Accessibility links

Астана вокзалы басшылығының талабы жұмыссыздар санын көбейтетін түрі бар


Астана темір жол вокзалының алдында бір топ кәсіпкер наразылық танытты. Астана, 16 қаңтар, 2009 жыл.
Астана темір жол вокзалының алдында бір топ кәсіпкер наразылық танытты. Астана, 16 қаңтар, 2009 жыл.

Жұма күні Астана темір жол вокзалының алдында жеке сауда және қызмет көрсететін орындары бар бір топ кәсіпкер наразылық шарасын өткізді. Басты себеп – вокзал басшылығының кәсіпкерлермен келісімшартты созбай, олардан жалға алған дүңгіршектерді босатуын талап етіп, қуып жатқаны екен.

Кәсіпкерлердің сөздеріне қарағанда, «Қазақстан темір жолы» ұлтық компаниясының менеджерлері олардың орындарына «көзалартып» отыр. Енді олар темір жол вокзалының басшылығы арқылы кәсіпкерлердің орындарын тартып алмақ. Вокзал басшылығы бүгінгі күнге дейін 2009 жылы жұмыс істеуге негіз болатын келісімшартқа қол қоймай отыр екен.
Вокзал асханасын жалға алғандар да орындарын босатуы керек болып тұр. Астана, 16 қаңтар, 2009 жыл.


Жеке кәсіпкер Рустам Магамбетов «Қазір елде дағдарыс. Президентің жұмыс орнын барынша сақтап қалу керек деген сөздерін темір жол басшылығы құлағына да іліп отырған жоқ. Барлығымыз да отбасы асырап отырмыз, банктерде кредитіміз бар. Бір сөзбен айтқанда далада қалдық», - дейді.

Рустам Магамбетов сонымен бірге осы уақытқа дейін тиісті қадағалаушы мекемеден шағым түспегенін айтады. Аренда құнын уақытылы төлеп отырмыз дейді.

Кәсіпкер Мариям Лященко «Біздің орнымызға әлдекімдер қызығып отыр. Биылғы жылы біз ешкімге керек болмай қалдық. Бұл барып тұрған рейдерлік»,- деп ашуланды.

Балжан Муралина болса, «Менің қарамағымда 6-7 жұмысшы бар. Олардың отбасын асырап келемін. Тіптен аяғы ауыр аналарға да ай сайын жәрдемақы төлеп отырдым. Енді менің отбасымды, оларды кім асырайды, жағдайымыз не болады?», -дейді.

Кәсіпкерлер сонымен бірге вокзал басшылығының ай сайын жалдық ақыны құнын өсіріп отыратындығын тілге тиек етті. Олар шаршы метр үшін 120 доллар төлеп келдік дейді.

Ал темір жол вокзалының басшылығы барлық кінәны жеке кәсіпкерлердің өздеріне артты. Темір жол вокзалының атқарушы директоры Гүлнұр Мурзина «Кәсіпкерлер вокзал ішіндегі санитарлық талаптарды орындамайды, оларға бірнеше мәрте ескерту жасадық, құлақ аспады, сондықтан келісімшартты үзуге тура келді», -дейді.
"Вокзал-сервис"АҚ-ның вице-преизденті Арман Өмірзақов. Астана, 16 қа0тар, 2009жыл.


«Вокзал-Сервис» Акционерлік қоғамының вице-президенті Арман Өмірзақов керісінше жұмыс орнын барынша сақтап қалуға тырысып жатырмыз дейді. Оның айтуынша, тек аренда құнын бірнеше айлап төлемеген азаматтармен ғана келісімшарт үзілмек.

Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің өзі биылғы жылы үкіметтің басты міндеті жұмыссыздыққа жол бермеу болады деген еді. Алайда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қарайтын Астана темір жол вокзалы жұмыссыздар санын бірінші болып көбейткелі отыр.
XS
SM
MD
LG