Accessibility links

Әлеуметтік толқулар легі Астанаға жетті


Наразылық жиынына қатысушылар саяси және әлеуметтік талаптар айтылған жазулар алып шықты. Астана, 20 желтоқсан 2008 ж.
Наразылық жиынына қатысушылар саяси және әлеуметтік талаптар айтылған жазулар алып шықты. Астана, 20 желтоқсан 2008 ж.

Желтоқсанның 20-ы күні, ауа райының 20 градус аяздығына қарамастан Серікболсын Әбділдин жетекшілік ететін Қазақстанның Коммунистік партиясы бастаған топ Астанадағы Окан Атрико алаңында митингіге шықты. Жиынға қатысқан ұзын саны жүзден астам жұрттың қатарында коммунистермен бірге «Лайықты баспана үшін» қоғамдық ұйымының өкілдері мен Жалпыұлттық социал демократиялық партияның белсенділері болды.

Атқарушы биліктен тиісті рұқсат алып митингіге шыққандар Қазақстан парламенті мәжілісіне келіп түскен, үкіметтің әзірлеген «БАҚ туралы», «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы» заң жобаларының кері қайтарылуын талап етіп, сонымен бірге 18-ші желтоқсанда мәжіліс мақұлдаған «Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық Пактіге Факультативтік Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын тездетіп қабылдау туралы талаптар айтты.
Қазақстан Коммунистік партиясы Астана филиалының жетекшісі Тоты Иманбаева мәжілістің кеш те болса да аталмыш Факультативтік Хаттаманы бекіткенін құптап, енді әділеттілік іздеген қазақстандықтарға БҰҰ-ның комитетіне шағымдануға мүмкіндік туатынын атап өтті.
Қазақстан Компартиясы Астана ұйымының жетекшісі Тоты Иманбаева билікке талаптарын оқып тұр. Астана, 20 желтоқсан 2008 ж.
- Біз енді мәжілістің қарауында жатқан маңызды үш заң жобасының кері қайтарылуын сұраймыз. Олардың бірі де елдегі саяси реформаларды ілгерілетпейді, сөз бостандығына, сайлаудың таза, әділ өтуіне кепілдік бермейді. Бізге ондай заң жобаларының қажеті жоқ. Мәселен, «Сайлау туралы» заң жобасы саяси партиялардың сайлау алдында бірігіп блок құруларына жол бермейді, бұл биліктің оппозициялық партияларға қарсы әдейі істеп отырған шарасы, - деді Тоты Иманбаева.
Митингіде қызылдармен бірге мойындарына ақ орамал байлаған азаматтар болды. Олар - «Лайықты баспана үшін» қоғамдық ұйымның өкілдері. Бұрынғы сенатор Зәуреш Батталова басқаратын бұл ұйымға баспана зарын тартып жүрген үлескерлер, борышкерлер, оралмандар және әртүрлі деңгейдегі азаматтар кіреді. Олар өздерінің белгілерін ақ орамал етіп таңдапты.
Аталған ұйымның белсенділерінің бірі Сәуле Тасболатқызы «ақ белгі - әділдіктің, тазалықтың символы» екенін айта келе, «елдің осындай ақ, ал биліктің әділетті болғанын қалайтындарын» жеткізді.
- Біз билікке наразылық митингісін өткізіп жатқан коммунистерге қолдау білдіру үшін келдік. Әділетсіздікке қарсы барлығымыз бірігіп күресуіміз керек. Мәжіліс депутаттарының Қазақстан азаматтарын БҰҰ-ның комитетіне шағымдана алатын Халықаралық Хаттаманы мақұлдағаны бізге үміт беріп отыр. Қаншама уақыттан бері биліктен әділеттілік іздеп жүрміз. Қазір Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовті сотқа беріп жатырмыз. Егер елдегі сот әділетсіз шешім шығарса, аталмыш Хаттаманы оған дейін сенат қабылдаса, енді бұдан былай Халықаралық ұйымға шағымданатын боламыз, - деді Сәуле Тасболатқызы.
Митингіде сөйлегендердің ішінде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің дамуына наразылық білдірген коммунистер де болды. Олар мемлекеттік тілді дамытуға қыруар қаржы
Наразылық жиынына оппозициялық партиялардың мүшелерімен бірге баспана проблемасын шеше алмай жүрген үлескерлер де қатысты. Астана, 20 желтоқсан 2008 ж.
бөліп жатыр деп, билікті кінәлады.
- Мемлекеттік қазынадан мемлекеттік тілді дамытуға деп миллиардтаған теңге бөліп жатыр. Бұл біздің құқығымызды таптап отыр. Бұл дегенің барып тұрған озбырлық. Мемлекеттік мекемелерге кіре қалсаңыз, барлық жерде қазақ тілінде жазулар тұрады, оларды біз түсінбейміз. Біздің Конституциялық құқығымыз бұзылып жатыр. Мұны жәй қалдыруға болмайды, президентке ашық хат жазу керек, - деді Александр Маслинов.
Митингіден соң арнайы резолюция қабылдаған коммунистер, егер бүгінгі көтерген талаптарын билік орындамаса бұдан да қатал шараларға баратындарын айтып тарқасты. Осы жиын өтіп біткенше алаңда бірде бір полиция өкілдері бой көрсетпеді. Тек бүгінгі жиынды бейнекамера мен фотоаппартқа түсірген Астана әкімдігінің қызметкерлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері жүрді.
XS
SM
MD
LG