Accessibility links

Атырауда тағы бір діндар сотталды


Шариполла Сайфуллин Атырау қалалық сотында. 20 сәуір 2011 жыл.
Шариполла Сайфуллин Атырау қалалық сотында. 20 сәуір 2011 жыл.

Атырау қалалық соты облыстағы бизнесмен Шариполла Сайфуллинге заңсыз есірткі мен қару сақтады деген айып тағып, төрт жылға бас бостандығынан айырды.


Алайда сотталушы өзіне діни көзқарасы үшін жала жабылып отырғанын айтады. Оның жазықсыздығын дәлелдеуге тырысқан адвокаттардың уәжіне ешкім құлақ аспады.

СОТ ҮКІМІ

Сәуірдің 20 күні №2 Атырау қалалық соты судьясы Эленора Оңғарсынова діндар бизнесмен Шариполла Сайфуллинге қатысты сот үкімін шығарды.

Ол тергеу-тексеру амалдары кезінде анықталған діндарға қатысты тағылған заңсыз есірткі сақтады және қару-жарақ ұсады деген айыптардың дәлел тапқандарын айта келіп, Шариполла Сайфуллиннің айыбын жалпы режимдегі түзеу колониясында төрт жыл мерзім ішінде өтейтіндігін хабарлады.

- Оны ұстау кезінде табылған 2 грамм героин есірткісі және АКА-47 Калашников автоматы оқ-дәрілерімен әрі дін тақырыбындағы дискілер мен кітаптар жойылсын. Ал істің мән-жайы түсірілген видеоматериалдары сақталсын, - деді сот үкімін естірткен судья Эленора Оңғарсынова.

Сот залынан кісен салынып әкетіліп бара жатқан Шариполла Сайфуллиннің өзінен Азаттық тілшісі «сізге тағылған айыпты мойындайсыз ба?» деп сұраған еді.

- Жоқ. Мен кінәлі емеспін, бұл маған қасақана жабылған жала, - деді Шариполла Сайфуллин.

Сотталушының жұбайы Людмила Сайфуллина бұл істі аяқсыз қалдырмайтындарын айтып отыр.

- Біз президент Назарбаевқа дейін барамыз. Біздің құқық қорғау органдарының «әділдігінің» арқасында жазықсыз болса да аз мерзім бергені үшін қуанатын халге жеттік.Шариполлаға жасалған «тұтқындау сценарийі» осыдан бірнеше жыл сіңілімнің күйеуі Серікбай Латипуллаевқа қатысты да қолданылған еді, - дейді Людмила Сайфуллина.

КӨЛІКТЕГІ ҚАРУ ЖӘНЕ ШҰЛЫҚТАҒЫ ЕСІРТКІ

Сот залында жария еткен мемлекеттік айыптаушы Сәлима Жекебаеваның қортындысына сүйенсек Шариполла Сайфуллин былтырғы жылдың 26 желтоқсанында түскі намазын оқып болған соң балаларына билет сатып алу үшін «Тойота Хайлюкс» машинасымен Атырау қаласындағы Авангард ықшам ауданындағы «Арсенал» кинотетарына бет алған.

Жолай оны жол полициясы инспекторы тоқтатып машинадан шығуын сұраған. Әлденеден секем алған Шариполла машинадан шығудан бас тартып, туыстарына қоңырау шала бастаған. Шамамен 5 минуттан кейін инспектор одан 20 метрдей қашықтықта Сайфуллиннің танысының көлігін тоқтатқан. Оны өзіне шақырған Шариполла, әлгі танысы келген соң көлігінен шығып, инспектордың машинаны тексеруін ұсынған. Олар сөйлесіп тұрған уақытта кенеттен жақын маңдағы үйлер ауласының бірінен аса үлкен жылдамдықпен шыға келген «Газель» автокөлігінен бетперде киген арнайы жасақтың төрт қызметкері мен бейнекамера ұстаған полицияның жедел топ қызметкері түседі.

Олар Сайфуллинді жерге құлатып, қолына кісен салған. Олардың ізін ала тергеушілер мен куәгерлер мінген көлік келіп тоқтайды. Полицейлер тінту үшін көліктің есігін ашып, Шариполлаға заңсыз сақталған заттарды өз қолымен алып беруді ұсынады. Оған ол: «Өздерің салған заттарыңды өздерің шығарыңдар. Алладан қорықсаңдаршы!» деп айқайлайды.

Ұсталушының шұлығынан полицейлер салмағы 2 грамм болатын оралған героинді, ал машинаның артқы салонынан қытайдың ала дорбасын шығарып алған. Оның ішінде жаймаға оралған қорабы және оқтары бар Калашников автоматы жатқан. Салон ішінен, сондай-ақ, діни мазмұндағы дискілер табылған.

Сотта Атырау облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі басқарма қызметкері Рүстем Ізтілеуов желтоқсан айында Шариполла Сайфуллиннің біреуге беру мақсатында өзінде қару мен есірткі сақтап жүргендігі туралы жедел ақпараттың түскендігін айтты. Ал 26-желтоқсанда Сайфуллиннің Калашников автоматымен және героинмен қаланы аралап жүргендігі туралы ақпарат түскен. Сол себепті жедел топ құрылып, оны ұстау үшін полицейдің арнайы жасағы жұмылдырылған деді полиция өкілі.

Зерттеу барысында полиция сарапшылары Сайфуллиннің тырнақ кесіндісінен, шұлығынан және шалбарының қалтасынан героин қалдықтарын тапқан.

Алайда сот отырысында белгілі болғандай Калашников автоматынан, оның қорабы мен патрондарында айыпталушының саусақ таңбалары болмаған. Бірақ мұны мемлекеттік айыптаушы С.Жекебаева автомат жаймаға оралып барып, сөмкеге салынғандықтан Сайфуллиннің саусақ іздері өшіріліп қалуы мүмкін екендігімен түсіндірді.

Прокурор Сәлима Жекебаева судьядан Шариполла Сайфуллинді осы қылмыстарына байланысты мүлкін тәркілемей жеті жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығаруын сұрады.

АДВОКАТТЫҢ ДӘЙЕКТЕРІ

Сайфуллинің адвокаттары бұл әрекеттердің барлығы Шариполла Сайфуллинге жасалып отырған полицейлердің арандату әрекеті екендігін дәлелдеуге тырысып бақты.

Мәселен, адвокаттардың мәлімдеуінше, тұтқындау кезіндегі жазылған бейнежазба, неге екені белгісіз, Сайфуллиннің қолына кісен салынып, оның «маған есірткіні салып жіберді» деп айқайлап жатқан сәтінен басталады. Бұл кезде оның «Тойота» машинасының есігі ашық тұрған. Айыптаушы тарап адвокаттың бұл дәлеліне «криминалист Халимов бейнежазбаны уақытында жазып үлгермеді» деп жауап береді.

- Полицейлердің жауаптары бойынша олар барлығы операция жүзеге асырылған жерге бірге келген. Сонда олардың қасындағы криминалист Халимов өздерінің қайда бара жатқанын бейхабар болғаны ма? - дейді адвокат Динара Сатайбаева.

Оның айтуынша Сайфуллинді қылмыскер санаудың өзі ақылға сыймайды:

¬ Істе дәйек болмағандықтан Сайфулиннің кінәсі неде екенін түсіне алар емеспіз. Сайфуллин есірткіге тәуелді адам емес, есепте тұрған жоқ, мұны медициналық сараптама да растайды. Оны жол полициясының инспекторы тоқтатқан кезде оның қолында есірткі мен қару болса, бірден қашып кетпей күтіп отырудың, инспектормен және таныстарымен сөйлесудің керегі не еді? Немесе полиция қызметкерлері оның әлгі есірткіні тағы біреуге беріп жатқан жерінен неге ұстамайды? Ол жеке бизнесі, отбасы, қолына қарап отырған қариялары бар адам. Оған елдің тыныштығын бұзып қару сатумен айналысудың қажеттілігі бар ма?

Адвокаттың бұл сауалдарына жауап қатуға тырысқан ешкім болған жоқ.

ДАУЫЛ КОНВЕРТТЕГІ ТЫРНАҚ

Сайфуллиннің тырнағы астынан табылды делінген героинге қатысты адвокаттар тағы бір маңызды детальды атап өтті.

- Полиция қызметкері Жарылғаповқа тырнақ кесіндісіне салу үшін арнайы конверт берілген. Бірақ ол қасақана бір парақ қағаздан конверт жасап, оған Сайфуллиннің тырнақ кесінділері бар ораманы салып, мөр соғады. Бір қызығы полицейлер конверттің бүйір жапсырмаларына мөр соқпайды! Неге? Бұл оған мөр соғылған конверттегі тырнақ кесінділеріне героин жағып қайта салуға мүмкіндік береді, - деді сот мәжілісінде тағы бір адвокат Талғат Дәулетов.

Ол тіпті полицей ойлап тапқан бұл жаңа әдісті судьяға көрсетуге өтініш жасаған еді. Алайда, судья Оңғарсынова оған рұқсат бермеді.

Сондай-ақ адвокаттар Шариполла Сайфуллиннің ісіне куәгерлік еткен Хисин мен Құлбасовтардың да әдейі ұйымдастырлған адамдар екенін баса көрсетті.

- Сот барысында куәгер Құлбасовтың бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы, кейін оған қатысты қылмыстық істің тоқтатылғандығы анықталды. Біз Хисин мен Құлбасовтың полициейлермен жасырын бірге әрекет еткендігін жоққа шығармаймыз, - дейді Талғат Дәулетов.

Бұған қоса айыпталушының адвокаттары ұстау кезінде полицейлер Сайфуллинге куәгерлерге қарсылық білдіруге оның құқығы бар екендігін түсіндірмегендігін айтады. Тіпті оны тұтқындау кезінде куәгерлер болмаған. Полиция жолды жауып, айналадағы жүргіншілер мен қарап тұрған адамдарды қуып жіберген.

- Жиырма алты жыл құқық қорғау органдары саласында қызмет ете жүріп жедел топ қызметкерлерінің куәгерлерге деген мұндай ерекше ықылас-пейілін көрген емеспін. Куәгерлер Хисин мен Құлбасов он сағат бойына ішкі істер басқармасының ғимаратында отырып барлық тергеу процедураларын қалт жібермей қатысқан. Тіпті олар өз жауаптарында шәй ішіп, полицейлер кабинеттеріне еркін кіріп-шығып жүргендерін айтқан. Сонда қалай ішкі істер бөлімінде барлық адамдарға шәй бере ме? - деп сұрады Дәулетов.

- Куәгерлер өздерінің қалауы бойынша тергеу шараларына неше рет болса да қатысуға құқылы. Бұл заңға қайшы келмейді, - деп жауап берді оған мемлекеттік айыптаушы Жекебаева.

СОҢҒЫ СӨЗ

Сот отырысының соңғы мәжілісінде діндар бизнесменге ақырғы сөз берілді. Өзінің кінәсін мойындаудан бас тартқан Шариполла Сайфуллин былай деді:

- Мен дініме берік мұсылманмын, өз Отанымның заңын құрметтейтін азаматымын. Мен шариғат және Қазақстан Республикасының заңдарымен өмір сүрем. Ал, шариғат заңына бағынатын адам заңды аяқ асты етпейді және ешкімді алдамайды. Мұхаммед пайғамбар былай деген: «Мұсылман қорқақ болуы мүмкін, сараң болуы мүмкін, бірақ, оның өтірікші болуы мүмкін емес». Менің бұл қылмысқа қатысым жоқ! Алланың атымен айтамын, егер мен өтірік айтқан болсам, онда маған Алла өзінің ең ауыр жазасын берсін, ал олар (құқық қорғау органдарының қызметкерлері) мені нақақ жазаласа олар да Алланың қаһарына ұшырасын.

ШАРИПОЛЛА ДЕГЕН КІМ ЕДІ?

44 жасар Шариполла Сайфуллин - Атыраудың спорт сүйер қауымына 1990-жылдардың басында каратэнің алғашқы жаттықтырушыларының бірі ретінде танымал болды. Ол кезде жекпе-жектің бұл түрі жаңа ғана дамып келе жатқан болатын. Оны Атырау қаласындағы «Шаңырақ» кафесінің қожайыны – кәсіпкер ретінде де біледі. Атыраулық полиция өкілдері Шариполла Сайфуллиннің ұсталғанын және оған қарсы қылмыстық істің тергеліп жатқанын көпке дейін жұртшылық пен журналистерден жасырын ұстап келген еді.

Сол 90-шы жылдардың аяғында Сайфуллин дінге бет бұрып, Меккеге қажылыққа да барып келген. Өзі тәрізді діндардарлармен бірігіп 2002 жылы «Дар ас салам» (араб тілінен аударғанда «Бейбітшілік үйі») деп аталатын қоғамдық қор құрып, өз қаржысына Атырау қаласының Рембаза ықшам ауданынан қаладағы алғашқы жеке «Ат Тақуа» (араб тілінен аударғанда «Тақуалық») мешітін салдырған. Ол ашылғаннан кейін кешікпей «Ат Тақуаға» дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушылар жиналады екен деген дабылдар түсе бастайды. Ал Шариполла Сайфуллин мен «Ат Тақуа» жамағатының мүшелерін арнайы қызмет тіркеуге алады.

Әкімдік пен арнайы қызметтің қысымынан кейін Сайфуллин өз қаржысына салған мешітті Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының құзырына беруге мәжбүр болды. Таң қаларлығы, «Ат Тақуаға» жаңа имам келгеннен кейін бұл мешітте де барлық діни жоралғылар үшін төлемақы төленетін діни басқарманың мешіттеріндегідей қайыр-садақа жинайтын жәшік пайда болды.

Бұдан кейін Сайфуллин діни көзқарастары мен әрекеттері ресми дінбасыларына сәйкес келмейді деп саналып жүрген басқа да көптеген мұсылмандар секілді «экстремист» деген атақпен діни қызметінен біржола кетеді.

Қаладағы мешітке келушілер Шариполла Сайфуллинді тақуа мұсылман әрі төрт баланы тәрбиелеп отырған азамат ретінде таниды.

- Менің Шариполламдай әділетті жан жоқ деп санаймын. Оның кінәсі жоқ. Халқы үшін мешіт салып, елді имандылыққа шақырды. Мен бұндай сорақы айыптауларды кеше қайта сайланған президент Назарбаев естімей отыр деп ойлаймын. Оған жетуге, мұңымды жеткізуге тырысамын, - дейді оның анасы Жұмақыз Сайфуллина.

2008 жылдан бастап Атырау облыстық ұйымдасқан қылмыспен қарсы күрес бөлімі Шариполла Сайфуллинді экстремизмге қарсы профилактикалық шаралар үшін деп ұдайы шақыра бастаған. Оның ісінде 2006-2010 жылдардағы шақырту қағаздары да бар.

Ал арнайы қызметтен алғашқы дабыл Сайфуллинге 2009 жылдың сәуірінде полициялар оның жақын туысқаны, кәсіпкер Серікбай Латипуллаевты тұтқындаған кезде түскен. Оны да қару мен есірткіні заңсыз сақтады деп айыптап, үш жылға отырғызған еді. Латипуллаевты ұстағаннан кейін полиция оны жұртшылыққа діни жамағаттың көшбасшысы ретінде көрсетті. Сол жолы Азаттыққа ранайы сұхбат берген Шариполла Сайфуллин өз өмірі үшін де қауіптеніп жүргені туралы айтқан еді.

Енді міне содан бері екі жыл өткен соң есірткі мен қаруды сақтаған деген айыппен айыпталушы орындығына Шариполланың өзі отырды.
XS
SM
MD
LG