Accessibility links

Универсиада және Алматыдағы постсоветтік әбігерлік


Алматы көшесіндегі көлік кептелісі. 6 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Алматы қаласы билігі дүниежүзілік 28-ші қысқы универсиада кезінде "ескі көліктердің" кіруін шектеуге дейінгі шұғыл шараларға қамданып жатыр. Былтыр Рио-де-Жанейродағы жазғы олимпиада кезінде мұндай шектеу болмаған.

Алматы қаласы билігі дүниежүзілік 28-қысқы универсиада кезінде «ескі көліктердің» кіруін шектеуге дейінгі шұғыл шараларға қамданып жатыр. Былтыр Рио-де-Жанейродағы жазғы олимпиада кезінде мұндай шектеу болмаған.

Азаттық сауалына Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі үлкен спорт форумын өткізу кезінде кептеліс болмау үшін тоғыз сауда нысаны жабылатынын айтты. Олардың ішінде зат сататын және азық-түлік базарлары мен ірі дүкендер бар.

Қаңтардың 29-ынан ақпанның 8-іне дейін Алматыға «техникалық, санитарлық және экологиялық нормаларға сай емес көліктердің кіруіне шектеу қойылады, ал мектеп оқушыларына қосымша каникул беріледі». Қаңтардың 17-сі күні Астанада өткен үкімет отырысында Бауыржан Байбек мұндай шаралар «көшедегі көлік жүрісін 30 пайызға азайтады әрі студенттердің спорт ойындары мен көптеген мәдени шараларды ата-аналар мен оқушылардың тамашалауына мүмкіндік береді» деп мәлімдеді.

ВИДЕО: Универсиада ескі көлік иелерін уайымға салды

Үкімет отырысында қала әкімі Алматыда жедел әрекет ету штабы ашылғанын айтты.

- Сауалдарға жауап беретін арнайы орталық тәулік бойы жұмыс істеп тұр. ІІМ, ұлттық гвардия, қорғаныс министрлігінің жеті мың қызметкері қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Қар қалың жауған жағдайда ұйымдастырылуы тиіс шаралар реті пысықталды. 53 бригада, 200 техника мен 375 жұмысшы тәулік бойы кезекшілік атқарады. Нысандарды электр жарығымен қамтудың қосымша көздері пысықталды. Универсиаданы өткізуге қаланың қызмет көрсету орындары түгел жұмылдырылды, - деп есеп берді Бауыржан Байбек үкімет жиынында.

Ресейлік спорт фототілшісі Сергей Киврин Азаттыққа комментариінде 2013 жылы Қазанда өткен жазғы универсиаданы мысалға келтіріп, Алматыдағы әбігерліктің мәні жоқ деп санайтынын айтты. Оның пікірінше, постсоветтік елдер ғана универсиадаға жанталаса дайындалып, орынсыз талаптар қойып, артық үміт күтеді.

- Универсиада – олимпиада емес қой, деңгейі олимпиадаға тіпті жуықтай да алмайтын ойын. Оны әлдебір үлкен жарысқа балайтын Ресей ғана бетке ұстар құрамасын апарып, алтын медальдың бәрін жеңіп алады, ал қалған әлем оған студенттер арасында өтетін жарыс ретінде қарайды. Оған көбінесе студенттер келеді, аты шыққан спортшылар аз қатысады. Бұл студенттердің жүйелі түрде өтіп тұратын «тусовкасы». Тек бізде ғана оны өткізу жөнсіз қымбатқа түседі, ал өзге елдерде көп шығынданбайды, қарапайым өтеді, - дейді Сергей Киврин.

Алматыда өтетін қысқы универсиадаға арнап салынған ғимараттар.
Алматыда өтетін қысқы универсиадаға арнап салынған ғимараттар.

Ресейлік журналистің сөзінше, көрермендер де универсиада ойындарына онша құлшынып қызықпайды. Мысалы, Қазан қаласында трибуналарды толтыру үшін «мектеп оқушылары мен студенттерді» апарған. 2014 жылы Сочиде өткен қысқы олимпиада кезінде де осындай жағдай болған. Шетелдік туристер мүлде аз барған. «Бос трибуналарды толтыру үшін Краснодардан жанкүйерлерді автобуспен әкелген болатын» дейді Сергей Киврин.

Оның сөзінше, былтыр жазғы олимпиада кезінде белгілі бір сақтық шараларын қарастыру қажет болғанымен, Бразилияда көлік жүрісін шектемеген, сондықтан жолға 40 минуттың орнына екі сағат кеткен. Соның кесірінен жұрт кешігіп, көп машақат көрген. Сочидегі олимпиада ойындары кезінде де теракт қаупі болған, бірақ қауіпсіздік қызметі мүлтіксіз жұмыс істеген. Қауіпсіздік қызметі көзге шалынбай, елеусіз жұмыс істеген, бірақ жұрт олар бәрін қалтқысыз бақылап отырғанын түсінген. «Ең бастысы, не нәрсені болсын, таразылап барып жасау керек» дейді ол.

Қала әкімшілігі Алматыда ерекше сақтық шараларын неліктен күшейтіп жатқанын түсінетінін, бірақ құқық қорғау органдары көп дүниені тәртіпті қамтамасыз ету үшін емес, «сырт көз үшін жасайды» деген Сергей Киврин Қазандағы универсиаданы мысалға келтіреді. Оның пікірінше, бұған қоса, Қазанда мұндай ірі оқиғалар сирек өтетін болғандықтан, ашылу рәсімі сән-салтанатпен өткізілген. Азаттыққа комментарийінде ол Қазақстан да «ашылу рәсімі жұпыны өтпеу үшін тырысып, елді жақсы жағынан көрсету үшін универсиаданы өткізуге бюджеттен қомақты қаржы бөлген шығар» деп топшылайды. Бірақ Ресей тәрізді Қазақстан да «өзгелерден олқы көрінбеуге» тыраштанады. Ресейлік фототілші Сергей Киврин «алтын медаль жеңіп алу немесе универсиада өткізу елде адамша өмір сүруге жағдай жасаудан әлдеқайда оңай ғой» деп түйіндейді.

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы.
Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы.

Батыс елдері универсиаданы ынсапты деңгейде өткізетінін Азаттыққа берген комментариінде спорт тақырыбына жазатын ардагер журналист Несіп Жүнісбаев та растайды. Бірақ ол универсиаданы олимпиада, Азиада ойындары, әлем чемпионаттары сынды ірі жарыстар санатына жатқызады.

- Универсиаданы Қазақстан ойлап тапқан жоқ. Ақыры мұндай ойын бар екен, ал оны өткізу құқығын Алматы жеңіп алған екен, ел оны жоғары деңгейде өткізуі тиіс, - дейді Несіп Жүнісбаев.

Азаттық сауалына дүниежүзілік 28-қысқы универсиаданың баспасөз орталығы «универсиада ауқымындағы шараларды халықаралық тәжірибені ескермей өткізу мүмкін емес» деп жауап берді.

- Бүкіл әлемде студенттік ойындар FISU – халықаралық студенттік спорт федерациясы қолдауымен өтеді, сондықтан бұл шараға дайындық кезінде сол ұйым бекіткен талаптар мен ережелер міндетті түрде ескерілді, - делінген универсиада баспасөз қызметінің хатында.

Алматыда өтетін дүниежүзілік 28-қысқы универсиада бағдарламасына спорттың 12 түрі енген. Ресми дерекке сәйкес, оған екі мыңға жуық спортшы студент пен 30 мың қазақстандық және шетелдік турист келеді деп жоспарланған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG