Accessibility links

Шалғай ауылдан шыққан әлем чемпионы


Қол күресінен жастар арасындағы әлем чемпионы Кенжеқыз Қаупенованың (сол жақта) жаттығу кезінде түскен суреті. Орал, 17 қыркүйек 2017 жыл.

Батыс Қазақстан облысынан шыққан 20 жастағы Кенжеқыз Қаупенова осы айда Будапеште өткен жастар арасындағы қол күресінен әлем чемпионы болды. Кенжеқыз спорт мектебінде жастарды жаттықтырады.

Кенжеқыз — Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы Базаршолан ауылының тумасы. Бұл облыс орталығынан 276 километр жердегі, Жайықтың бойындағы шағын ауыл. Мұнда 1473 адам тұрады. Кенжеқыздың анасы Гүлнәр Жалмұқанова зейнетке шыққанға дейін жергілікті мектепте информатика пәнінен сабақ берген. Әкесі Әлібек Кәупенов - бақташы.

Әлемнің болашақ чемпионы Кенжеқыз Қаупенова Ғабдолла Махамбетов атындағы орта мектепте оқып, оны 2013 жылы тоғыз сыныптық біліммен бітірген. Мұнан ары Кенжеқыз Жаһанша Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық коллежінің спорт факультетіне түскен. Ол отбасындағы бесінші, яғни аты айтып тұрғандай кенже бала. Жұрт оны Кенже дейді. Кенженің үш ағасы, бір әпкесі бар.

«КІМНЕН КЕММІН ДЕДІМ»

Кенженің айтуынша, 2014 жылы коллеж мұғалімдерінің бірі Қуаныш Құбашев оған қол күресінен оқу орындары арасындағы облыстық жарысқа қатысуды ұсынған. Осы оқиға оның өмірін өзгерткен.

- Жеңіліп қалдым. Тұңғыш рет өзімді кімнен кеммін, неге жеңілдім деп қайрадым. Қуаныш аға маған егер дұрыстап жаттықсаң 4-күрсқа дейін чемпион боласың деді, - деп еске алады Кенже.

Бірнеше ай тыңғылықты жаттығудан кейін Кенже облыс чемпионы болған. Қуаныш Құбашев коллежден кеткенде ол қол күресінен кәсіби жаттықтырушы Мұрат Ибатовтың тобына қосылған.

Кенженің алғашқы ірі жеңісі Павлодарда өткен Қазақстан чемпионатының 3-орыны болған. 2015 жылы Семейде Қаупенова спорт шеберіне қойылатын талаптарды орындаған. Сол жылы ол Таразда өткен Азия кубогінде 2-орын алды. 2016 жылы Ташкентте өткен Азия біріншілігінде 3-орын, ал әлем чемпионатының іріктеу турнирінде 2-орын алды. 2016 жылы Благоевград (Болгария) қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Кенже қола жүлде олжалайды.

Қол күресінен жастар арасындағы әлем чемпионы Кенжеқыз Қаупенованың (ортада) марапаттау рәсімінде түскен суреті. Будапешт, 6 қыркүйек 2017 жыл. (Фотоны бапкері Мұрат Ибатов берді).
Қол күресінен жастар арасындағы әлем чемпионы Кенжеқыз Қаупенованың (ортада) марапаттау рәсімінде түскен суреті. Будапешт, 6 қыркүйек 2017 жыл. (Фотоны бапкері Мұрат Ибатов берді).

2017 жылы Қырғызстанда өткен Азия чемпионатында Қаупенова күміс жүлде алды. Кейінгі жеңісі әлбетте Кенженің спорт жолындағы үлкен белесі іспетті – қыркүйектің 6-сы күні ол Будапешт (Венгрия) қаласында 65 килограмм салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы атанды. Бұл жарысқа 55 елден 1200-ден астам спортшы қатысты. Кенженің салмағында 10 қарсылас болған.

Жартылай финалда Кенже ресейлік екі спортшыны жеңді. Олардың бірі 2015 жылғы әлем чемпионы, екіншісі 2016 әлем чемпионы еді. Финалда Кенже Украинадан келген атлетті жеңді.

- Бұл жерде тек күш емес, шапшаңдық та керек. Ең қиыны – стартта «ұйықтап» қалмау. Бәрі де қас қағым сәтте шешіледі, - дейді Кенже.

Кенжеқыз Қаупенованың бапкері Мұрат Ибатов оны қатаң тәртіпке төзімді адам ретінде сипаттайды.

- Еңбекқор, тез үйренеді. Осы жолғы чемпионат кезінде Кенжеқыз тәсілдерді сауатты қолданып, жеңіп шықты. Енді осы жетістігін қайталайды деп сенеміз, - деді Ибатов.

ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕРДЕГІ ӨМІР

Әлем чемпионы өзінің жеңісін бір жағынан ауылда өскендігінен деп те біледі. Ауыл баласы кішкентайынан еңбекке үйренеді.

- Ауылда өстім. Жұмыс көп. Атам мен әкеме еріп балыққа баратынмын. Қой бақтым, атпен сиыр да бақтым. Атқа мінгенді жақсы көрем. Өзімнің атым болған. Үй шаруасына үнемі көмектестім. Атам Қазеке Қаупенов бақша өсірді, атама да жәрдемдестім. Ағаларым жұмысқа кеткенде үй шаруалары маған қалатын. Ауылда отын бұтау, шөп шабу сияқты жұмыстар жетеді. Ауылда өскендер біледі. Шөп түсіргенде кейбір таныстар аяқ астынан «ауырып қалатын» (күледі), - дейді Кенжеқыз.

Кенже тамақтанудың ерекше режимін сақтамайды. Ол ауылдан келген табиғи тағамдарды жақсы көреді. Кенже қол күресінен бірнеше рет чемпион болған қазақстандық спортшылар Дмитрий Трубин мен Андрей Пушкарьді, украиналық Олег Жохты үлгі тұтады.

Қол күресі олимпиадалық спорт түрі емес. Әлем чемпионатындағы алтын жүлдесі үшін оған мемлекет сыйлық бермейді. Кенжеқыз Қаупеноваға Будапешттегі жеңісі үшін әкім смартфон сыйлаған. Ол Оралда жалдамалы пәтерде тұрады.

Бірақ мен үйге ақша жинаймын. Көлігім де жоқ әзірге. Кезегімен бәрі болады деп ойлаймын.

- Бірақ мен үйге ақша жинаймын. Көлігім де жоқ әзірге. Кезегімен бәрі болады деп ойлаймын. Ағаларым мен туыстарым көмектеседі. Студент кезімде мүлде жұмыс істемедім. Үнемі сабақ пен жаттығуларда жүрдім, - дейді әлем чемпионы.

Кенжеқыз Қаупенова болашақтағы жоспарым «кем дегенде екі рет әлем чемпионы атану» дейді. Ол еңбек сіңірген спор шебері атанғысы келеді. Одан бөлек, кәсіпқойлар арасындағы әлем кубогі – «Алтын турға» қатысуды армандайды.

Қазір Кенже Орал қаласындағы балалар мен жастардың № 4 спорт мектебінде жастарды жаттықтырады. Сабақ арасында Таразда өтетін Азия чемпионатына дайындалып жүр. Жарыс қазан айында өтеді. Келер жылы Кенже Түркияда өтетін әлем чемпионатына қатыспақ.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG