Accessibility links

Алматы облысында ардагерлерге ақша жетпей жатыр


Соғыс ардагері Мифтах Абузаров пен жұбайы Раиса Курмаева. Лепсі ауылы, Алматы облысы. 28 шілде 2015 жыл.
Соғыс ардагері Мифтах Абузаров пен жұбайы Раиса Курмаева. Лепсі ауылы, Алматы облысы. 28 шілде 2015 жыл.

Алматы облысында тұратын екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында берілген уәденің орындалуын талап етеді.

АРМАН БОЛҒАН АУЫЗ СУ

92 жастағы Мифтах Абузаровтың 80 жастағы кемпірі Раиса Курмаеваға күні қарап қалған. Қарияның жүріп-тұруы қиындаған, көзі нашар көреді, соңғы кездері есте сақтау қабілеті де нашарлай бастаған дейді кемпірі. Олардың бар арманы – үйлеріне су құбырын тартқызу.

– Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында үйге аудандық әкімшіліктен бастықтар келіп, Мифтах Ибрагимовичке автокөлік береміз деп кеткен. Аудан орталығы – Үшаралға өздеріңіз келіп, көлікті алып кетесіздер деген. Мұны көршілер естіп, бәрі көрімдік әкеле бастады. Оларға дастарқан жайып бердік. Мерейтой жақындағанда көлікті бермейтінін естідік. Оның орнына шенеуніктер үйді жөндеп, ішіне су тартып береміз деп уәде еткен, — деді Азаттыққа берген сұхбатында Раиса Курмаева.

Қыс мезгілінде көшеде су әкеле жатқан бала. Алматы облысы. (Көрнекі сурет)
Қыс мезгілінде көшеде су әкеле жатқан бала. Алматы облысы. (Көрнекі сурет)

Лепсі ауылына 1967 жылы тартылған су құбыры қазіргі күні тозығы жетіп шіріп, іске жарамай қалған. Тұрғындар ауылдағы су келіп тұрған екі құдықтан су тасып ішеді, олардың ең жақын дегені ардагер Мифтах Абузаровтың үйінен бір километр жерде. Суды қашық жерден тасуға жағдайы келмеген соң Раиса әжей көршілерден көмек сұрайды екен.

– Үшаралдан әкім әйел келді, «үйді жөндеткіземін, су тартқызамын» деп уәде берді. Онысын өз құлағыммен естідім. Қарттарға жаным ашиды, сондықтан қол ұшын беріп тұрамын. Күнара бір фляг су әкеліп беремін. Қыста су тасу қиын, себебі жол жоқ, – дейді қариялардың көршісі Наталья Ечина.

Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Салтанат Меңлібаеваның айтуына қарағанда, ауданда қазір бар-жоғы жеті соғыс ардагері қалған. Әкімшілік олардың барлығына Жеңіс күні қарсаңында автокөлік сыйлауға уәде берген, бірақ қаржы тапшылығына байланысты бұл идеядан бас тартуға тура келген.

– Бюджетте қаржы жоқ екенін түсіндіріп, ардагерлерден кешірім сұрағанбыз. Ал үйді жөндеу, су құбырын тарту туралы мүлде сөз болған емес, – дейді Салтанат Меңлібаева.

«ДЕМЕУШІГЕ СЕНІП ҚАЛДЫҚ»

Майданда от пен оқты көрген Мифтах ақсақал үйіне су кіргізілгенін армандап отырса, Талғар қаласында тұратын соғыс ардагері Мария Русакова баспанаға зәру. Жергілікті шенеуніктер биылғы Жеңіс күні қарсаңында оның ескі күйін құлатып тастаған. Бірақ, содан бері оған әлі жаңа үй тұрғызылмаған. Зейнеткер облыс әкімі Амандық Баталовтың атына арыз да жазыпты.

Енді қайда тұруым керек? Далада жатуым керек пе? Соғыстың барлық тауқыметін тартып келіп, 91 жасымда үйсіз қалдым.
Мария Русакованың облыс әкіміне хатынан.

«Мен, Русакова Мария Анисимовна, Ұлы Отан соғысының ардагерімін. Көптеген әскери наградаларым бар. Үйім құлағалы тұрғандықтан, Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында маған жаңа үй тұрғызамыз деп уәде берген еді. Ескі үйімді құлатып, жаңа үйдің іргетасын құйып, қабырғасын қалады да, құрылыс тоқтап қалды. Талғар қалалық әкімшілігіне арызданған едім, ондағылар «қаржыландыру тоқтап қалғандықтан, құрылысты жалғастыра алмай отырмыз» деп жауап берді. Енді қайда тұруым керек? Далада жатуым керек пе? Соғыстың барлық тауқыметін тартып келіп, 91 жасымда үйсіз қалдым. Соғыс ардагерлерін осылай қорлауға бола ма? Менің жайымды сіз түсінеді деп үміттенемін» деп жазған соғыс ардагері әйел.

Азаттыққа берген сұхбатында Талғар қаласының әкімі Дәулет Батталғазиев зейнеткерді тезірек жаңа үйіне кіргізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз деп сендіруге тырысты.

– Бұл үйді демеушілердің ақшасымен салып жатқан едік. Олар қаржы жағынан қиындықтарға тап болып, осылай кідіріп қалдық. Қазір шатырын жауып жатырмыз, терезе, есіктерге тапсырыс беріп қойдық. Әжей әзірге Алматыдағы қызының қолында тұрып жатыр, – деді әкім.

XS
SM
MD
LG