Accessibility links

Тарихшы: Қазақстан өткен соғыс туралы тарихнама жасай алған жоқ


"Рейхстагқа ту тігу". (Совет фотографы Халдей түсірген қойылымдық сурет). 1945 жыл.
"Рейхстагқа ту тігу". (Совет фотографы Халдей түсірген қойылымдық сурет). 1945 жыл.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистік Германияның жеңілгеніне биыл 9 мамырда 69 жыл толады. Тарихшының сөзінше, Қазақстан қоғамының бұл соғыс жайлы пікіріне ресейлік БАҚ көп әсер етеді.

Екінші дүниежүзілік соғысқа (1939-1945) бұрынғы СССР құрамында қатысқан өзге елдердің көбі сияқты Қазақстан да жыл сайын мамырдың 9-ын Жеңіс күні ретінде мерекелейді.

Соңғы жылдары бұл соғыстың басталуына нацистік Германия ғана емес сталиндік СССР режимі де жауапты екені айтыла бастады. Совет Одағының құқықтық мирасқоры саналатын Ресей бұл пікірді әрқилы қабылдайды. «Нацистік Германияға қарсы әділетті соғыс жүрді» деп санайтын ресейлік саясаткерлердің ұстанымы «Ресей одақтас республикаларсыз да жеңіске жетер еді» дейтін пікірлерге ұласты. Мұндай пікірді 2010 жылы Ресей президенті Владимир Путин де айтқан еді.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі тұтқындар жайы мен совет-герман қарым-қатынастарын зерттеген тарихшы Гүлжауһар Көкебаева Ресейде әзірше ол соғысты ел билігінің біржақты ұстанымы тұрғысынан баяндайтын ғылыми зерттеулер жариялана қоймағанын айтады.

Азаттық: – Қазақстандық және ресейлік зерттеушілердің еңбектерінде екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты бір-бірін теріске шығаратындай түбегейлі алшақтықтар бар ма?

Гүлжауһар Көкебаева: – Қазақстанда екінші дүниежүзілік соғыс тарихын жан-жақты зерттейтін ғалымдар санаулы-ақ. Көбі Ұлы Отан соғысына (Германия мен СССР арасында 1941-1945 жылдары болған соғысқа – ред.) Қазақстанның қосқан үлесі туралы деректерді зерттеуден аса алмайды. Бұл деректерді онсыз
Тарихшы Гүлжауһар Көкебаева. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.
Тарихшы Гүлжауһар Көкебаева. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.
да ешкім терістемейді. Бұл тұрғыдан қазақстандық зерттеушілер мен ресейлік зерттеушілерде айтарлықтай алшақтық жоқ.

Ал оның шеңберінен шығып, екінші дүниежүзілік соғыс себептерін зерттеу үшін Ресейден өзге Германия, Англия, Франция сияқты басқа да соғысқа қатысқан ірі елдердің архивтеріндегі құжаттармен танысу керек. Бірақ оған тіл білмеушілік те кедергі жасауы мүмкін. Ғалымдар Ресей архивтерінен совет өкіметінің көлеңкелі саясатын ашатын материалдарды толық ала алмайды. Егер архив толық ашылса, Ресейдің Балтық жағалауы, Шығыс Еуропа елдерімен қазіргі қарым-қатынасына нұқсан келуі мүмкін, даулы мәселелерді одан әрі шиеленістіруі ықтимал.

Екінші дүниежүзілік соғысты сол кездегі халықаралық қатынастардан бастап зерттеген тарихшылардың пікірі ресейлік тарихшылар көзқарасымен үйлесе бермейді. Мәселен, екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы совет өкіметінің саясатын, совет-поляк, совет-герман қатынастарын білмей тұрып жалпы соғыс картинасын толық көрсету қиын.

Біз Қазақстанның соғысқа қосқан үлесін ғана зерттеп қоймай, екінші дүниежүзілік соғыс туралы өз тарихнамамызды орнықтыруымыз керек еді – қазір
Нацистік Германия әскерінің қолына тұтқынға түскен совет жауынгерлері. (Көрнекі сурет Қазбек Бейсебаевтың Facebook парақшасынан алынды).
Нацистік Германия әскерінің қолына тұтқынға түскен совет жауынгерлері. (Көрнекі сурет Қазбек Бейсебаевтың Facebook парақшасынан алынды).
ол жоқ. Мәселен, кейбір ресейлік зерттеушілер әлі күнге дейін «Батыс елдері Германияны Совет Одағына айдап салды» деген пікірді ұстанады. Бұл – түпкілікті қате тұжырым екені дәлелденген жайт. Сондай-ақ Совет тұтқындарының көп қырылуына Совет Одағының 1929 жылғы Женева келісіміне қосылмағаны да түрткі болғанына Ресей тарихшылары келісе қоймайды. Поляк офицерлері атылған Катынь оқиғасы жөнінде де Ресей мен Польша арасында әлі күнге түсініспеушілік бар. Егер өз тарихнамамызды қалыптастырмасақ, онда ресейлік тарихшылардың ұстанымына қарап отыра беруіміз мүмкін.

Азаттық: – Соңғы жылдары Қазақстандағы тарихи зерттеулерде «Ұлы Отан соғысы» деген терминнің орнына «Екінші дүниежүзілік соғыс» деген термин қолданылатыны байқалады. Бірақ қоғамдық өмірде «Ұлы Отан соғысы» деген атаудың әлі қолданылуының себебі не?

Гүлжауһар Көкебаева: – «Ұлы Отан соғысы» деген – тек моральдық тұрғыда ғана алынған термин. Оны екінші дүниежүзілік соғыс деп қараушылар да, одан
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан совет әскерінің бірі - қазақ офицері Бауыржан Момышұлы. (Көрнекі сурет)
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан совет әскерінің бірі - қазақ офицері Бауыржан Момышұлы. (Көрнекі сурет)
бөліп қараушылар да бар. Көпшілік зерттеушілер оны екінші дүниежүзілік соғыс ретінде ғана қарастырады. Сондықтан оқулықтарда әрбірінің хронологиясы нақты көрсетілуі тиіс.

Азаттық: – Қазақстан тәуелсіздігін алған соң екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты қоғамдық сана өзгерді ме?

Гүлжауһар Көкебаева: – Тәуелсіздіктен кейінгі тарих оқулықтарында бұрынғыдай совет өкіметін мақтау сарыны тоқтатылып, Батыс елдерінің қосқан үлесі де жазылып жүр. Мысалы, Мәскеу, Сталинград, Курск шайқастарымен қатар Африкадағы, Батыс Еуропадағы шайқастар да оқытылады. Яғни қоғамдық сананы бұрынғы стереотиптерден арылтуға негіз бар.

Бірақ екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты қазақстандық тарихнама жүйеленбеген, сондықтан қоғамдық сананы қалыптастыруға зерттеулерден гөрі күнделікті ақпарат құралдары мен интернеттің әсері көбірек. Ал Қазақстанда орыс тіліндегі, соның ішінде ресейлік ақпарат көбірек ықпалды екені мәлім.

Азаттық: – Сұқбатыңызға рақмет!
XS
SM
MD
LG