Accessibility links

Универсиадада "туристер легі" байқалмайды


"Алматы Арена" арена стадионында 28-ші қысқы универсиада ойындарын көріп отырған адамдар. Алматы, 2 ақпан 2017 жыл.
"Алматы Арена" арена стадионында 28-ші қысқы универсиада ойындарын көріп отырған адамдар. Алматы, 2 ақпан 2017 жыл.

Универсиада ұйымдастырушылары "Алматыға 30 мыңдай турист келеді" деп уәде еткен. ҰҚК шекара қызметінің дерегінше, дүниежүзілік қысқы спорт ойындары басталғалы бері 66 елден 2100 адам келген.

ХОСТЕЛДЕР МЕН МЕЙРАМХАНАЛАР

Қазір Алматы қаласы көшелерінен туристерден гөрі ашық жасыл түсті күрте киген Универсиада волонтерлерін көбірек кездестіруге болады. Меймандардың жоғы Алматы хостелдерінен де байқалады. Хостелдер иелері Азаттыққа "Универсиададан көп үміт күтіп едік, бірақ спорттық жиын ашылған күннен бері келген қонақ жоқ" дейді.

Бес жыл бұрын ашылған "7476" хостелі Алматының тарихи орталығында орналасқан. Жанында бірнеше кинотеатр, опера және балет театры, скверлер мен саябақтар, сәнді мейрамхана, кафелер бар. Бұл хостелге орналасқан туристерге Алматы туристік буклеттерде бейнеленген қырынан көрінер еді.

"7476" хостелінің бос тұрған бөлмелері. Алматы, 31 қаңтар 2017 жыл.
"7476" хостелінің бос тұрған бөлмелері. Алматы, 31 қаңтар 2017 жыл.

Хостел басқарушысы Александр Назаров бос тұрған нөмірлерді, ас бөлмесін, жуынатын бөлмелер мен әжетхананы көрсетті. Хостелді күрделі жөндеуден өткізіп, ғимараттың алдыңғы жағын әкімдік берген Универсиаданың жарнамалық плакаттарымен безендірген. Александр Назаров Азаттыққа хостел мұнша шығынды әкімдіктің Recommended by Universiade бағдарламасына қатысу үшін жұмсағанын айтады. Ол бағдарламаның мақсаты - Универсиада қонақтарына қызмет көрсететін үздік қонақүй, хостел, мейрамхана, кафелерді конкурс негізінде іріктеу болатын.

- Қала қонақтарына қызмет көрсету құқығын жеңіп алу үшін біздің хостел алты ай бойы әкімдік бағдарламасына қатысты. Әкімдік қаладағы хостел қожайындарына техникалық қызмет көрсететін 300 адамды орналастырамыз деп уәде еткен. Хостелді Еуропа стандарттарына сәйкестендіру үшін комиссиялар келіп, кеңес берді. Біз оларды орындадық, ал бөлмелер қаңырап бос тұр, - дейді Александр Назаров.

Recommended by Universiade әріптестік бағдарламасы Универсиада-2017 қарсаңында туристік өнімдер мен сервис сапасын жақсарту мақсатында 2016 жылғы қарашада іске қосылған. Азаттықтың сауалына Алматы әкімдігі баспасөз қызметінен келген жауапқа қарағанда, қонақүй бизнесі мен қоғамдық тамақтандыру орындарын арнайы комиссиялар жоспарлы түрде тексерген. Қонақүй, хостел, мейрамхана, кафелерді балл беру арқылы бағалаған. Жоғары көрсеткіш иелеріне "Универсиада әріптесі" деген арнайы сертификат тапсырылған.

Туристік бизнеспен айналысатын кәсіпкерлердің көбі "туристер қаптайды" деген үмітпен көп ақша жұмсағанын айтады. "Алматыцентр" хостелі директоры Райхан Белялованың сөзінше, бизнестің бұл түрімен айналысатындар бір-бірімен жақын араласады. "Жаңалықтармен бөлісіп отыратын ортақ чатымыз бар. Универсиадаға туристер өте аз келгенін жұрттың бәрі жазып жатыр. Келіп жатқан қонақ жоқ" дейді ол Азаттыққа.

Қаланың тарихи орталығында орналасқан "Алматы" және "Қазақстан" қонақүйлері - орташа баға ұстанатын мейманханалар. Екеуі қала қонақтарын жайғастырумен айналысатын турфирмалар тізімінің бас жағында тұр. "Алматы" қонақүйінің маркетингтік коммуникациялар менеджері Дамир Бекмұхаметов Азаттыққа "біздің қонақүйде Универсиадаға келген туристер жоқ" дейді. "Қазақстан" қонақүйінің Мәдина есімді менеджері Азаттық редакциясына "бұл - құпия ақпарат, сондықтан оны алу үшін директордың атына ресми хат жазыңыздар, оны бірнеше күн ішінде қараймыз" деп жауап берді.

"Пруссия" мейрамханасы жанындағы универсиада плакаты мен серіктестік туралы сертификат. Алматы, 31 қаңтар 2017 жыл.
"Пруссия" мейрамханасы жанындағы универсиада плакаты мен серіктестік туралы сертификат. Алматы, 31 қаңтар 2017 жыл.

Қаланың қоғамдық тамақтану орындарында да осыған ұқсас жағдай байқалады. Немістің ұлттық тағамдарын әзірлейтін "Пруссия" мейрамханасы орталықтағы жұрт арасында "қаржы-кәуап кварталы" аталып кеткен жерде орналасқан. Маңайында түрлі банктердің өкілдіктері мен кәуап пісіретін орындар көп. Мейрамханаға келушілердің көбі - банк қызметшілері, сапалы сыра мен дәмді тамақ іздеп келетіндер. "Пруссия" қызметкері Болат Оразбақовтың Азаттыққа айтуынша, комиссия шешімімен "Универсиада әріптесі" сертификатын алған мейрамханаға әзірше спортшылар да, туристер де келмеген.

"БОС СЕКТОРЛАР" ЖҰМБАҒЫ

Жарыстар кезінде трибуналардың жартылай бос тұрғанын көріп, туристер онша көп келмегенін алматылықтардың көбі байқаған. Бірақ ақпарат құралдарында "бос секторлар" сырын "алыпсатарлардың жылпостығымен" байланысты деп түсіндіреді.

Универсиада дирекциясы өкілдері мұның сырын Азаттыққа "ауа-райының құбылуына байланысты билет сатып алған адамдардың жоспары өзгерген әрі орындардың бір бөлігі халықаралық студенттік спорт федерациясы (FISU) өкілдері үшін қалдырылған" деп түсіндірді.

- FISU өкілдері кей шараларға жарыстарға қатыспайды, сондықтан көрермендер жарыстарда кей секторлардың бос тұрғанын байқаған шығар, - делінген дирекцияның жазбаша жауабында.

"Алматы Арена" стадионында 28-ші қысқы универсиада ойындарын тамашалап отырған көрермен. 2 ақпан 2017 жыл.
"Алматы Арена" стадионында 28-ші қысқы универсиада ойындарын тамашалап отырған көрермен. 2 ақпан 2017 жыл.

Азаттық тілшісі Республика сарайы алдында ұйымдастырылған жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысты. Территорияның айналасындағы қоршау бойымен үстіне Универсиада символдары бейнеленген ақ түсті жамылғы киген полицейлер кезекшілік атқарып жүр. Алаңға мұқият тексеруден өткеннен кейін ғана кіруге болады. Тексерушілер жұрттан әуелі қалтасындағы темір заттарды, ұялы телефонын шығаруын өтініп, содан кейін тексеріп жатты. Дыбыс күшейткіш құралдардан даңғырлаған музыка естіледі. Шараны жүргізушілер сахна алдына жиналған бір топ адамның делебесін қоздыруға тырысып жатты.

Украиналық режиссер Андрей Еремин Азаттық тілшісімен әңгімеде Алматыға өзін Medal Plaza концерттік бағдарламасын өткізіп беру үшін шақырғанын айтты. Мұнда Универсиада аясында жоспарланған қысқы спорт түрлерінен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі тәрізді протоколдық және мәдени шаралар өтеді.

Универсиада жүлдегерлерін марапаттау рәсімі. Республика сарайы маңы, Алматы, 1 ақпан 2017 жыл.
Универсиада жүлдегерлерін марапаттау рәсімі. Республика сарайы маңы, Алматы, 1 ақпан 2017 жыл.

"Біраздан кейін жұрт қарасы көбейеді, сондықтан жұртты тарту үшін мына концерттік алаңды ұйымдастырдық, олар жарыс біткеннен кейін осында келеді" дейді ол.

Ертеректе Алматы әкімдігі 28-ші қысқы Универсиадаға екі мыңға жуық спортшы студент пен 30 мың қазақстандық және шетелдік турист келеді деген ақпарат жариялаған. Спорт форумын өткізу кезінде кептеліс болмау үшін қаңтардың 29-ы мен ақпанның 8-і күндері Алматыдағы тоғыз сауда нысаны уақытша жабылатыны туралы алдын ала хабарланған. Олардың арасында зат сататын және азық-түлік базарлары мен ірі дүкендер бар. Бұған қоса, қалаға ескі көліктердің кіруіне шектеу қойылған.

XS
SM
MD
LG