Accessibility links

Айықтыру мекемесіндегі "оқыс" қаза бойынша сот өтіп жатыр


Сот кезінде көрсетілген видеода қол-аяғы байлаулы Николай Кривенконың Астанадағы медициналық және әлеуметтік сауықтыру орталығында тірі отырғаны бейнеленген. Астана, 27 қазан 2017 жыл.

29 жастағы Николай Кириенконың қазасынан кейін Астанадағы медициналық және әлеуметтік оңалту орталығының (МӘОО) үш қызметкері мен полиция патрулінің сержанты сотқа тартылды. Екі сотталушы тергеу абақтысында, өзгелері үй қамағында отыр.

Полиция патрулі қызметінің сержанты Берік Мырзабековке "билігін немесе қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды", "абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеліп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зардап келтірді" деген айып тағылған. Астананың медициналық және әлеуметтік оңалту орталығының фельдшері Саят Сәтін мен осы мекеменің санитарлары Фархат Қамбетов пен Сұңғат Темірғалиевтің үстінен қылмыстық кодекстің "Жәбірленушінің абайсызда өліміне әкеліп соқтырған денсаулығына ауыр зардап келтірді" деген бабы бойынша іс қозғалған.

Биыл 15 наурызда полицейлер Астананың 29 жастағы тұрғыны Николай Кривенконы ұстаған. Астана ішкі істер департаменті (ІІД) баспасөз қызметінің дерегінше, сол күні оларға "Бауыржан Момышұлы атындағы көшедегі үйдің ауласында көліктердің шамдарын белгісіз біреу шағып жатыр деген" хабарлама түскен. Әлгі жерге барған полицейлер "29 жастағы К. деген мас азаматты Астананың медициналық және әлеуметтік оңалту орталығына апарған".

Астана қалалық ІІД жергілікті ақпарат құралдары арқылы жуырда таратқан ақпаратта "Оны жуасыту үшін жергілікті полиция қызметіне қарасты жол-патруль полициясы полкінің қызметкері мен МӘОО қызметкерлері күш қолданып, денесіне зақым келтірген" делінген.

Сотта көрсетілген видеожазбалардың бірінде айықтыру мекемесінде көшеде ұсталып, қолына кісен салынған Николай Кривенконың аяқтары байлаулы екені көрінеді. Біраздан кейін оның жанына Астананың медициналық және әлеуметтік оңалту орталығының фельдшері Саят Сәтін ағзадағы алкоголь мөлшерін анықтайтын құрал (алкотестер) ұстап барған, бірақ оның ұсталған адамнан талдама алғаны я алмағаны видеода көрінбейді. Сәлден кейін Николай Кривенконың қол-аяғын босатып, темір тор орнатылған камераға кіргізген, біраздан кейін ол әлгі камерадан шығып, орталық фельдшерін ұрғаны бейнекамераға түсіп қалған.

Бұдан соң полиция қызметкері мен фельдшер Кривенконы еденге жығып, тепкілей бастайды. Видеода полицейдің шығып кетіп, резеңке таяқпен қайтып оралғаны, сосын Кривенконы ұра бастағаны көрінеді. Бақылау камерасы жазбасына қарағанда, кейінірек оларға екі санитар қосылған. Николай Кривенко соққыға жығылған түні МӘОО камерасында көз жұмған.

Сотталушылар Николай Кривенконы өлімші етіп сабаудың себебін оның "агрессиясына тап болдық" және "бізді балағаттады" деп түсіндіреді.

Астананың Алматы аудандық №2 сотының судьясы Ұбайдулла Қошанов сотталушы полицей Берік Мырзабековтен "Ұрып-соғудың қандай қажеті болды?" деп сұрады. Кейінірек видеода Николай Кривенконың дәрменсіз күйде екені, бірақ оны тепкілеу жалғасып жатқаны көрсетілген кезде судья әлгі сұрақты қайталады.

- Көрдіңіз бе, қарсылық танытып жатыр ғой. Оны бұлшық еттерінен ұрдым, - дейді Берік Мырзабеков. Бұған қоса, ол Николай Кривенконы резеңке таяқпен "қарақұсы емес, бас жағынан үш рет ұрдым" дейді.

Судьяның сөзінше, Кривенко қарақұстан тиген қатты соққыдан көз жұмған. Фельдшер Саят Сәтіннің мәлімдеуінше, ол орташа дәрежеде мас жатқан Николай Кривенконы иық тұсынан ұрған. Санитарлар да "бұғана, бауыр немесе бүйрек тұсынан ұрдық" дейді. Үй қамағында отырған Сұңғат Темірғалиев жәбірленуші тараптың адвокатының сұрақтарына:

- Аяқтарын жан-жаққа сермеп, тыпырлай берген соң оны теуіп, аяғыммен басып тұрдым, - деп жауап берді.

Адам өліміне қатысты айыппен сотқа тартылған Астанадағы медициналық және әлеуметтік оңалту орталығының санитарлары Фархат Қамбетов пен Сұңғат Темірғалиев (оң жақтан екінші және үшінші) сот залында туыстарымен бірге. Астана, 27 қазан 2017 жыл.
Адам өліміне қатысты айыппен сотқа тартылған Астанадағы медициналық және әлеуметтік оңалту орталығының санитарлары Фархат Қамбетов пен Сұңғат Темірғалиев (оң жақтан екінші және үшінші) сот залында туыстарымен бірге. Астана, 27 қазан 2017 жыл.

Адвокат Олег Кубасовтың Азаттыққа айтуынша, бұған дейін куәгерлер Николай Кривенконың ұсталғанға дейін үш саптыаяқ сыра ішкені туралы баяндаған. Бірақ қылмыстық істе Николай Кривенконың масаң күйде болғаны туралы анықтаманың түпнұсқасы жоқ, фельдшер Саят Сәтіннің емес, әйел адамның қолымен жазылған, мөр басылған көшірме ғана бар. Адвокаттың сөзінше, бұған дейін сот тергеуіне өлтірілген адам масаң күйде емес, сау болған деген гистологиялық қорытынды жасаған сарапшы жауап берген. Прокурордың сөзінше, сараптама әлгі оқиғадан кейін үш айдан соң жасалған.

- Оның айтуынша, жан тапсырған сәтте үлгілер алынған кезде Кривенкода есірткіден немесе басқадай масаю белгісі болмаған. Әлгі адамға "Масайтатын зат белгісі ағзадан шығып кетуі мүмкін бе?"деген сұрақ қойдық. Негізі, бұл қарабайыр түсінік, медицинада ондай ұғым жоқ. Оның сөзінше, бұлай болуы мүмкін емес, себебі алкоголь мүрдеден ұшып кетпейді. "Жақсы, ал мына жерде алкотестермен өлшеген адам ол масаң күйде болды дейді, ал сіз неге мынадай қорытынды бергенсіз?" деп сұрады сот. Сарапшы "мұны өз бетімше жасаған жоқпын, бұл зәр, қан құрамы, дене мүшелері зерттеліп, пункциялар алынатын гистологиялық сараптама қорытындысы негізінде жасалады" деп жауап берді, - дейді Олег Кубасов.

Қайтыс болғанға дейінгі бір жарым жыл бойы Николай Кривенко Астанада жатақханада тұрған, базарда контейнерді жалға алып, жұмыс істеген. Анасы Татьяна Кривенконың айтуынша, баласы құрылыс материалдарын сатумен айналысқан.

- Егер ол біреуді балағаттап, қорласа, оны жауапқа тартатын заңды жолдар бар ғой, бірақ өзге біреудің өмірін қиюға ешкімге құқық берілмеген, - дейді Татьяна Кривенко.

Анасы марқұм болған ұлын ақкөңіл, жұртқа жұғымды, достары көп адам болатын деп сипаттайды. Оның сөзінше, баласы Астанадан пәтер сатып алып, үйленуді жоспарлап жүрген. Николай Кривенконың туыстарының бәрі Ақмола облысындағы ол туып-өскен Степногорск қаласында тұрады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG