Accessibility links

Байқоңыр қаласында белсенді Марат Дәулетбаевты жала жабу айыбы бойынша сотқа берген. Ертеректе ол қала мэрін жер телімдерін заңсыз таратып жатыр деп айыптап, оның үстінен Ресей президенті Владимир Путинге шағымданған.

Ресей президенті мен Ресей прокуратурасына жазылған шағымды Байқоңыр әкімшілігіне жолдағаннан кейін қала мэрі Анатолий Петренко жала жапқаны үшін қылмыстық жауапқа тартуды сұрап, Марат Дәулетбаевты сотқа берген.

"Байқоңыр азаматтық құқық үшін" құқық қорғау ұйымы төрағасы Марат Дәулетбаев шағымында қаладағы 25 жер телімін берудің заңдылығын тексеруді сұраған. Оның дерегінше, әлгі жер телімдерін бизнесмендер, қалалық кеңес депутаттары мен шенеуніктер үй салу үшін алған. Бұған қоса, ол «қалалық әмбебап дүкенін Қызылорда облыстық мәслихаты депутатына берген, ал жергілікті билік электр қуаты тарифтеріне қатысты айла-шарғы жасап отыр» деп хабарлаған.

Марат Дәулетбаев Байқоңыр мэрінің әрекеттері "Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қаладағы жерлерді шетелдіктер мен Қазақстан азаматтарына сатуға және жалға беру жайлы 2016 жылғы тамыздағы тыйымын бұзады" деп санайды.

Байқоңыр қаласы - Қазақстанға тиесілі әкімшілік территория, бірақ Қазақстан мен Ресей арасында 1995 жылы бекітілген келісімге сәйкес, Ресейдің федералдық маңызы бар қаласы болып саналады. Ол «Байқоңыр» ғарыш айлағымен бірге Қазақстан 2050 жылға дейін Ресейге жалға берген осы аттас кешенді құрайды.

Мұнда халық көп тұрады, бірақ жерді отбасылы жандарға, көп баласы барларға, Байқоңыр қаласы ардагерлеріне, ауған соғысы ардагерлеріне, өзге адамдарға неге бермейді? Алғандардың тізіміне қарасаң, бәрі дөкейлер.

- Мұнда халық көп тұрады, бірақ жерді отбасылы жандарға, көп баласы барларға, Байқоңыр қаласы ардагерлеріне, ауған соғысы ардагерлеріне, өзге адамдарға неге бермейді? Алғандардың тізіміне қарасаң, бәрі дөкейлер. Байқоңыр қаласында артық территория жоқ, оңды-солды тарататындай артық жер жоқ, бар болғаны 20-30 ғана жер телімі бар, қала аумағы сонымен бітеді. Қала айналасы тікенек сым темірмен, дуалмен қоршалған. Қала қоршалған, ал ішіндегі жерлердің бәрін қала әкімшілігі таратып берген, - дейді Марат Дәулетбаев Азаттыққа.

Құқық қорғаушы шағымдануға "Байқоңыр азаматтық құқық үшін" құқық қорғау ұйымының төрағасы ретінде оған жүгінген бірнеше тұрғынның шағымы негіз болғанын айтады. Бірақ Байқоңырдың ресейлік әкімшілігі бұл ұйым қалада заңсыз жұмыс істейді, өйткені тіркеуден Ресей заңдары бойынша өтпеген деп хабарлайды. Марат Дәулетбаев мұнымен келіспейді.

Оларға біз Қазақстан азаматымыз, Қазақстанның территориясында тұрамыз, сондықтан құқығымыз шектелмеуі тиіс деп түсіндіргенбіз. Олар «жоқ, сендер жалға алған жерде отырсыңдар» дейді.

- Біз – қазақстандық ұйымбыз, бірақ Ресейдің құзырындағы территорияда жұмыс істейміз, олар соның негізінде жұмыс істеуге тыйым салады. Оларға біз Қазақстан азаматымыз, Қазақстанның территориясында тұрамыз, сондықтан құқығымыз шектелмеуі тиіс деп түсіндіргенбіз. Олар «жоқ, сендер жалға алған жерде отырсыңдар» дейді. Мен оларға «олай емес, сендер жылжымайтын мүлікті жалға алғансыңдар, бірақ жалға алу шартының Қазақстан азаматтарына қатысы жоқ» деп айттым, - дейді белсенді.

Бірақ Байқоңыр тұрғындарының шамамен жартысын құрайтын Қазақстан азаматтары Қазақстан заңдарына бағынады.

БАЙҚОҢЫР МЭРІ

Дәулетбаевты қаладағы жерлерді таратты деген ақпаратын Байқоңыр қаласының мэрі Анатолий Петренко «өтірік» дейді. Азаттыққа онымен хабарласудың сәті түспеді. Оның үй және жұмыс телефоны нөмірлері бойынша хабарласқанымызда, «ол қазір демалыста әрі Мәскеуге жиналысқа кеткен, ал жұмысқа ақпанның аяғында шығады» деген жауап айтты.

Мэрдің позициясын оның Байқоңыр қалалық сотына жолдаған шағымынан толығырақ білудің сәті түсті.

Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысы ретінде мен қол қойған қаулыларға сәйкес, жер телімдері Байқоңыр қаласы тұрғындарына жеке тұрғын үй салу үшін ақылы негізде уақытша әрі белгілі бір мерзімін белгілеу арқылы пайдалану құқығымен берілген, бұл Қазақстан Республикасы жеріне мемлекеттік меншік құқығын сақтауды қамтамасыз етеді.

Оның сотқа түсірген шағымында «Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысы ретінде мен қол қойған қаулыларға сәйкес, жер телімдері Байқоңыр қаласы тұрғындарына жеке тұрғын үй салу үшін ақылы негізде уақытша әрі белгілі бір мерзімін белгілеу арқылы пайдалану құқығымен берілген, бұл Қазақстан Республикасы жеріне мемлекеттік меншік құқығын сақтауды қамтамасыз етеді» деп жазылған.

Бұған қоса, Анатолий Петренко сотқа жер телімдерін сату туралы ешқандай қаулы шығармағанын хабарлайды. Оның сөзінше, кейінгі екі жыл ішінде Байқоңырда жеке тұрғын үй салуға қолайлы 54 жер телімінің 51 учаскесін Қазақстан тұрғындары алған.

Мэр құқық қорғаушының Байқоңырдағы әмбебап дүкен мен электр қуатына қатысты шағымдарын да жоққа шығарады. Оның сөзінше, қаладағы 10 нысан (оның ішінде әмбебап дүкен де бар) Ресейдің құзырынан шығарылып Қызылорда облысына беріледі. Мэрдің мәлімдеуінше, ал электр қуаты тарифтерін Ресейдің монополияға қарсы билігі қадағалайды.

Байқоңырдағы ғарыш айлағы.
Байқоңырдағы ғарыш айлағы.

«Байқоңыр» кешені территориясындағы Ресей прокуратурасы Марат Дәулетбаевқа оның шағымы бойынша «кешенді тексеру» жүргізілгенін хабарлаған. Прокуратура есебінде «Байқоңыр» кешеніне қатысты бекітілген халықаралық келісім-шарттар мен келісім талаптарына сәйкес, қала әкімшілігі басшысының жеке тұрғын үй салу үшін жер телімдерін уақытша пайдалануға беру өкілеттігі бар деп көрсетілген.

Ресейлік прокуратура тексеру кезінде 25 жер телімін тиісті қаулы шығару сияқты жолдармен сату немесе беру фактілері анықталған жоқ деп хабарлайды. Прокурорлар өзге екі шағым бойынша да қала мэрі тарапынан ешқандай заң бұзушылық таппаған.

Жала жапқаны үшін Марат Дәулетбаев Қазақстан қылмыстық кодексіне сәйкес үш жылға дейін сотталуы мүмкін.

Осы аптада Front Line Defenders халықаралық құқық қорғау ұйымы «Марат Дәулетбаев пен оның ұйымы бұған дейін де қуғын-сүргін көрген» деп мәлімдеп, оған қатысты қылмыстық істі тоқтатуды талап еткен.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG