «Минскградо» УП бас архитекторы – Беларусь елінен келген қонақ Александр Акентьев айтты.

Қазақстанның 14-қала құрылысы форумына қатысушылар. Алматы, 6 желтоқсан 2016 жыл.
Қазақстанның 14-қала құрылысы форумына қатысушылар. Алматы, 6 желтоқсан 2016 жыл.

Бас жоспарды әзірлеушілер кездескен тағы бірқатар қиындықтар туралы «Казгипроград-1 жобалау институты» директоры Валентина Баркова айтып берді. Оның сөзінше, Қазақстанда жер жетерлік, бірақ кез келген қалада жұмысты бастасаң, қиындыққа тап боласың.

Қазір жасалып жатқан кез келген бас жоспар – бұрынғыны түзету. Бірақ архитектура туралы заңнамада «бас жоспарды түзету» деген түсінік жоқ, - дейді ол.

Жобалаушылардың айтуынша, тағы бір мәселе – нарықтық қатынасқа жылдам өтудің кесірінен қиындық туып тұр, адамдар жер телімдерін оңды-солды бөліп алған. Енді бас жоспарды әзірлеушілер сол телімдерді заңдастыруы керек екен. Бірақ керісінше: алдымен бас жоспар, содан соң телімді бөлу болғаны дұрыс еді.

Осы мәселелерді талқылаған кезде өзін кәсіпкер деп таныстырған қатысушылардың бірі қала салушылардың ұстанымын масқара деп атады. Оның айтуынша, телімдердің иесі өз шаршы метрлерін қоғамдық кеңістікке беруге тиіс болыпты.

Мысал ретінде ол Алматыдағы Оспанов атындағы «пафостық» көшені атады, ол жерде зәулім үйлер салынған, бірақ жаяу жүргінші жолы, жауын өтетін кәріз жүйесі жоқ. Ол қала шетінде апатты «шанхайлықтардың» пайда болуына жерді «басып алушылардың» айтқанына жүріп, айдауына көнетін кәсіби қала салушылар айыпты деді.

Оған жауап ретінде қала салушылар «аталған телімдерде тірі адамдар тұрады», мәселені қалай шешуге болады деп қарсы сұрақ қойды. Мысалы, Атырау қаласында бес жылда жеке тұрғын үй құрылысы үшін 25 мың жер телімі бөлінген.

Мақаланы орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG