Accessibility links

«Нұр Отан» кепкасы: Made in Kyrgyzstan


Сайлаудан кейін "Нұр Отан" партиясы өткізген "жеңімпаздар форумына" жиналған партия белгісі тағылған киім киген адамдар. Астана. 21 наурыз. 2016 жыл.
Сайлаудан кейін "Нұр Отан" партиясы өткізген "жеңімпаздар форумына" жиналған партия белгісі тағылған киім киген адамдар. Астана. 21 наурыз. 2016 жыл.

«Ей, футболка мен кепканы киіңдер!».
Алдымдағы қатарға бір топ жас отыра қалғаны сол еді қапталда тұрған біреу оларға бұйыра сөйледі. Жалығып, жабыққан жан секілді. Інісі мен қарындасындай жастарға жылы шырай танытпады. Дауысы дөрекі. Жастар көне кетті. Үн-түнсіз сары футболка мен бас киімді жылдам киіп алды.

Бұл кезде "Сарыарқа" велотрегінің көрермендерге арналған орындарына жастар жайғасып біткен. Және бәрі сары немесе көк футболка мен «бейсболка» киіп алған. Орталық алаңның алдыңғы бөлігі яғни, «партері» біртіндеп асықпай тола бастады. Оны толтыра бастағандардың көпшіліктен ерекшелігі бас киім мен футболка кимеді. Орындықтың арқасындағы сары шарфты мойындарына тағып, аса маңызды әңгіме айтып тұрғандай кейіп танытты. Ал сахнадағы жүргізушінің нұсқауымен залдағы жастар «Нұр-сұл-тан! Нұр-Отан!», «Нұр-сұл-тан! Нұр-Отан!»,-деп дайындық жүргізіп, айғайлап жатты. Мойындарына шарф оранған партия мүшелері мен белсенділер бұл хорға қатыспады.

Мәжіліс сайлауынан кейін "Нұр Отан" партиясы ұйымдастырған "жеңімпаздар форумы". Астана, 21 наурыз 2016 жыл.
Мәжіліс сайлауынан кейін "Нұр Отан" партиясы ұйымдастырған "жеңімпаздар форумы". Астана, 21 наурыз 2016 жыл.

Осы шараға дайындық сайлау өтпей жатып, төрт күн бұрын басталған екен. Оны өз көзіммен көруге келгенімде кіре алмай кеткенім бар. Енді міне, құпия жиынның бет пердесін ашып, сары-көкке малынған залда сағат 12-нің соғуын күтіп отырмын.

Таңғы сағат 9-дан бастап, «Нұр-сұл-тан! Нұр-Отан!» сөзін қайталай беруден жалыққан жастарды жігерлендірудің амалы ма, сағат 11-лерде сахнаға әнші Қайрат Нұртасты шығарды. Самарқау отырған жастар тіріліп кетті. Екі қапталдан телефонның шамдары жұлдыздай самсап жанып, кейбір қыздар орындарынан тұрып билей жөнелді.

Ән айту кезегі әнші Жанар Дұғаловаға жетті. Залдағы жастар серпіліп қалғандай. Ал сары шарф тағынған партия мүшелері сахнаға көп көз тоқтатпай, артқы жаққа мойындарын бұрумен және қайта-қайта сағатқа қараумен болды.

Жарты сағаттан соң партия белсенділері сахна төрінде тұрды. Үнсіздік! 12-ден 5 минут өткізіп барып, олар көп қарағыштаған бұрыштан президент Нұрсұлтан Назарбаев кіріп келді. Одан кейінгі көріністер репетициядағы секілді өтсе керек. Құттықтау... «Нұр-сұл-тан! Нұр-Отан!»

Президент «жеңімпаздар форумында» көп аялдамады. Онымен бірге үкімет мүшелері, партия жетекішілері ере шықты. Залдағы жастар тегін концерт көріп қалды.

"Нұр Отан" партиясы кепкасының астарындағы «Made in Kyrgyzstan» жазуы.
"Нұр Отан" партиясы кепкасының астарындағы «Made in Kyrgyzstan» жазуы.

Киім ілгіштегі кезекке ілінбес үшін залдан ертерек шыққан едім. Баспалдақта бірдеңені басып кеткендей сезіндім. Табан астыма қарасам, «Нұр Отан» деген өрнегі бар "бейсболка" екен. Бас киім болған соң жерден көтеріп қолыма алдым. Алақаныма шаңын қаққан едім ішіндегі этикасына көзім түскені. Өз көзіме өзім сенбедім! Қайта қарадым! Өтірік секілді. Көзілдірікті сүртіп және қарадым. Шын екен. «Made in Kyrgyzstan» деп тұр.

Қырғыз ағайынның киім тігетініне еш күмәнім жоқ, әрине. Жасырып не қылайын, аяғымдағы шұлық, іш киімім де Қырғызстаннан шыққан. Ал мына бас партияның бас киіміне таң қалмасқа енді шарам қалмады.

Осы отандық киім-кешекті киіп жүруге кім ақыл айтып еді? Отандық өнімді алу туралы қай партия науқанды жарыс ұйымдастырып еді? «Қазақстандық кәсіпкердің тынысын ашып, қолдап, жұмаққа апарамыз» деген қай партия еді? Сол партия осындай ұранмен 82 пайыз дауыс жинаған жоқ па еді? Сөйте тұра партиялық іс-шараларына арналған киім-кешектерін неге отандық кәсіпкерлерге тіккізбеген?

XS
SM
MD
LG