Accessibility links

Аштық акциясындағы"Таразқуаныш-құрылыс" компаниясының жұмысшылары Жаңа жылға көк тиынсыз қалды


"Таразқуаныш-құрылыс" компаниясының аштық акциясындағы жұмысшылары. Тараз, 30 желтоқсан, 2008 жыл
"Таразқуаныш-құрылыс" компаниясының аштық акциясындағы жұмысшылары. Тараз, 30 желтоқсан, 2008 жыл

Өтіп бара жатқан жылдың соңғы жұмыс күні, 30 желтоқсанда да, "Таразқуаныш-құрылыс" компаниясының аштық жариялаған жұмысшылары басшылық тарaпынан ешқандай жауап ала алмады.

Аштық акциясының бесінші күні жұмысшылар Тараздың "Жайлау" ықшамауданындағы 16-шы үйге жаңа жылдық дастарханға арнап, ең болмаса 10 мың теңгеден жалақы алсақ деген үміт жетегінде барған еді. Айта кету керек, аштық акциясы жалақының кешіктіріліп, берілмей жатқанына наразылық ретінде өткізіліп жатыр.

"Таразқуаныш-құрылыс" компаниясының құрылғанына 3 жыл ғана болған, дегенмен де оның "даңқы" тараздықтар арасында соңғы аптада, аштық акциясы туралы жанжал басталғаннан бері дүрілдей түсті.

Ресми жағынан алғанда, компанияның негізгі жүргізетіні - құрылыс жұмыстары.
"Таразқуаныш-құрылыс" компаниясының кеңсесі ықшамауданның ішкері бетінде көпқабатты тұрғын үйлердің біріне орналасқан, онда бар болғаны директор Арман Балданбаевтың бір ғана кабинетінен тұратын кеңседен басқа ешнәрсе таба алмайсыз. Ал тұрғын үйдің бүйірінде басқа ұйымдар жалға алған кеңселер көп-ақ, бірақ дәліздегі қара көлеңкеден ешнәрсе көрінбейді.
Таразқуаныш-құрылыс компаниясы кеңсесінің алдыңғы есігі. 30 желтоқсан, 2008 жыл.


Бірақ сыртта екі-үш метр биіктікке дейін көтерілетін баспалдақ бар, міне сол баспалдақтарда аштық акциясын өткізіп жатқан жұмысшылар орналасқан. Сондықтан да, тұрғын ауданның қалыпты тіршілігінің аясында қолдарына түрлі ұрандар ұстап тұрған, жұтаң киімді жұмысшыларға өтіп бара жатқандар бірден назар аударады.

Солардың бірі, мұнда не болып жатқанын білу үшін тоқтап қараған, 35 жасар кәсіпкер Сергей Пожаров былай дейді:
-Әсіресе, аяғы ауыр әйелге қарау аянышты, енді болмаса осы жерде босанып қалатындай көрінеді. Әбден тозығы жеткен сырт киімінің түймесі де түймелеуге жетпейді, ал екіқабат әйелдерге арналған киім алуға ақшасы да жоқ шығар ол адамның.

Жұмысшылар мұнда өздерінің күнде таңертең ертемен жиналатындарын айтады, еркектер таңғы жетіден, ал әйелдер сәл кешірек - тоғыздан бастап келеді екен. Содан күні бойына олар қолдан жазып алған плакаттарын жоғары көтеріп, компания басшыларының келуін күтеді екен.

-26 желтоқсан күні осы арада сіз бізден интервью алғаннан бері компания жетекшілері тіпті жұмысқа келуі де қойды,-дейді аяғы ауыр ана Гүлмира Қуанышбекова.
Аштық акциисындағылардың бірі Сергей Понамарев. 30 желтоқсан, 2008 жыл


Ал аштық жариялаушылардың бірі Сергей Понамарев Азаттық радиосының тілшісіне былай деп әңгімеледі:
-Мен кешке жақын "Таразқуаныш-құрылыс" компаниясының кассирін ол тұратын үйдің жанында аңдып жүріп кездесіп, бізге Жаңа жылға қарай ең болмаса жалақымыздың бір бөлігі беріле ме деп сұрадым. Ол маған фирмада ақша бар, бірақ қаржы директоры Юрий Кимнің қолынсыз ол ақшаны бізге бере алмайтынын айтты. Ал Ким болса өз кезегінде директор Арман Балданбаевқа сілтейді.

Осы сәтте келіп тоқтаған машинаны көрсеткен Сергей Понамарев
-Әне кассир келді,- деп, қуанышты үнмен айқайлап жіберді.

Бірақ фотоаппараты бар журналисті көрген кассир қаша жөнелді. Асығып-аптығып кеңсеге кірген ол директордың кабинетіне сүңгіп кетті.
Оның ізінше есікті ашып, тілшінің сұрақтарына жауап беруді өтінген біздің тілегімізге ол "ұяңдық" танытып, бет-жүзін алып қаша берді, бірақ ол екі арада журналисті балағаттауды да ұмытқан жоқ..
"Таразқуаныш-құрылыстың" "ұялшақ" кассирі. 30 желтоқсан, 2008 жыл

Мұнан соң кассир кірген кабинетке барған Сергей Понамарев қайта шығып, кассирдің бір сағаттан кейін директордың өзі келеді, сонда барлық мәселе шешіледі деп айтқан сөзін жеткізді Азаттық радиосының тілшісіне.

Біздің тілшіміз аштық акциясын өткізушілермен бірге бір сағат күтті, бірақ басшылықтың қарасы көрінбеді. Одан кейін жұмысшылардың бізге хабарлағанындай, кеш батқанша келген ешкім болмапты.

"Таразқуаныш-құрылыс" компаниясына жалданған жұмысшылардың бірі, екі балалы ерлі –зайыпты Рысбек пен Зера Мақұлбековтер өз мұңдарын былай шақты:
-Бізге тіпті қиын, өйткені екеуміз де мүлде ақша алған жоқпыз. Балаларымызға тамақ тауып бере алмаған соң, оларды ата-анамыз өз қарауына алды.

"Таразқуаныш-құрылыс" компаниясының жұмысшылары жалақының уақтылы төленбеуіне наразылық ретінде 26 желтоқсанда аштық жариялаған болатын. Компания тараздық жұмысшыларды Ақмола облысының Бурабай демалыс аймағындағы балалардың туберкулез санаторийінің құрылысына жалдап, соңынан тағдыр тәлкегіне тастап кеткен. Наразылық акциясына алданып қалған жұмысшылардың туыстары да қосылған.

Ал Ақмола облыстық әкімдігіндегі құрылыс департаментінің шенеуніктерімен Азаттық радиосының тілшісі қанша хабарласқанымен, олармен тілдесудің мүмкіндігі болмай-ақ қойды. Кім білсін, шенеуніктердің Жаңа жыл қарсаңындағы қарбаластан бастары қатып жүрген болар, ал 30-ға тарта жұмысшының 2009 жылды аштықпен қарсы алатын түрі бар.
XS
SM
MD
LG