Accessibility links

Жанболат Мамай «ешкім нұсқау бермегенін» айтты


Жанболат Мамай сотта соңғы сөзін айтып тұр. Алматы, 6 қыркүйек 2017 жыл.

«Әблязовтың ұрлаған қаржысының бір бөлігінің ізін газеті арқылы жасырған» деген айыппен істі болған журналиске бүгінгі сотта соңғы сөзін айту мүмкіндігі берілді.

Қыркүйектің 6-сі күні Алматы қаласының Медеу аудандық 2-сотында «Трибуна. Саяси қалам» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Жанболат Мамайға қатысты сот процесі ары қарай жалғасты.

Бүгінгі сот отырысы тек қана Жанболат Мамайдың соңғы сөзімен басталып, сонымен аяқталды. Ол қыркүйектің 4-інде өткен жарыссөзден соң ізінше соңғы сөз сөйлеуге дайын екендігін айтқан, бірақ судья Дәурен Мәукеев рұқсат етпеген.

«ЖАРЫМБЕТОВКЕ РЕНЖІМЕЙМІН»

Жанболат Мамай соңғы сөзінде өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтты. Оның сөзінше, «Трибуна. Саяси қалам» газеті ешкімнің тапсырысын орындаумен шұғылданбаған, тәуелсіз болған».

Жақсылық Жарымбетов ақшалай көмектескені де рас. Бірақ одан алған көмегім заңға қайшы емес болатын.

– Газетте не жазу керектігі туралы ешкім нұсқау бере алған жоқ. Редакция саясатын осы газеттің қызметкерлері мен авторлары ғана анықтады. 2012 жылдан бастап қолға алған жобаны ұйымдастыруға Төлеген Жүкеев көмектесті. Жақсылық Жарымбетов ақшалай көмектескені де рас. Бірақ одан алған көмегім заңға қайшы емес болатын. Жарымбетов азаматтық қоғамды дамыту үшін көмектескісі келді. Мен қазірдің өзінде Жақсылық Жарымбетовке ренжімеймін, – деді ол.

Ол жарыссөз кезінде «БТА банк басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетовтен ақша алғанын, бірақ ол кезде Жарымбетовке қатысты ешқандай сот болмағанын, сондықтан оны қылмыс деп есептемейтінін» айтқан еді.

Жанболат Мамай соңғы сөз кезінде осыған дейін айыптаушы прокурордың жазаны жеңілдету туралы ұсынысын қоғамның ықпалы деп санайтынын айтты.

Қыркүйектің 4-інде өткен жарыссөз кезінде Жанболат Мамайға тағылған айып толық «дәлелденді» деген прокурор: «Жас баласы, кәрі әке-шешесі бар екенін, отбасының жалғыз асыраушысы екенін, бұрын қылмыстық жауапқа тартылмағанын ескере отырып төрт жылға бас бостандығын шектеуді және мүлкін кәмпескелеп, үш жылға дейін журналистік қызметпен шұғылдануға тыйым салуды» сұраған.

Жанболат Мамай бүгінгі сөзінде өзі қамауға алынғалы құқығын қорғап келе жатқан халықаралық құқық қорғау ұйымдарының Қазақстандағы өкілдіктеріне және өзі туралы мәлімет таратқан ақпарат құралдарына алғысын білдірді.

Мамайдың соңғы сөзі біткен соң судья үкім ертең, қыркүйектің 7-сі күні сағат 12-де жарияланатын хабарлап, сот отырысын аяқтады.

ВИДЕО: Жанболат Мамайдың сотынан тікелей трансляция

АЙЫПТАУ

Айыптаушы прокурор жариялаған айыптау актісіне қарағанда, БТА Банктің бұрынғы басшысы әрі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жымқырған қаржысының ізін жасыру мақсатында «2011-2014 жылдары БТА Банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары, сол кезде шетелде болған Жақсылық Жарымбетов арқылы Жанболат Мамаймен байланысқан. Жарымбетов Мамаймен Skype арқылы байланысқан және үшінші адам арқылы 110 мың доллар көлемінде қаржы берген. Мамай қаржыны газет шығаруға жұмсаған».

Жанболат Мамай өзінің Мұхтар Әблязовпен қандай да бір байланысы барын жоққа шығарады және айыптың саяси астары бар дейді.

2009 жылдан бері Еуропада жүрген, биыл маусым айында Алматы соты тарапынан «банктен ақша жымқырды, қылмыстық топ құрды және оны басқарды» деген айыптармен сырттай 20 жылға соттаған Мұхтар Әблязов та бұл айыптауды «абсурд» деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген.

Ал Жақсылық Жарымбетов Жанболат Мамайдың сотында куәлік етіп, журналисті өзіне Мұхтар Әблязовтың сырттай Skype арқылы таныстырғанын, «Мамайға берілетін соманы бастапқыда Әблязовтың өзі айтқанын, бірақ кейінгілерін өзі бергенін» мәлімдеген.

ВИДЕО: Жарымбетов «Мамаймен таныстырған – Әблязов» екенін айтты. 29 тамыз 2017 жыл.

Бірнеше жыл шетелде жүрген Жақсылық Жарымбетов биыл қаңтар айында Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланып, Мұхтар Әблязовтің ісі бойынша шартты мерзімге сотталған еді.

«Трибуна. Саяси қалам» газеті бас редакторының міндетін атқарушы, 28 жастағы Жанболат Мамай 2017 жылы 10 ақпанда сот шешімімен қамалған. Оның соты биыл тамыздың 14-іне басталған.

ВИДЕО: Мамайға қысым хроникасы

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG