Accessibility links

Заңсыз құм қазу кесірінен Талғардың жағасын су шайып барады


Талғар өзені жағасынан заңсыз құм қазушылар. (Алматы облысы табиғат қорғау прокуратурсы берген сурет).
Талғар өзені жағасынан заңсыз құм қазушылар. (Алматы облысы табиғат қорғау прокуратурсы берген сурет).

Алматы облысы тұрғындары Талғар өзені арнасынан құмды заңсыз қазу әрекетіне алаңдайды. Ресми дерекке қарағанда, мұндай кәсіппен айналысу үшін бес компания ғана келісім-шарт жасасқан.

АЗАМАТТАР ШАҒЫМЫ

Жаңашар ауылдық окруында тұратын 70 жастағы зейнеткер Осип Левицкий 2004 жылдан бері Талғар өзені аңғарынан қиыршық тас, құм және балшық сазды заңсыз қазып әкетіп жатқан адамдардың үстінен құзырлы мекемелердің бәріне шағым жазып келе жатқанын айтады. Ол «кейбір тұстарының жағалауын су шайып әкетіп, жыл сайын арнасы ауысатын өзенге обал» дейді.

Зейнеткер Осип Левицкий. Алматы облысы, 4 қыркүйек 2015 жыл.
Зейнеткер Осип Левицкий. Алматы облысы, 4 қыркүйек 2015 жыл.

– Бұрын бұл жағалаулар мықты болатын, кез келген селге төтеп беретін. Ал қазір бәрін су шайып әкетіп жатыр. Жағалау да жоқ, ағаш та, тас та қалмады, бәрін өзен ағызып әкеткен, – дейді Осип Левицкий.

Жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардың қарадүрсін жұмыс тәсілдеріне қатысты Еңбекшіқазақ ауданындағы элиталық жүгері тұқымын өндіретін ферма басшысы Еркін Шәкеев те наразы.

– Біздің шаруашылықтың іргесінен тас уататын бірнеше зауыт ашылды. Олардың шығаратын өнімі өте көп. Қазір шағыл тас шығаратын тағы бір зауыт ашуды жоспарлап отыр. Бірақ әлгі зауыттардан тарайтын қалың шаңнан жүгерінің элиталық тұқымын өндіру технологиясы бұзылуы мүмкін, – дейді ол.

Есік қаласында тұратын Венера Сәрсенбаева «тас уатқыш зауыттардың кесірінен су сүзу аумағы ұлғайып, өзеннің су деңгейі бес метрге түсіп кетті» деп есептейді.

ШЕНЕУНІКТЕР ЗАҢСЫЗ ҚАЗУШЫЛАРДЫ КІНӘЛАЙДЫ

Аймақтағы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы дерегінше, Талғар өзені жағасынан құм, тас қазу үшін ведомствомен 25 жылға шартқа отырған бес кәсіпорын ғана ресми жұмыс істейді. Басқарма өзге қазушыларды «жер қойнауын заңсыз пайдаланушылар» деп атайды.

Өзен аңғарында көбінесе жұрт «заңсыз қазушылар» деп атап кеткен жандар жұмыс істейді деп ойлаймын. Олар жағаға келеді де, жергілікті тұрғындардың назарына іліккенше екі-үш күн қазып, кейін тайып тұрады. Бірақ оларды аңду – біздің жұмыс емес, құқық қорғау органдарының жұмысы, – дейді кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Мәмбетжанов.

Облыстың табиғатты қорғау прокуратурасы өзен жағасынан табиғи пайдалы заттарды өндірумен айналысатын жеке азаматтар мен заңды тұлғаларды жиі тексеріп тұратынын мәлімдейді. Қадағалау органы жыл басынан бері 258 заң бұзушылықты анықтап, мемлекет пайдасына 2 миллион теңге өндірген.

Алматы облысы табиғатты қорғау прокурорының орынбасары Руслан Босатбек. 4 қыркүйек 2015 жыл.
Алматы облысы табиғатты қорғау прокурорының орынбасары Руслан Босатбек. 4 қыркүйек 2015 жыл.

– Қазір Талғар ауданы Кеңдала ауылдық округында жер қойнауын заңсыз пайдалану фактісі анықталып отыр. Заңды тұлға жер қойнауын рұқсат құжатсыз қазған, – дейді Алматы облысы табиғатты қорғау прокурорының орынбасары Руслан Босатбек.

Апта сайын «Вечерний Талдыкорган» жергілікті газетінде «Қиыршық тас, құм, шағыл тас пен саз балшық жеткізіп береміз» деген 20-ға жуық хабарландыру жарияланады. Бұл өнімдерді сатушылар тауарды «Темірбетон» компаниясынан алатынын айтады. Кәсіпорын директоры Азаттықтың «Жер қойнауын заңсыз пайдаланатындар компания жұмысына кедергі келтірмей ме?» деген сұрағына жауап бере алмады.

– Бұл менің құзырымдағы мәселе емес, ондай жандарды органдар мен әкімдік аңдып, бақыласын. Біз заң аясында жұмыс істейміз.Олар зиян келтіре ме, жоқ па, бұл жағын қадағалап көрмеппіз, – дейді «Темірбетон» компаниясы директоры Евгений Немытов.

Талғар өзені бастауын Талғар мұздығынан алады. Ұзындығы 117 километр бұл өзен су деңгейі түсіп бара жатқан Қапшағай су қоймасына құяды.

XS
SM
MD
LG