Accessibility links

Заң қаралмай жатып әскерилер пәтерден шығу жайлы ескерту алған


Қазақстандық әскерлер жаттығуда жүр. Алматы маңы, 8 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстандық әскерлер жаттығуда жүр. Алматы маңы, 8 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Қорғаныс министрлігі тұрғын үй мәселелері туралы заң жобасын таныстырды. Бірақ екі ай бұрын Алматыда 100-ден аса әскери қызметші пәтерден шығару жайлы ескерту алған.

Қазақстанның қорғаныс министрлігі әскерилердің баспана мәселелеріне қатысты заң жобасының мән-жайын биылғы көктемде түсіндіре бастаған. Енді 18 қыркүйекте қорғаныс министрінің орынбасары Әбілқайыр Сқақов мәжілісте заң жобасын таныстырды. Заң жобасында баспананы жалға алғаны үшін төленетін өтемақыны баспаналық төлемге ауыстыруды ұсынады. Шұғыл әскери міндетін өтеп жүргендерге, кадеттер мен курсанттарға заң жобасының қатысы жоқ.

«ҮНЕМДІРЕК» МОДЕЛЬ

Заң жобасында 2013 жылғы қаңтардың 1-індегі есеп бойынша қызмет еткен жылдарының саны 10-15 жылға жеткен әскери қызметшілерге 20 жыл қызмет еткеннен кейін баспананы тегін жекешелендіру құқығын қайтару ұсынылған. Әбілқайыр Сқақовтың мәлімдеуінше, бұл норма әскери қызмет мерзімі 10-15 жылды және 15 және одан көп жылды құраған әскери қызметшілер арасындағы айырмашылықты жоюға мүмкіндік береді.

Егер заң қабылданса, қорғаныс министрлігі жекешелендіруге жатпайтын (мысалы, жабық және оқшауланған әскери қалашықтар, шекара бекеттері мен комендатураларда орналасқан) қызметтік баспанамен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге төленуі тиіс баспаналық төлемнің 50 пайызын екінші деңгейлі банктердегі есепшоттарға аударады.

Заң жобасында әскери қызметшілер жұмыстан шыққан кезде баспанамен қамтамасыз етілмейтін кезеңге бір реттік ақшалай төлем беруді ұсынады. Бұған қоса әскери қызметтен кеткен, бірақ жабық әрі оқшау әскери қалашықтарда тұрып жатқан адамдарға жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы төлеуді ұсынады, заң жобасын құрастырған ведомство пікірінше, бұл амал қорғаныс министрлігі, ішкі істер министрлігі, ҰҚК-нің қызметтік баспана қорын басқа әскерилерге босатуға мүмкіндік береді.

Заң жобасында 20 және одан көп жыл қызмет етіп, 2013 жылғы қаңтардың 1-інен 2018 жылғы қаңтардың 1-іне дейін әскери қызметтен кеткен баспанасыз әрі жекешелендіру құқығы орнына өтемақы алмаған әскерилерге ақшалай өтемақы төлеу ұсынылады.

Сондықтан заң жобасында тұрғын үй-құрылыс жинақ салымдары түрінде жиналған баспаналық төлемдерін сақтау мен қорғауды қосымша қарастыру ұсынылды.
Қорғаныс министрінің орынбасары Әбілқайыр Сқақов.

Қорғаныс министрінің орынбасары Әбілқайыр Сқақов заң жобасы әскери қызметшілердің баспана проблемаларын шешудің үнемдірек, бірақ олардың тұрғын үй қатынастары саласындағы қорғалуын әлсіретпейтін, керісінше күшейтетін әрі екінші деңгейлі банктердегі есеп-шоттарында жиналған ақшасын әлдебір көлдеңең қаржы институттарының қол сұғу қатерінен қорғауды күшейтетін модель деп мәлімдейді.

– Сондықтан заң жобасында тұрғын үй-құрылыс жинақ салымдары түрінде жиналған баспаналық төлемдерін сақтау мен қорғауды қосымша қарастыру ұсынылды, – дейді қорғаныс министрінің орынбасары Әбілқайыр Сқақов.

ӘСКЕРИЛЕРДІҢ БАСПАНА ПРОБЛЕМАСЫ

Шілденің басында ішінде запастағы полковник Ерғали Құмар-Бек (олардың ішіндегі жалғыз әскери зейнеткер) те бар жалға алған баспанада тұратын 102 әскери қызметші жалға беруші компаниядан Алматы қаласындағы Ақкент шағын ауданында орналасқан «жалға берілген жылжымалы мүлікті» босату қажеттігін ескерткен хабарлама алған. Жалға беруші – «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» – «жалға алу төлемдерінің қарызы мен мерзімінде төленбегені үшін қосылған өсімақыны, коммуналдық және эксплуатацилық қызмет ақысының қарызын және салық шығындарын осы ескертуді алған (жолданған ) сәттен бастап 30 (отыз) күн ішінде төлеуді» талап етеді.

Мұрсат берілген мерзімде осы талаптарды орындамаған жағдайда компания келісім-шартты бұзу, қарызды төлету және пәтерден шығаруды әрі бүкіл сот шығынын сіздің мойныңызға артуды сұрап, сотқа талап-арызбен жүгінуге мәжбүр болады.
Жалға беруші компанияның Құмар-Бекке жолдаған ескертуі.

Жалға беруші компания дерегінше, 2017 жылғы шілденің 11-індегі есеп бойынша запастағы полковник Ерғали Құмар-Бектің жалға алу келісім-шарты бойынша төлеу мерзімі өтіп кеткен қарызының жалпы сомасы 1,8 миллион теңгеден асқан.

Жалға беруші компания Құмар-Бекке жолдаған ескертуінде: «Мұрсат берілген мерзімде осы талаптарды орындамаған жағдайда компания келісім-шартты бұзу, қарызды төлету және пәтерден шығаруды әрі бүкіл сот шығынын сіздің мойныңызға артуды сұрап, сотқа талап-арызбен жүгінуге мәжбүр болады» деп жазған.

Сол кезден бері екі айдан асты. Жалға беруші әзірше сотқа арызданған жоқ. Бірақ Құмар-Бектің сөзінше, кей әскерилер жағдайды ушықтырғысы келмей пәтерлерден көше бастаған. Ал кейбіреулері «бірдеңесі болар» деп күтіп отыр. Запастағы полковник Ерғали Құмар-Бек мұның себебін қазіргі кезде әскери қызметте жүрген әскерилер бастықтарға бүтіндей тәуелді, сондықтан мына жағдайға қатысты комментарий беруден қорқады деп түсіндіреді.

Құмар-Бек жалға беруші компанияның сотқа арыздануын күтпей азаматтық талап-арызбен сотқа өзі жүгінген, оның сөзінше, арызын Алмалы аудандық сотына жолдаған. Құмар-Бектің айтуынша, оның арызы қазір қолданыстағы заңға негізделген, сондықтан тіпті тұрғын үй мәселелері бойынша жаңа заң қабылданып, ол кезге қарай күшіне енсе де, сот оның арызын әзірше күшінде, бірақ ол кезге қарай «ескіріп» қалуы мүмкін заңға сәйкес қарауы тиіс. Ол талап-арызында соттан жалға берушінің талаптарын заңсыз деп танып, оны отбасы тұрып жатқан баспанада қалдыруды сұрайды.

ҮШІНШІ ТАРАП

Жалға алушы (запастағы поковник Ерғали Құмар-Бек) мен жалға беруші арасындағы таласта баспананы жалға алу туралы келісім-шарт үш жақты жасалғаны әрі оның үшінші тарабы – келісім-шартта жалға алу ақысын төлеуші ретінде көрсетілген қорғаныс министрлігі, нақтырақ айтқанда, оның әскерлерді пәтерлерге орналастырумен айналысатын бас басқармасы (ГУРВ деп аталады) екені анықталды. Ішінде ол кезде әлі әскери қызметте жүрген полковник Құмар-Бек те бар 102 әскери қызметшімен сондай үш жақты келісім-шарт 2014 жылғы қарашаның 25-інде бекітілген.

Жаттығуда жүрген әскерлер. Алматы маңы, 6сәуір 2017 жыл.
Жаттығуда жүрген әскерлер. Алматы маңы, 6сәуір 2017 жыл.

Сондықтан Ерғали Құмар-Бектің талап-арызында төлеуші де көрсетілген, сондықтан қорғаныс министрлігінің тағы бір тарап ретінде сотқа қатысуына тура келеді, өйткені Құмар-Бек соттан пәтерде қалдыруды ғана емес, қорғаныс министрлігін пәтерді жалға алу ақысын бұрынғысынша төлей беруге міндеттеуді де сұрайды.

Жалға беруші компания өкілдерінің мәлімдеуінше, дағдарысты жағдай әскерлерді пәтерлерге орналастырумен айналысатын бас басқарма (ГУРВ) биылғы қаңтардан бастап жалға алу ақысын төлеуді доғаруы кесірінен туған. Бұл ақпаратты запастағы полковник Құмар-Бек те растайды.

Азаттық қорғаныс министрлігіне «Алматы қаласы Ақкент шағын ауданында тұрып жатқан 102 әскери қызметшінің баспана мәселесін проблемасын қалай шешпексіздер?» деген сауал жолдаған еді. Қорғаныс министрлігінен Азаттыққа «Бекітілген келісім-шарттарды бюджеттік заң аясында сәйкестікке келтіру мақсатында қорғаныс министрлігі [жалға беруші] компаниямен келіссөз жүргізіп, нәтижесінде пәтерлерді жалға алу жайлы ертеректе бекітілген келісім-шарттарды бұзып, [жалға беруші] Компания мен әскери қызметшілер арасында екі жақты тікелей келісім-шарт бекіту жайлы шешім қабылданды, бұл олардың жалға алған баспананың меншік иесіне айналуына мүмкіндік береді» деген жауап келді.

Запастағы полковник Ерғали Құмар-Бек қорғаныс министрлігінің бұл позициясын жалға алынған пәтерлерде тұратын әскери қызметшілердің мүдделеріне зиян келтіретін әрекет ретінде бағалайды. Оның сөзінше, жалға алушылардың жалға алу ақысын төлеуге ақшасы жоқ. Ондай ақша запастағы полковник Құмар-Бекте де жоқ, өйткені оның сөзінше, бұлай болған жағдайда ол ай сайын 230 мың теңге төлеуі тиіс болады, ал бұл соманы төлеуге шамасы келмейді.

Жалға беруші компаниямен бекітілген үш жақты келісім-шартты қорғаныс министрлігінің бұзу әрекетін Құмар-Бек заңсыз санайды.

– Бұл – заңды бұзу. Бізде үш жақты келісім-шарт болған. Оны екі жақты тәртіппен бұзуға жол берілмейді, – дейді запастағы полковник.

Ал әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары туралы болашақ заң жобасын Ерғали Құмар-Бек негізі оң бағалайды, бірақ ол «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы және қорғаныс министрлігімен ескі заң бойынша соттаспақ.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG