Accessibility links

Қорғауға мұқтаж адвокаттың хикаясы


Адвокат Хамида Айтқалиева (бірінші қатардан оң жақтан екінші) әріптестерімен бірге.

Қазақстан әділет министрлігі астаналық адвокат Хамида Айтқалиеваның лицензиясын сот арқылы тартып алуға тырысып жатыр. Қазір Айтқалиева фармация комитетінің бұрынғы төрайымы Лариса Пактың мүддесін қорғаумен айналысып жүр әрі Facebook желісінде "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" заң жобасына қарсы постарымен танылған.

АДВОКАТҚА ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТАР

Әділет министрлігі адвокат Хамида Айтқалиева "фармация комитетінің бұрынғы төрайымы Лариса Пактың қылмыстық ісіне қатысты кәсіби міндеттерін орындау кезінде Қазақстан заңдарын бірнеше мәрте әрі өрескел түрде бұзды" деп санайды. Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі Пакты "бір топ адаммен пара алды және қызмет бабын теріс пайдаланды" деген айыппен былтыр шілденің басында қамауға алған болатын.

Әділет министрлігінің талап-арызына қарағанда, Хамида Айтқалиева жария етуге болмайтын мәліметтерді Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында үш мәрте, оның үстіне, әдепсіз сөздермен сипаттап жариялаған.

Сарыарқа аудандық азаматтық істер жөніндегі сотында сөйлеген әділет министрлігінің өкілі Мәлика Модайбекова адвокат Айтқалиева жария етуге болмайтын деректерді жариялап, қылмыстық-процессуалды кодекстің бірқатар баптарын бұзды деп мәлімдеді. Талапкердің тағы бір өкілі – Фарида Ізбосынованың пікірінше, әділет министрлігінің ішкі құжатын жариялауға болмайды.

Әділет министрлігі өкілі Мәлика Модайбекованың сөзінше, олардың қолында адвокатқа ықпал етуге мүмкіндік беретін ешқандай тетік жоқ. Сондықтан ведомствоның оны лицензиясынан айыруды сұрап, сотқа жүгінуден өзге шарасы болмаған.

- Бірінші құжат - [Пакты] қамау мерзімін ұзартуды сұрап, сотқа жолданған қаулы. Бұған қоса, тергеу сотының қаулысын да жариялаған. Әлгі құжаттарды жариялауға Айтқалиеваның хақы жоқ болатын, өйткені бұл қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабы нормасын бұзады, - дейді Фарида Ізбосынова.

Фарида Ізбосынованың сөзінше, Айтқалиева әлеуметтік желі арқылы әлгі құжаттарды жұрттың бәріне жария еткен әрі әділет министрлігін жағымсыз жағынан көрсеткен.

- Ол "мына адамдар үстімнен шағымданды" деп, олардың аты-жөнін көрсеткен. Бірақ ол - шағым емес, мемлекеттік органдарға жолданған өтініш болатын. Кейін біз оны адвокаттар алқасына жолдағанбыз. Бұл мемлекеттік органдар арасындағы [қызметтік] хаттар болатын. Ал Айтқалиева әлдебір қоғамдық резонанс тудырып, оны халыққа жария етіп жіберді. Әлгі әрекетімен халық арасында министрлікке қатысты жағымсыз пікір тудырып отыр, - деп санайды Фарида Ізбосынова.

Ізбосынованың әріптесі Мәлике Модайбекованың сотта айтуынша, адвокат Айтқалиева жазбаларында коррупцияға қарсы қызметті "антикорр", ал әділет министрлігін "минтавр" деп атаған, Модайбекованың пікірінше, бұл да әдепсіздік болып саналады.

Талап-арызға сәйкес адвокат Айтқалиева былтыр қаңтарда тергеуші мен прокурорға қарата "бәрің сеспей қатсаңдар екен" деп айтты; адвокат сараптама қаулысымен танысудан бас тартты; шақырғанда келмей, тергеу амалдарын жүргізуге кедергі жасады деп те айыпталып отыр.

Әділет министрлігі өкілі Мәлика Модайбекованың сөзінше, олардың қолында адвокатқа ықпал етуге мүмкіндік беретін ешқандай тетік жоқ. Сондықтан ведомствоның оны лицензиясынан айыруды сұрап, сотқа жүгінуден өзге шарасы болмаған. Оның айтуынша, әділет министрлігі адвокаттар алқасына жүгінген. Бірақ олар "бәрі заң аясында, сондықтан адвокаттың еш кінәсі жоқ" деуден танбаған.

"ҚОЛАЙСЫЗДАРМЕН КҮРЕС"

Адвокат Хамида Айтқалиева Азаттыққа адвокаттық қызметінде тәртіптік жазаға бір де тартылып көрмегенін айтты. Ол тергеушілер әділет министрлігіне оның үстінен шағымданған кездер болғанын мойындайды. Алайда адвокаттар алқасы оның жұмысынан ешбір заң бұзушылық таппаған. Адвокат өзіне қарсы талап-арызды заңсыз деп санайды.

Ал әлеуметтік желілердегі постарына қатысты ол қазір парламент қарап жатқан "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" заң жобасына (авторы – әділет министрлігі) қарсы екенін, сол жайлы жазғанын айтады.

- Қарсы болуымның ең үлкен себептерінің бірі - заң жобасында мемлекеттік адвокатураны қалыптастыру ықтималдығы мен әділет департаменті жанынан тәртіп комиссияларын құру ықтималдығы туралы жазылған. Мен мұны адвокаттар алқасында судья, прокурор, тергеушілердің әрекеттеріне қатысты азаматтардың шағымдарын қарайтын президиум құрып алып, олардың жұмысына өз білгенімізбен баға беріп отырғанмен бірдей деп санаймын, - дейді Хамида Айтқалиева.

"Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" заң жобасында адвокаттардың әрекеттеріне әлгі комиссияларда азшылық болатын әріптестері ғана емес, енді судьялар мен әділет министрлігінің өкілдері де баға береді деп жазылған,

- Мен (әлеуметтік желілерде. — Азаттық) "егер әділет министрлігі жанынан соттар мен құқық қорғау органдары өкілдері кіретін комиссиялар түзілетін болса, не болатынын ойлаңыздаршы" деп жаздым. Мұндай режим орнаса, қандай тәуелсіз адвокат қалады? Егер мені ұнатпайтын судья Сарбылаев әлдебір себептермен хат жазса, сосын менің үстімнен жазылған шағымды қарауға оның әріптесі қатысатын болса, қандай адвокаттар тәуелсіздігі туралы айтуға болады? - дейді Хамида Айтқалиева.

Оқи отырыңыз: Адвокаттар жаңа жобадан "қолайсыздармен күресті" байқаған

Сотта адвокат "тергеу амалдарына алда-жалда қатысу мүмкіндігім болмай қалса, мұны тергеушілерге әрдайым алдын ала ескертетінмін" деді. Адвокаттың сөзінше, кей тергеушілер хабарламаны тергеу басталардан бес минут бұрын ғана жіберген кездер болған. Сол себепті Айтқалиева оған қатысуға үлгермеген.

Хамида Айтқалиева мына проблемалардың бәрі былтыр қарашада, яғни қылмыстық қудалау органы өкілдерін әрекетсіздігі үшін сот арқылы жауапқа тартқан кезде басталды деп санайды. Бұған қоса, ол министрліктің өзге айыптауларымен де келіспейді және сотта "ешқандай қорлайтын сөздер айтқан жоқпын" дейді.

Адвокаттың айтуынша, оған талай рет "лицензияңды тартып аламыз" деген қоқан-лоққы жасалған. Ал қазіргі сотты ол қазір үй қамағында отырған әрі жуырда ісі сотқа жолдануы мүмкін клиенті Лариса Пактың ісімен айналыса алмасын деген мақсатпен уақытын босқа кетіру амалы деп біледі.

Астананың адвокаттар алқасы былтыр қарашада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының тергеу департаменті басшысының әділет министрлігіне жолдаған хатын қарап, адвокат Айтқалиеваны тәртіптік жауапкершілікке заңды түрде тартуға жеткілікті дәйектер жоқ деп тапқан.

Бірнеше апта бұрын Ақтөбе соты әділет министрлігінің Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасы басшысы Раиса Якубенконы адвокаттық лицензиясын айыруды талап еткен шағымын қайтарып тастаған. Ол кезде әділет министрлігі Якубенко облыстық адвокаттар алқасы төрайымы ретінде заң бұзуға жол бермеу шараларын қарастырмады, жалған деректер келтірілген есептерді тіркеді және әділет департаментіне адвокаттардың қызмет ақысын төлеу туралы сауал жолдады деп мәлімдеген. Бұған қоса, әділет департаменті жүргізген тексеру кезінде 430 заң бұзу фактісі анықталды, мемлекет кепілдігі аясында тегін көмек көрсету туралы жалған есеп тапсырған деген айыппен үш адвокат лицензиясынан айырылды деп мәлімделген.

Сотта адвокат Раиса Якубенко " әділет министрлігі талап-арызды өзі ұсынған "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" заң жобасына белсенді түрде қарсы шығып, пікірлерімді үкіметке жеткізуге тырысқаныма байланысты түсірген" деп мәлімдеген.

AzattyqTV

Көшпенділер ойынына асық шабандоз қыз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00
XS
SM
MD
LG