Accessibility links

Петр Борис: Жаңаөзен куәгерлерін қорғау керек


Еуропарламент депутаты Жаңаөзен жайлы
please wait

No media source currently available

0:00 0:13:55 0:00
Жүктеп алу

Еуропарламент депутаты Петр Борис Жаңаөзенге сапары жайлы айтты. Алматы, 22 ақпан 2012 жыл.

Ақпанның 22-сінде Еуропарламент депутаты Петр Борис Алматыға жетті. Бір күн бұрын Жаңаөзен басшылығымен және жергілікті тұрғындармен кездескен депутат осы сапарының қорытындысы бойынша Қазақстан билігіне нота жолданатындығын айтты.


Маңғыстау облысына бір күндік сапармен барған депутат түске дейін Ақтауда Маңғыстау облысының әкімі Бауыржан Мұхамеджановпен кездесті. Ал түстен кейін Жаңаөзенге барып жергілікті басшылық пен тұрғындармен жүздесіп, қысқаша сөйлескен.

«КУӘГЕРЛЕРГЕ ҚАУІП ТӨНБЕУІ ТИІС»

Жаңаөзеннен Алматыға ұшып келіп, әуежайда Азаттыққа сұқбат берген Петр Борис «қала халқы әлі есін жия алмай отыр, қалыпты өмірге оралу үшін уақыт керек» деді.

- Жаңаөзендіктер қалыпты өмірге оралу үшін мемлекет тарапынан көмек қажет. Еш нәрседен қорықпау керек екендігін сезініп, сенім пайда болуы керек. Жұмыссыз қалғандарды жұмысқа орналастыру керек, - деді ақпанның 22-сі күні Петр Борис.

Оның сөзінше, «мемлекет жасайтын көмектің ішіне қаржылай және психологиялық көмектен өзге, Жаңаөзен оқиғасына қатысты ашық куәлік бергендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін декларация да болуы тиіс».

АНАЛАРДЫҢ КӨЗ ЖАСЫ МЕН ҮРЕЙ

Ақпанның 21-і күні түстен кейін депутат жергілікті тұрғындармен, басым көпшілігі әйелдермен кездескендігін айтады.

- Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза болған және жараланғандардың туыстарымен кездестік. Кездесу кезінде қатты толқу сезімі байқалды, аналардың көз жасын көрдім. Олар өз қайғысымен жалғыз өздері қалып қойғандай сезімде екендігін айтады. Олар өздерінің көрген-білгендерін ашық айтудан қорқатындарын да айтты, - дейді депутат.

Еуропарламент депутаты Петр Бористің Жаңаөзенге сапары
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:54 0:00

Оның сөзінше, Жаңаөзен мәселесі Еуропарламентте тағы да талқыланады және қазақ билігіне оқиғаның обьективті тергелуін талап ететін нота жолданады.

ШЫНДЫҚТЫ БИЛІК ЕМЕС, ХАЛЫҚ АЙТАДЫ

Кешеден бері Жаңаөзенде жұмыс істеп жатқан қоғамдық комиссия өкілі Рысбек Сәрсенбаймен тілдескенімізде, ол Петр Бористің жаңаөзендік әйелдермен кездесуіне куә болғанын айтты.

- Депутат Жаңаөзеннің әкімі, прокуратура, ішкі істер департаментіне барған болуы керек. Жергілікті халықпен бар болғаны 15-ақ минут кездесті. Оның өзінде екі-үш адамның ғана басындағы жағдайды естіді. Сосын жергілікті басшылықтың берген уәделерін айтып, соған сенгенін жеткізді. Меніңше, оның алған деректері - мүлде жеткіліксіз. Мен депутатқа, шындықты билік емес, халық айтатындығын айттым, - деді Рысбек Сәрсенбай.

Оның сөзінше, «соншама жерден келіп тұрып, биліктің уәделерін тыңдап қайтқан депутаттың бұл сапарын өзін-өзі ақтады деуге болмайды».

Еуропарламенттің Польшадан сайланған депутаты Петр Борис ақпанның 21-і Маңғыстау облысына бір күндік сапар шегіп, облыс әкімімен, Жаңаөзен қаласындағы билік өкілдерімен және жергілікті тұрғындармен кездескен еді.
XS
SM
MD
LG