Accessibility links

АҚШ-қа үш айға барған Әйгерім - Symantec қызметкері


Әйгерім Сеңгірбаева АҚШ-та жүр. (Сурет жеке мұрағаттан алынды).
Әйгерім Сеңгірбаева АҚШ-та жүр. (Сурет жеке мұрағаттан алынды).

25 жастағы қазақ қызы Әйгерім Сеңгірбаева АҚШ-тағы ақпарат қауіпсіздігі саласындағы ірі компаниялардың бірінде жұмыс істеп жүр.

Павлодар қаласындағы университеттердің бірінде 3-курста оқып жүрген Әйгерім Сеңгірбаева 2011 жылы студенттерге арналған Work and Travel бағдарламасымен үш айға АҚШ-қа барып, сол елде қалып қойған.

- АҚШ-қа 1 мың доллармен бардым. Сан-Францискода бір ай бойы жұмыс іздеп, кафелердің біріне даяшы болып жұмысқа тұрдым. Супермаркетте кассир болып та істедім, – дейді 25 жастағы Әйгерім.

Әйгерім Сеңгірбаеваның АҚШ-тағы жетістігі
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:08 0:00
Жүктеп алу

Ол Қазақстанда ағылшын тілі курсын оқығанымен, АҚШ-тағы алғашқы екі жылында тілден қатты қиындық көргенін айтады.

- Даяшы мен кассир болып жұмыс істеу де тіл үйренуіме көмек болды. Бірақ ағылшын тілін кино көру арқылы үйрендім. Күніне бір-екі фильм көруді мақсат етіп, соны орындап отырдым. Ағылшын тілін жетік білмесем, Америкада маған орын жоқ екенін түсіндім, – дейді қазақ жасы.

Бірақ тілден қиналған Әйгерім АҚШ-тың өмір салтына келгенде ешбір ауыртпалық көрмегенін айтады.

- Себебі мен 11 жасымда Қазақстанға Өзбекстаннан келген оралманмын. Орыс тілін Қазақстанда үйрендім. Басқа елге көшу мен жаңа елге үйрену маған таныс, – дейді ол.

Әйгерім Сеңгірбаева 2014 жылы АҚШ-тағы жастарға арналған Year Up ұйымының білім бағдарламасын ұтып алып, алты ай бойы Сан-Францискода техникалық білім алған. Кейін америкалық компанияларда тәжірибеден өткен қазақ қызы ақпараттық қауіпсіздік және ақпаратты қорғау саласындағы әлемдік ірі компаниялардың бірі Symantec компаниясына жұмысқа тұрған.

- Тәжірибеден өтіп жүргенде ұялмай барлығын сұрадым. Әріптестерім де көмектерін аяған жоқ. Жетістікке жету үшін қателесуден қорықпау керек. Қазір аптасына 40 сағат жұмыс істеймін, тапқаным өмір сүруге жетеді. Өмірде жеңіске жетуге үлкен септігін тигізетін – тіл білу. Өз тілінен бөлек өзге екі-үш тіл білетін адам жақсы жұмыс таба алады, – дейді Әйгерім.

Ол Қазақстанда жүрсе, дәл осындай жетістікке жетіп, техникалық салада жұмыс істей аларына күмәнданады.

- Себебі Қазақстанда техникалық мамандықтарға көбіне ер адамдарды алады. Ал АҚШ-та ер мен әйел адам кез келген жұмысты бірдей істеп кете алады деп біледі, – дейді ол.

2011 жылы кеткеннен бері Қазақстанға келмеген Әйгерім Сеңгірбаева Павлодардағы журналистика мамандығы бойынша 3-курсын аяқтаған оқуын қашықтан оқып бітірген. Қазір жұмысына баса көңіл бөліп жүргенін айтқан жас демалыс алған кезінде Алматы маңындағы Қаскелең қаласында тұратын әке-шешесінің үйіне келіп қайтпақ.

Көріңіз: Year Up ұйымының Әйгерім Сеңгірбаева жайлы сюжеті

XS
SM
MD
LG