Accessibility links

Атыраудағы қытайлық қазақ студенттердің зары


Оқу ақысы мен кредит қарызы туралы шағым айтуға жиналған Атырау мұнай және газ университетінің бір топ студенті оқу ғимаратының қасында тұр. Атырау, 3 сәуір 2018 жыл.
Оқу ақысы мен кредит қарызы туралы шағым айтуға жиналған Атырау мұнай және газ университетінің бір топ студенті оқу ғимаратының қасында тұр. Атырау, 3 сәуір 2018 жыл.

Атырауда оқитын Қытайдан келген этникалық қазақ студенттер "Шыңжаңдағы саяси-экономикалық жағдайға байланысты" биліктен оқу ақысын арзандатуды сұрайды. Әкімдік пен университет оқу үлгерімі жақсыларға онсыз да жеңілдік жасалып жатқанын айтады.

Атырау мұнай және газ универcитетінің 2015 жылы Қытайдан келген этникалық қазақ студенттері Шыңжаңдағы жаппай қамау мен саяси тәрбие орталықтарына жабу науқаны кезінде үйлерімен хабарласа алмай, қаражатсыз қалғандарын айтады. Сол себепті оқу ақысын университет талабына сай 347 мың теңге көлемінде төлей алмағандарын мәлімдеген студенттер өздері келген кезде университет басшылығы жасаған оқу ақысына 25 пайыздық жеңілдік ету саясатын жалғастыра беруді талап етеді. Олар оқу ақысына былтырғы және биылғы сессияларда емтихан мен сынақ тапсыра алмай құлаған сабақтары үшін төленетін кредит бағасы қосылып, қомақты сомаға айналғанына қиналады.

25 ПАЙЫЗДЫҢ ДАУЫ

23 жастағы Айдынгүл Өмірбек Атырау мұнай және газ университетінің экономика факультетінде оқиды. Оның отбасындағы өзінен бөлек тағы үш баланың біреуі – Алматыдағы жоғары оқу орнында, екеуі – Қытайдағы мектепте оқиды.

Атырау мұнай және газ университетінің студенті Айдынгүл Өмірбек.
Атырау мұнай және газ университетінің студенті Айдынгүл Өмірбек.

- Үш ай болды ата-анамызбен хабарсызбыз. Олар берген 250 мың теңге оқу пұлын төледім. Университет басшылығы тағы 86 750 теңге (25 пайыз – ред.) төлеуді талап етіп, ол төленбесе, емтиханға жіберілмейтінімізді айтқан соң қарыз алып әзер төледім. Оған оқу кредиттерінің құны қосылды. Кейбір балалардың кредиттерінің көлемі 200 мың теңгеден асады, - дейді Айдынгүл Өмірбек.

Оның сөзін қоштаған экономика факультетінде оқитын Балғымбек Қабылмұрат Атырау мұнай және газ университетіне шақыртумен қабылданғандарын, ол кезде 25 пайыз оқу ақысына жеңілдік берілгенін, жатақхана тегін болғанын еске алды.

Атырау мұнай және газ университетінің студенті Балғымбек Қабылмұрат. Атырау, 3 сәуір 2018 жыл.
Атырау мұнай және газ университетінің студенті Балғымбек Қабылмұрат. Атырау, 3 сәуір 2018 жыл.

- Бірінші курста жеңілдік жасалды, оған көз жұмбаймыз. Бірақ екінші курста [университет] одан айнып қалды. 25 пайызға қол еткізу үшін көп әрекет жасадық, облыс әкіміне жаздық. Одан нәтиже болмаған соң президентке хат жолдап, соның нәтижесінде алдық. Биыл сол үшінші курста тағы жалғасып отыр. Біз уәде етілген жеңілдікті алғымыз келеді, - дейді ол.

Балғымбек Қабылмұрат төлеуге тиісті ақшасы кредиттік сабақтары мен университет талап етіп отырған 25 пайызды қосқанда 250 мың теңгеден асып кететінін, ондай ақшаны төлеуге шамасы жоқтығын айтады.

Видео: Қытайлық қазақ студенттер Назарбаевқа хат жолдады

Қытайлық қазақ студенттер Назарбаевқа хат жолдады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:03 0:00

Студенттердің сөзінше, университет былтыр тегін тұрған жатақхананы да биыл ақылы қылып, әрі былтырғы жатақхана пұлын қосқанда екі жыл үшін 36 мың теңгеден ақша төлеткен. Олар мұндай ашық пікір айтқандары үшін қысымға ұшырауымыз мүмкін деп қауіптенеді.

Студенттер өз араларында Қытайдағы үйлеріне биылғы каникулда барып оралмағандар бар екенін айтты. Олардың сөзінше, Атырау мұнай және газ университетінде оқып жатқан Дәурен Талап, Жеңіс Таңнұр, Берік Ақжол мен Жалғас Жалын есімді студенттердің құжаттарын Қытай билігі алып қалғандықтан олар оқуға қайтып келе алмаған. "Олардың жағдайы қиын. "Саяси үйрету" абақтысына қамалған да шығар" деп уайымдайды студенттер.

РЕКТОРМЕН КЕЗДЕСУ

Университет өкілі студенттердің сауалдарына жауап берілгенін айтты. Азаттық тілшісіне комментарий берген университеттің жастар саясаты және мәдениет басқармасының жетекшісі Ардақ Жағыпарқызы:

- 25 пайыздың (жылдық оқу ақысына жеңілдік – ред.) берілмейтіні туралы айтылды. Біз оларды бөліп-жарып жатқан жоқпыз. Мен ештеңе түсініп тұрған жоқпын, - деді.

Атырау мұнай және газ университеті жастар саясаты және мәдениет басқармасының жетекшісі Ардақ Жүсіпова (сол жақта) мен студент Айдынгүл Өмірбек (ортада) студенттер талабын талқылап тұр. Атырау, 3 сәуір 2018 жыл.
Атырау мұнай және газ университеті жастар саясаты және мәдениет басқармасының жетекшісі Ардақ Жүсіпова (сол жақта) мен студент Айдынгүл Өмірбек (ортада) студенттер талабын талқылап тұр. Атырау, 3 сәуір 2018 жыл.

Студенттердің Азаттыққа айтуынша, сәуірдің 10-ында олармен университет ректоры Әли Әбішев пен факультет декандары, басқарма басшылары, университет заңгері кездесіп, жиналыс өткізген. Бұл жиынның аудиожазбасын студентер Азаттық тілшісіне электрондық поштамен жолдаған. Кездесуде сөз сөйлеген, "Атырау мұнай және газ университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ербол Нұрпейісов" ретінде таныстырылған адам студенттерге бірінші жылы оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік жаңа жерге үйренсін деген оймен ғылыми кеңестің шешімі бойынша, ал екінші жылы білім министрлігінен келген хаттың негізінде берілгендігін айтқан.

- 25 пайыз жеңілдік берілмейтіні туралы сіздер білдіңіздер. Келісім-шартта 347 мың теңге төлеу керектігі айтылған. Енді ата-аналарыңа хабарласа алмайтындарыңды, елдеріңдегі саясат туралы біліп отырсыңдар. Сендер елдеріңе барғанда неге айтпайсыңдар бұл заңсыз екенін, - дейді "Ербол Нұрпейісов" деп таныстырылған адам жиналыста сөйлеген сөзінде.

Атырау мұнай және газ университеті ректорының Қытайдағы қазақ диаспорасы өкіліне жіберген шақыруы.
Атырау мұнай және газ университеті ректорының Қытайдағы қазақ диаспорасы өкіліне жіберген шақыруы.

"Университет заңгері ретінде сөз берілген Е.Садықовтың" жиналыста студенттерге түсіндіруінше, "25 пайыз жеңілдік берілген соң университетте тексеріс болып, ескерту жасалған".

- Біз сіздерді сотқа беріп, ол жеңілдікті қайтарып алуымызға болар еді. 25 пайыз төлейтін құқығымыз жоқ. Біз мемлекеттің ақшасын талан-таражыға сала алмаймыз, - деген заңгер.

Ал аудиожазбада "университет ректоры Әли Әбішев" ретінде сөз алған адам студенттермен өткізген жиналыста сөйлеген сөзінде шағымданып жүргендердің тізімін жазып беруді тапсырған. Ол студенттерге Қазақстанға "Қытай азаматтары ретінде виза алып келгендерін", есік алдында жиналғандары "рұқсатсыз митинг" деп саналуы мүмкін екенін ескерткен.

- Әр бала үшін ақпарат беріңдер. Қытайдан келе алмай жатыр ма, оған менің қатысым жоқ. Сендер мұнда виза алып келдіңдер. "Мен Қазақстан азаматтығын аламын, қашып барамын" деген жоқсыңдар. Біз информация берейік елшілікке. Қаншамасы ықтияр хат алып алған, он бірі азаматтық алып алған. Сонда не болып кетті бұл? Сіз көзге түсіп жатырсыз олардың. Енді чатқа шығып, оларды жамандайсыңдар. Жаңағы шыққандарды "несанкционированный" десем не болады? - деген "ректор" деп таныстырылған адам жиналысқа қатысып отырған студенттерге.

ӘКІМГЕ АРЫЗДАНУ

Студенттер университет басшылығының жауабына қанағаттанбай Атырау облысы әкіміне шағым айтты. Мамырдың 15-сі күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың аймақтағы мемлекеттік емес ұйым өкілдерімен болған кездесуінде Атырау мұнай және газ университеті студенттерінің мәселесі қозғалғаны туралы видео Facebook әлеуметтік желісінде жарияланды.

Жоқ дегенде әр баланың басында 60 мың, алды 220 мың теңге қарыз ілініп тұр. Бұлардың бәрі ақылы түрде оқып жүрген балалар

Видеоны "Демос" мемлекеттік емес ұйымының жетекшісі Тұрарбек Құсайынов түсірген. Клипте Қытайдан келген қазақ студенттерінің мәселелерін көтеріп жүрген "Жібек жолы" бауырластар қоғамы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әлия Тазабекова облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа 25% жеңілдіктен бөлек 2017 жылы емтиханнан өте алмаған 27 балаға кредиттік технология бойынша кредиттік қарыздар ілінгенін еске салады.

- Қазір сол баланың саны (кредит қарызы бар – ред.) 45-ке жетті. Жоқ дегенде әр баланың басында 60 мың, алды 220 мың теңге қарыз ілініп тұр. Бұлардың бәрі ақылы түрде оқып жүрген балалар, - деді Әлия Тазабекова.

Атырау мұнай және газ университеті жатақханасы. Атырау, 4 ақпан 2017 жыл.
Атырау мұнай және газ университеті жатақханасы. Атырау, 4 ақпан 2017 жыл.

Қытайдан келген студенттердің бірі Айдынгүл Өмірбек басқа өзімен бірге келген студенттер атынан Атырау облысы әкімінен проблемасын шешуге көмектесуді сұрады.

- Үшінші курсқа келген кезде "жатақханаға тегін жата алмайсың, екінші курстағы жатақхана ақшасын құйыңдар" деп талап етті. Кейбір бала Қытайға кетіп келе алмады. Балалардың басында кредит саны көп. Кредит қарызы 200 мың теңгеден асып кеткен балалар оны өтей алмай отыр. "Уақыт беріңіз, тумаластарымыздан қарыз іздейік" десек оған қарамайды. Мен сізден көмектесіп, шешіп беруді сұраймын, - деді ол.

Қазақстанға оқимыз деп келеді. Бірақ жатақханада жатып алып сабаққа бармайды. Егер сендер кредиттік қарыздарыңды тапсырсаңдар, 25 пайыз жеңілдік береміз

Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауованың сөзінше, кредиттік қарыздардың көбеюіне студенттердің өздері кінәлі. Сайлауова Қытайдан келген студенттердің кейбірі "уақытында емтихан мен зачет тапсыра алмағанын" еске алды. Ол Қытайдан келген 11 бала сабақты жақсы оқығандықтан 25% жеңілдікке ие болғанын айтты.

- Олар (кейбір Қытайдан келген қазақ студенттер – ред.) Қазақстанға оқимыз деп келеді. Бірақ жатақханада жатып алып сабаққа бармайды. Егер сендер кредиттік қарыздарыңды тапсырсаңдар, 25 пайыз жеңілдік береміз, - деп шарт қойды ол.

Алайда Айдынгүл Өмірбек бұл кредиттік қарыздардың студенттер мойнына олар сабақты нашар оқығандықтан ілінбегенін дәлелдеуге тырысты.

- "11 бала жақсы оқиды" деп отырсыз. Олар – бізден бұрын келіп, дайындық курсында оқыған балалар. Ал біз төте жазуды ғана білдік. Балалардың арасында мен қазақша жақсы сөйлеймін. Ал жатақхананың ақшасын біз екінші курс үшін толық төледік және үшінші курстың жартысын төледік, неге біз жатақхана тегін болғанын білмедік? - деп сұрады ол.

Нұрлан Ноғаев университет ректоры Әли Әбішев пен студенттерді мамырдың 19-ы күні ашық әңгімелесуге шақырды.

- Осы әңгіменің куәгері боламын десеңіздер келіңіздер, - деді Ноғаев кездесуде.

ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАТ ЖОЛДАУ

Наразы студенттер мәселелерін шешуді өтініп, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сәуірдің 1-інде "Қазпошта" арқылы хат жолдаған. Олар осындай мазмұнды екінші хатты сәуірдің 10-ында Атырау облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне де апарып тапсырғандарын айтады. Әзірше жауап болмаған.

Атырау мұнай және газ университеті студенттерінің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хаты. Сәуір, 2018 жыл.
Атырау мұнай және газ университеті студенттерінің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хаты. Сәуір, 2018 жыл.

20 шақты студент қол қойып, президентке жолданған хатта: "Алғашқы екі жылда 2015-2016, 2016-2017 оқу жылдарында берілген жеңілдіктен 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап түбегейлі бас тартып, оқу ақысы мен жатақхана ақысын толықтай төлеуге мәжбүрлеп отыр... Екі ел арасындағы Қытай қазақтарының байланысы соңғы екі жылда күрт нашарлады. Тіпті соңғы үш айда ата-анамызбен мүлде хабарсыз қалдық, бұл жағдайда біздің оқу ақысына 100 пайыздық экономикалық жағдайымыз қайдан болсын. Мұны түсініп отырған әкім, басшы жоқ. Сол себепті бұл жағдайға сіздің аз да болса назар аударуыңызды сұраймыз" деп жазылған.

Қытайдан келген этникалық қазақ студенттерінің құқықтарын қорғаумен адвокат Абзал Құспан айналысып жатыр. Адвокат пен Азаттық тілшісін сәуірдің 10-ында студенттер мен ректордың арасында өткен өткен жиынға университет өкілдері кіргізбеді.

Атырау мұнай және газ университеті қызметкері Мүтиғолла Шайхиев (оң жақта) адвокат Абзал Құспанды оқу орнына кіргізбей тұр. Атырау, 10 сәуір 2018 жыл.
Атырау мұнай және газ университеті қызметкері Мүтиғолла Шайхиев (оң жақта) адвокат Абзал Құспанды оқу орнына кіргізбей тұр. Атырау, 10 сәуір 2018 жыл.

Абзал Құспан университет басшылығының әрекетін "қысымшылық" деп бағалады. Оның сөзінше, қытайлық этникалық қазақ студенттері оқу ақысын немесе кредиттерін төлей алмағаны үшін оқудан шығарылса, олардың Қытайға оралуына тура келеді.

- Сондықтан оның құқықтық салдары орасан зор. Бұл балалар оқудан шығарылып Қытайға қайтарылса, түрмеге отыруы әбден мүмкін. Сондықтан бұған мемлекет деңгейінде араласу керек, - дейді адвокат.

Қытайдан Атырау мұнай және газ университетіне оқуға 2015 жылы 106 этникалық қазақ жасы келген. Олардың ата-аналары Қытайдың Іле, Алтай және Тарбағатай аймақтарында, Қарамай, Құлжа, Майлы, Үрімжі, Фукан қалалары мен өзге де елді мекендерінде тұрады. Қазір университтете 60-қа жуық шетелдік қазақ жасы оқиды.

Мұндай жастар оқу ақысына жеңілдік жариялап, тегін жатақхана ұсынған қазақстандық оқу орнының хабарламасын Қытайдағы танымал сайттардың бірінен оқып-білгендері жайлы бұған дейін Азаттыққа айтып берген еді. Алайда студенттер оқу жылының бірінші және екінші курстарында айтылған жеңілдікке үлкен даумен қол жеткізген.

Оқи отырыңыз: Қытайдан келген студенттер Назарбаевтан көмек сұрады

Іргесі 1959 жылы қаланған Атырау мұнай және газ институты негізінде Қазақстан үкіметінің 2016 жылғы шілденің 25-індегі қаулысымен жарғылық капиталы толықтай мемлекет иелігіндегі Атырау мұнай және газ университеті коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылған. Бұл жоғары оқу орнында жалпы саны 3800 студент білім алады.

XS
SM
MD
LG