Accessibility links

Назарбаев өмір сүруді ұзартатын дәру табудың маңыздылығын тағы қайталады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.

Сейсенбі күні «Назарбаев Университеті» студенттеріне дәріс оқыған Нұрсұлтан Назарбаев болашақта Қазақстаннан Нобель сыйлығын алатын адамның шығатынына сенімді екенін айтып, өзі құралыптастардың кәрілікке қарсы дәріні тағатсыздана күтіп отырғанын жеткізді.


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев келешекте Қазақстан азаматы Нобель сыйлығын алатын болады деген үміт білдірді.

«Біз әлемді біліммен ғана мойындата аламыз. Қазақстан келешекте идеялар генераторына айналып, бізде де Нобель сыйлығының лауреаты болады деген сенімдемін», – деді желтоқсанның 7-і күні Астанадағы Nazarbayev University студенттері алдында сөйлеген Қазақстан президенті.

Ол 30 жыл өмір сүрген Шоқан Уәлихановтың Орталық Азия мен Батыс Қытай географиясы, мәдениеті мен этнографиясынан құнды еңбектер жазып, кейінгіге мұра етіп қалдырып кеткенін айтты.

Ғалымдар адам өмірін ұзартудың жолын таба білсе, оның өте маңызды жаңалық болатыны жайлы осыған дейін көпшілік алдында бірнеше рет сөз еткен Қазақстан президенті бұл тақырыпты студенттермен кездесуде тағы да қозғады.

«Менімен жасты адамдар ұзақ өмір сүруге мүмкіндік беретін, өмірді ұзартатын жаңалықтарды қатты тосып жүр, мұның тезірек болғанын қалайды», - деді күліп сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент студенттерді жастық кезді өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға пайдалануға шақырды.

«Әрдайым ұмытпаңыздар, өмір бізге жалғыз рет қана беріледі, басқасы болмайды. Сіздерге керемет мүмкіндік беріліп отыр – осы уақытты өздеріңізді көрсету үшін пайдалану керек», – деді президент Назарбаев.

Бұл орайда ол 24-35 жас шамасында ғылымда үлкен жаңалық ашқан Ньютон, Менделеев, Лобачевскийлерді мысалға келтірді.
XS
SM
MD
LG