Accessibility links

Астаналық заңгер «бәріне қарсы» сайлаушыларға жақтас


Заңгер Антон Фабрый. Астана, 11 сәуір 2016 жыл.
Заңгер Антон Фабрый. Астана, 11 сәуір 2016 жыл.

Қазақстанның жоғарғы соты астаналық заңгер Антон Фабрыйдың орталық сайлау комиссиясының 20 наурызда өткен сайлау науқаны кезіндегі «әрекетсіздігіне» қатысты жолдаған шағымын қараудан бас тартты. Заңгер Антон Фабрый ерте парламент сайлауында кандидаттардың ешбіріне дауыс бергісі келмеген, яғни «бәріне қарсы» болған сайлаушылар алданып қалды деп біледі.

Астана қаласының тұрғыны Антон Фабрый наурыздың 20-сы күні өткен ерте парламент мәжілісі сайлауы мен жергілікті мәслихаттарды кезекті сайлаудан кейін Қазақстанның жоғарғы сотына жүгінген. Ол сайлауға түскен партиялар мен кандидаттардың бәріне қарсы дауыс беруге ниеттенген азаматтардың сайлауға келмеуіне болатынын анықтап түсіндірмеген орталық сайлау комиссиясының (ОСК) әрекетсіздігін мойындауды сұраған.

«БӘРІНЕ ҚАРСЫМЫН» ГРАФАСЫ

Қазақстанның сайлау заңына сәйкес, сайлауға түсуге жіберілген саяси партия немесе кандидатты «қолдаймын» деп дауыс берген сайлаушының дауысы ғана есепке алынады.

– Олар мұның уақытты босқа жоғалту екенін «бәріне қарсымын» деп дауыс беруге ниеттенген адамдарға түсіндірмеді. Мұны ақпарат құралдары арқылы да, өзге жазба материалдарда да түсіндірген жоқ. Бұл – жұртқа сайлау заңын түсіндіруді ұйымдастырмаған Қазақстан Республикасы ОСК-ның әрекетсіздігінің салдары. Мен сайлау өтетін күнге, яғни 20 наурызға дейін ОСК-ның ондай қаулысын таппадым, – дейді Антон Фабрый.

20 наурызда өткен сайлауға шақырған SMS.
20 наурызда өткен сайлауға шақырған SMS.

Бірақ ол азаматтардың ұялы телефонына жұртты сайлауға қатысуға үгіттеген «20.03.16. Сайлау! Сіздің дауысыңыз маңызды!» деп жазылған хабарламалар түскенін айтады.

– Бұл алдау болып шықты. Әр дауыс маңызды дегені өтірік. Сайлау қорытындысын шығарған кезде кандидаттардың немесе партиялардың бәріне қарсы адамдардың дауысы сайлау нәтижесіне мүлде ықпал еткен жоқ. Олардың дауысы сайлауға келгендердің санын көбейтіп көрсету үшін ғана пайдаланылды, «Нұр Отанға» да осы ғана керек болды, ал қалған істің бәрі оңай шешілді. Әлгі хабарламаларды жолдауды кім ұйымдастырғанын білмеймін, бірақ жұртты алдауға ешкім тойтарыс берген жоқ, – дейді Антон Фабрый.

Заңгер бұл «бәріне қарсы дауыс берсем, дауысым ескеріліп, сайлау қорытындысына ықпал ете аламын деген оймен сайлауға келуге құлшынған» жандарды сайлау учаскелеріне келтірудің амалымен жасалған «жылпостық» деп санайды.

Антон Фабрый дауыс беруге ұсынылған партиялар мен кандидаттардың бәріне қарсы екенін мәлімдеп әрі заңды осы тұрғыдан түсіндіруді сұрап сайлаудан екі күн бұрын қалалық сайлау комиссиясына арызбен жүгінгенін айтады. Ол арызында «Дауыс беру үшін сайлау учаскесіне барғаным дұрыс бола ма? Мәжіліс пен қалалық мәслихат депутаттарын сайлауда мұндай дауысым ескеріле ме, ал ұнамайтын кандидаттарды сайлау нәтижесіне мұндай дауысым ықпал ете ме?» деп сұраған. Бірақ Антон Фабрыйдың айтуынша, ол бұл сұрақтарына сол күйі ешкімнен жауап ала алмаған.

«Бәріне қарсымын» графасы сайлау бюллетеньдерінен 2011 жылы – Қазақстанда өткен мерзімінен ерте президент сайлауы алдында алынып тасталған.

Бұл – заңгер Антон Фабрыйдың жүйеге қарсы түсірген алғашқы талап-арызы. Ол былтыр мерзімінен ерте өткен соңғы президент сайлауы кезінде «сайлау және сайлану» құқығын сот арқылы қорғауға тырысқан. Ол кезде Астананың Сарыарқа аудандық соты оның арызын қараудан бас тартқан. Заңгер парламент пен орталық сайлау комиссиясын жауапкер ретінде сотқа тартқысы келген.

СОТ ЖӘНЕ ОСК

Азаматтық процессуалдық кодекске сәйкес, ОСК-ға қатысты арыздарды жоғарғы сот қарайды. Судья арызды қабылдау немесе қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарымды бес жұмыс күні ішінде шығаруы тиіс. Жоғарғы сот судья Жанна Ермағамбетованың «арызда заң бұзушылықтың түйіні немесе азаматтың еркіндігі мен құқығын бұзуға төнген қатер көрсетіліп; арызданушы өз талаптарын негіздеген жайттар мен осы жайттарды растайтын дәлелдерді келтіруі тиіс» деген уәждерімен заңгер Фабрыйдың алғашқы арызын кері қайтарған.

Сайлау комиссиясы мүшелері дауыс санап жатыр. Астана, 20 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Сайлау комиссиясы мүшелері дауыс санап жатыр. Астана, 20 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Судья Ермағамбетованың жазуынша, заңгер Фабрый ОСК-ның әрекетсіздігіне қатысты қалалық сайлау комиссиясы ғана емес, орталық сайлау комиссиясының өзіне де шағымдануы тиіс болған. Бірақ заңгердің осындай тағы бір арызын қабылдаған жоғарғы сот оны қанағаттандырудан бас тартқан. Енді заңгер Фабрый БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне жүгінбек.

Азаттықтың ОСК-дан әлдебір комментарий алуға тырысқан әрекетінен ештеңе шықпады. Басшылықтың сайтта көрсетілген телефон нөмірлері бойынша хабарласқан Азаттыққа жауап берген адамдар төрағаға, оның орынбасары мен хатшысының қабылдау бөлмесіне қалай хабарласу керегін білмейтінін айтты.

ОСК баспасөз хатшысы Венера Жексембекова «Азаттық жазбаша сауалын канцелярия арқылы жолдауы тиіс» деп түсіндірді. Бірақ ол жақтың телефоны жауап бермеді. Ол бұған қоса қазір басшылық демалыста екенін, жақын күндері өзі де жұмыста болмайтынын айтты.

ОСК жариялаған ақпаратқа сәйкес, 20 наурызда өткен ерте парламент сайлауына сайлаушылардың 77,12 пайызы қатысқан. Сайлауда «Нұр Отан» партиясы 82 пайыздан көп дауыс алған. Ресми дерек бойынша, партияға 6 миллион 183 мың 757 сайлаушы дауыс берген.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқығын бақылау бюросы миссиясы сайлау кезінде азаматтардың іргелі саяси құқықтары шектелді, сайлаушыларға нағыз саяси таңдау жасау мүмкіндігі берілген жоқ, плюрализм болмады деген сияқты «үлкен кемшіліктер» болды деп мәлімдеген. Ал сайлау күні олар дауыс беру мен дауыс санау кезінде кемшіліктер мен бюллетеньдерді топтап салу фактілерін байқағанын айтқан.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG