Accessibility links

Оралман сотталмағанын дәлелдей алмай жүр


Оралмандар азаматтық алғанға дейін тұрақты тіркеуге тұру үшін келген елдерінде сотталмағанын айғақтайтын анықтама өткізуі керек. Алайда кейбір өңірлерде онымен іс бітпейді.

Көші-қон туралы заңға байланысты азаматтық алғанға дейін тұрақты тіркеуге тұру үшін оралмандардан келген елдерінде сотталмағанын айғақтайтын анықтама талап етіледі. Алайда қажетті құжатты әкелгенімен, оны полиция қабылдамай жатқандар да бар. Соның бірі – Қазақстанға 2016 жылы көшіп келген Сабырғали Сұлтаншәріп.

– Біздің заңымызда «сотталмаған» деген қағаз керек дегеннен кейін біз жергілікті өзіміздің шыққан Буыршын ауданынан, тұрған орнымыздан сотталмаған қағазды алдырдық. Сөйтіп жүргенде ол қағазымыз тағы іске аспады. «Мынау емес. Біздің заңымыз мынандай емес» деп тік секіріп тұрып алды, – дейді ол.

Сабырғали Сұлтаншәріптің сөзінше, өзі отбасымен қоныс аударған Ақмола облысы Ерейментау ауданының көші-қон полициясы сотталмағаны туралы қағазды Пекиндегі Қытай сыртқы істер министрлігінен алып келуді талап еткен.

"Оралман". Сәбиттің карикатурасы. (Көрнекі сурет)
"Оралман". Сәбиттің карикатурасы. (Көрнекі сурет)

Ал Қазақстан ішкі істер министрлігінің өкілдері Қытай тарабы берген кез-келген құжат тіркеу үшін жеткілікті екенін, тек оны Қытай елшілігі мен Қазақстан сыртқы істер министрлігіне растатып алу қажеттігін айтады.

– Айырмашылығы жоқ. Мысалы, Қытайдың аудан учасковойы береді немесе облысының учасковойы береді. «Иә, осы анықтама жалған емес, бұл расталған» деген мөрі болса, біз оны қабылдаймыз. Егер біздің қызметкерлер осындай анықтаманы қабылдамайтын болса, қызметтік тексеріс жүргізіп анықтаймыз, – дейді министрліктің көші-қон полициясының өкілі Сабыржан Сейітжанов.

Қоғамдық белсенді Күлісхан Домалайдың сөзінше, Қытайдан келген азаматтардан сотталмағаны туралы анықтама сұраудың қажеті жоқ. Ол «Қытай қылмыс жасаған адамдарға шектеуді өздері-ақ қояды» деп біледі.

– Қытай заңында жеті түрлі шарт астында азаматтарды шет елге шығуға құжат берілмейді. Сотталған адам шет елге шығарылмайды немесе үстінен қылмыстық іс қозғалып жауап беріп жатқан адам, ақыл-есінен жоғалтқан адам, Қытай азаматы куәлігін көрсете алмаған адамдар дейді да. Ендеше бұл кісілер заңға қарсы іс өткізбеген болса, шет елге шықпайды, – дейді ол.

«Сотталмағанын» дәлелдеу машақаты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:30 0:00

Қазақстан ішкі істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, көші-қон туралы заңның 49-бабына сәйкес, шет елде жүріп ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға Қазақстан азаматтығы берілмейді.

Ресми деректер бойынша, 2016 жылы Қазақстанға 16 мың 417 отбасы немесе 33 мың 754 этникалық қазақ көшіп келген.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG