Accessibility links

Жүлденің көбін кәсіби спортшылар қосқан Ресей мен Қазақстан алды


Универсиадағы биатлоншылар. Алматы, 4 ақпан 2017 жыл (сурет универсиаданың ресми сайтынан алынды).

Алматыдағы қысқы универсиадаға Қазақстан мен Ресей негізінен кәсіби спортшыларын қосты. Ал Еуропа, АҚШ және Канададан келген спортшылар оқитын жерлерінде жаттығатындарын, медалі үшін мемлекет сыйақы төлемейтінін айтады.

Универсиада қорытындысы бойынша Қазақстан 11 алтын, 8 күміс, 17 қола медальмен жалпы есепте екінші орын алды. Бірінші орынды 29 алтын, 27 күміс, 15 қола медальмен Ресей иеленді.

Алматыдағы универсиадаға мәнерлеп сырғанаудан Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс медалін алған қазақстандық Денис Тен де қатысты. Жарыс алдында біраз мамандар универсиада Денис Тен сияқты кәсіби спортшының жарысы емес екенін айтып, оның студенттер арасындағы бәсекеге қатысуын сынаған. Бірақ спортшының өзі «универсиадаға қатысып, жанкүйерлеріне жеңіс сыйлағысы келгенін» айтады.

– Универсиада өз қаламда өткен соң қатысқым келді. Биылғы ең басты жарыстарымның бірі. Жүлделерімнің ішінде универсиаданың медалі жоқ. Енді оны қосып қойдым. Жаттығу деп жүріп, «қаржылық есеп» деген пәннен қарыз болып қалдым. Профессор мені кешірер, – деді Тен Азаттық тілшісіне.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің универсиаданың алтын жүлдесін алған сәті. (Сурет авторы - Ізтұрған Алдауев).
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің универсиаданың алтын жүлдесін алған сәті. (Сурет авторы - Ізтұрған Алдауев).

Универсиаданың ресми сайтында Тен қазір Алматыдағы Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде магистратурада оқып жүргені көрсетілген.

УНИВЕРСИАДАҒА КЕЛГЕН КӘСІБИ СПОРТШЫЛАР

Қазақстан атынан Алматыдағы универсиадаға қатысқан спортшылардың көбі – ұлттық құрама мүшелері. Универсиадада Қазақстан құрамасы сапында алтын алған 28 жастағы фристайлшылар Дмитрий Рейхерд пен 23 жастағы Юлия Галышева да Ванкувер және Сочи олимпиадасына қатысқан. Екеуі де 2011 жылғы Азия ойындарының чемпионы. Конькиден әлем кубогының кезеңінде алтын алған 27 жастағы Роман Креч те Алматыдағы универсиадаға келді.

Биатлоннан универсиаданың екі алтынын иеленген Галина Вишневская қазір әлемдік рейтингте 14-орында тұр.

Универсиадада қатысып жатқан Қазақстан ерлер құрамасы сапында Құрлықтық хоккей лигасында ойнайтын “Барыс” командасының екі ойыншысы, Қазақстан чемпионатында ойнайтын “Арлан”, “Сарыарқа”, “Торпедо” командасының мүшелері бар.

Батыс елдерінде әлемдік рейтингте жоғары тұрған спортшылар универсиадаға келмейді.

– Кей посткеңестік елдер, соның ішінде Қазақстан мен Ресей үшін универсиада олимпиададан кейінгі маңызды жарыс деп есептеледі. Кәсіби спортшыларын алып келеді. Бұл елдерде спортшылардың жаттығуын мемлекет қаржыландырады. Ал Канада, АҚШ және Еуропа елдерінің спортшылары универсиадаға келмейді. Себебі олар спортшы ретінде өздері қалыптасады және коммерциялық, ақшалай сыйақы беретін, жарнамаға жол ашатын жарыстарға қатысады. Сондықтан Батыс елдерінде әлемдік рейтингте жоғары тұрған спортшылар универсиадаға келмейді, – дейді спорт журналисі Айдос Рымқұл.

Ресей құрамасы сапында мәнерлеп сырғанаудан 2015 жылғы әлем чемпионы Элизабета Туктамышева бар. Осы спорттан 2016 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері ресейлік Елена Родионова да Алматыдағы универсиадаға қатысты. Шайбалы хоккейден универсиадада чемпион болған Ресей әйелдер құрамасы сапында 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Ангелина Гончаренко, 2016 жылғы әлем чемпионатында үшінші орын алған Элина Митрофанова, Александра Вафина, Людмила Белякова бар. Алматыдағы универсиадада Ресей әйелдер құрамасы финалда Канаданы жеңді.

Канада студенттер құрамасын жарысқа алып келген жаттықтырушы Рэйчел Флэнаган Ресей құрамасының бұл жарысқа кәсіпқой спортшыларын әкелгенін білетінін айтты.

Алматыдағы қысқы универсиаданың көрермендері (Сурет авторы - Ізтұрған Алдауев).
Алматыдағы қысқы универсиаданың көрермендері (Сурет авторы - Ізтұрған Алдауев).

– Менің хоккейшілерімнің барлығы – Канада университеттерінде оқитын студенттер. Кәсіпқой командаларда ойнамайды. Алматыға да өз ақшаларымен келді. Бірақ университетте дайындалу, спортпен айналысу, мұз айдыны – тегін. Елге барған соң оқуларын жалғастырады, – дейді ол.

Сочи қысқы олимпиадасында 10 алтын алған Канада Алматыдағы универсиадада тек бір күміс, бір қола алды.

“СПОРТ КЛУБТАРЫНЫҢ МҮШЕСІ ЕМЕС”

Хоккейден АҚШ студент қыздар құрамасының бас бапкері Шелли Луни Азаттық тілшісіне ойыншыларының барлығы студенттер екенін айтты.

– АҚШ университеттерінен жиналған. Спорт клубтарының мүшесі емес. Америка чемпионатында ойнамайды. Алматыға келер алдында бес рет қана бірге жаттығу жасадық, – деді ол.

Сочи олимпиадасында конькиден кәсіби спортшылары сегіз алтын алған Голландияның студент конькишілері Алматыда екі күміс, бір қоламен шектелді. Алматыға келген 19 жастағы голландиялық конькиші Дион Воскамп:

– Университетте ғана жаттығамын. Ара-тұра Голландия чемпионатына қатысып тұрамын. Әлем кубогына қатысып көрмедім, – деді.

Азаттық тілшісі Батыс елдерінен келген студент спортшылар туралы ақпараттарды халықаралық спорт федерацияларының сайттары мен осыған дейін өткен жарыстар туралы мәліметтер арасынан іздестіріп көрді. Алайда универсиадаға келген студент атлеттердің көпшілігі туралы ресми деректер табу мүмкін болмады. Олардың көбінің әлемдік спорт хроникасына әлі ілікпегені анықталды.

Алматыдағы универсиаданың ашылу салтанатынан көрініс. 29 қаңтар 2017 жыл.
Алматыдағы универсиаданың ашылу салтанатынан көрініс. 29 қаңтар 2017 жыл.

Ал шайбалы хоккейден Ресей әйелдер құрамасының бас бапкері Сергей Сейрановтың пайымдауынша, универсиада сияқты әлемдік жарысқа халықаралық ірі жарыстарға қатысып ысылған кәсіби спортшылардың қатысуының еш айыбы жоқ.

– Сонда универсиадаға кім қатысуы керек? Сенбі-жексенбі ғана спорт залға баратын студенттер қатысуы керек пе? Бұл – бүкіләлемдік универсиада, деңгейі жоғары жарыс. Кәсіби спортпен бірге университетте оқып жүргендер бар. Біз ешқандай заң бұзған жоқпыз, – дейді ресейлік маман.

Ал универсиада аяқталған күні Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев жарыста медаль алған қазақстандық спортшыларды қабылдап, «нәтиже жоғары» деп бағалады.

"Қазақстан құрамасының 36 медалі – сіздердің еңбектеріңіздің, жаттығуларыңыздың жемісі. Сіздерді осы жеңіске әкелген бапкерлерге, мамандарға да алғыс айтамыз. Қазақстан жалпы есепте Оңтүстік Корея, Қытай сияқты елдердің алдында болды" деді ол.

Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) ережесіне сай, универсиадаға 17-28 жас арасындағы спортшылар қатысады. Спортшылар университетте бакалавр немесе магистратурада оқуы тиіс немесе бір жыл бұрын диплом алуы керек.

“ОҚЫТУШЫЛАРЫМЫЗ ҚАРСЫ АЛАДЫ”

Қазақстан үкіметінің шешімімен Алматыдағы универсиадада алтын алған спортшыға – 15 мың доллар, күміс жүлдегерге – 10 мың доллар, қола медаль иегеріне 5 мың доллар сыйақы тағайындалған.

Ал басқа елдің спортшылары мен бапкерлері универсиададағы жеңісі үшін сыйақы берілмейтінін айтады. Мәселен Алматы универсиадасында шорт-тректен алтын алған қытайлық атлет Жанг Изе: “Бізде сыйақы жоқ. Тек университеттегі оқытушыларымыз қарсы алып, құрмет көрсетеді” деді.

Шорт-тректен Оңтүстік Корея құрамасы сапында универсиада чемпионы атанған Парк Джи Вон: “Бізге медаль үшін бір рет стипендиямызға қосымша ақша қосады” дейді.

Шайбалы хоккейден АҚШ құрамасын Алматыға әкелген бапкер Шелли Луни де Азаттық тілшісіне “универсиада медалі үшін мемлекеттен сыйақы болмайтынын” айтты.

Шайбалы хоккейден Канада әйелдер құрамасының бапкері Рэйчел Флэнаганның айтуынша, “Канада спортшыларға универсиадаға қатысу үшін арнайы киім ғана береді” .

Шайбалы хоккейден Ресей әйелдер құрамасының бас бапкері Сергей Сейранов: “Бізде сыйақы жоқ. Болмаған да. Елге оралған соң жеңімпаздар мен жүлдегерлерді президент қабылдап, алғыс хат тапсырады” дейді.

Алматыдағы универсиаданың ашылу салтанатынан көрініс. 29 қаңтар 2017 жыл.
Алматыдағы универсиаданың ашылу салтанатынан көрініс. 29 қаңтар 2017 жыл.

Кейбір сарапшылар «халықаралық спорт шараларын ұйымдастырған авторитарлық елдердің ол шараны әлем алдында өзін жарнамалау мүмкіндігі деп қарастыратынын» айтады. Ресей, Қытай, Қазақстан сияқты елдер мұндай жарыстарға қомақты қаржы бөліп, ондағы жеңістерді шетелдіктер мен жергілікті жұртқа елдің дамып жатуының бір айғағы ретінде көрсетуге тырысады.

Алматы универсиадасы қаңтардың 29-ы мен ақпанның 8-і аралығында өтті. Келесі қысқы универсиада 2019 жылы Ресейдің Красноярск қаласында өтеді.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG