Accessibility links

"Балқаштағы терроршылар" ісі


Терроризм ісі бойынша үкім оқылып жатқан сәт. Қарағанды, 9 желтоқсан 2016 жыл.
Терроризм ісі бойынша үкім оқылып жатқан сәт. Қарағанды, 9 желтоқсан 2016 жыл.

"Балқаштық терроршылар" ісіне қатысты сотталған сегіз адамның кейбірі ғана үкімге қарсы шағым бермек. Олардың "жетекшілерінің" бірінің адвокаты билікті "қоғамда не себепті өшпенділік пайда болатынын анықтауға" шақырады.

Әлеумет "балқаштық терроршылар" деп атап үлгерген сегіз адамның ісі қоғамда шуға ұласты, бірақ Қарағанды облысында терактілер "дайындау" ісіне қатысты ақпараттың көп бөлігі жарияланған жоқ. Сот жабық түрде өтті.

"Балқаштағы терроршылар" ісі
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:28 0:00
Жүктеп алу

Тергеу орындары мен сот "қолдан жасалған құрылғыларды пайдаланып, террорлық актілер жоспарлаған радикалдық топтың жетекшілері" деп таныған Бауыржан Спанбетов пен Ерлан Үсенов 14 жылға сотталып, жазасын қатал режимде өтеуге кесілді. Қалған алтауы осы топ мүшелері деп танылды.

Кеңес Ташмұхамбетов, ағайынды Думан және Қайыр Үсеновтер - 12 жылға, Мұрат Махмұтов - 11 жылға, Нұрбол Қалашбаев пен Үсеновтердің туысы болып келетін Бақытжан Әбдіқошов 10 жылға сотталды. Сот сегізінің де «заңсыз не қылмыстық жолмен тапқан дүние-мүлкін» тәркілеуге қаулы етті. Олардың бәріне мемлекеттік айыптаушы сұраған жаза кесілді.

Сотталған сегіз адамның бәрі – Қарағанды облысының тумасы, Балқаш қаласы тұрғындары. Іштеріндегі ең жасы – 26-да, ең үлкені - 37 жаста. Үшеуінің ғана тұрақты жұмысы болған, қалғандары жұмыссыз. Бәрі үйленген немесе азаматтық некеде тұрады, әрқайсысының бала-шағасы бар. Сотта бәрі өздерін еркін ұстап, кейде жымиып, өзара сөйлесіп отырды. Үкімді естіген кезде сабырлы тұрды.

Балқаштағы өндіріс орындары. (Көрнекі сурет)
Балқаштағы өндіріс орындары. (Көрнекі сурет)

Сотталушылардың әзірше кейбірі ғана сот шешіміне қатысты шағым түсіруді ұйғарған. Кейбірінің адвокаттары ойлануға әлі уақыт бар, сондықтан апелляциялық шағым беру керек деп санайды. Ертеректе алты айыпталушы қылмысын мойындады деп хабарланған.

КҮМӘН МЕН ӨКІНІШ

Бұл істе ағайынды үш жігіттің бірі, 36 жастағы Ерлан Үсенов Қазақстан аумағы, оның ішінде Балқаш қаласында террорлық актілер жасауды жоспарлаған топты ұйымдастырған екі адамның бірі ретінде айыпталды. Ол үкімге қатысты шағымданудан әзірше бас тартып отыр.

Ерлан Үсенов тергеу амалдарын жүргізуге барынша көмектескен әрі өзін-өзі жарып жіберген жігіт екеуі ғана білген екі "құпия" орынды көрсеткен. Ерлан тергеушілерге көмектесу себебін «қылмысының қауіптілігін түсініп, жағдайды түзету ниетімен» түсіндіреді. Оның алғашқы некесінен туған балалары бар. Азаматтық некедегі қазіргі әйелі Ерланның түрмеден босап келуін күтуге уәде етті. Өзге сотталғандар сияқты Ерлан да үкім күшіне енгенге дейін ҰҚК департаментінің тергеу абақтысында отырады.

- Үкімдегі клиентімді басқарушылық рөл атқарған деп көрсеткен тұсымен келіспеймін. Мұны Ерланның өзі де мойындамайды. Ол топқа басшылық етпеген. Ол тек қатысушы ғана. Ол азғыруға ерген. Ерланның топты басқармағанын сотталушылар да айтты. Бірақ сот тергеушілердің пікірін құптады. Ал үкімнің қалған бөлігіндегі айыптармен клиентім келісті, - дейді Ерлан Үсеновтің адвокаты алматылық Ғалым Нұрпейісов Азаттыққа.

Ерлан Үсенов соңғы сөзінде бұрын жұмыс істегенін, бірақ оны жұмыстан шығарып жібергенін айтты. Кейін қандай шаруамен айналысқысы келсе де, барлық жерде ақша сұрап, болмашы себептермен жұмыс істеуге мүмкіндік бермеген. Ол "мұның бәрі әбден қитығыма тиіп, мұның бәрі дұрыс емес деген пікірлерге келісе бастадым" дейді.

Клиентімнің түсіндіруінше, ол әскери бөлімге шабуыл жасау туралы ұсынысты әуелгіде ойын сияқты көрген. Ал кейін жарылғаш зат пайда болған кезде мұның соңы біреудің ажалына ұласуы мүмкін ғой деген ойға келіп, көңілінде күмән туып, бұл ниеттен айни бастаған.

- Клиентімнің түсіндіруінше, ол әскери бөлімге шабуыл жасау туралы ұсынысты әуелгіде ойын сияқты көрген. Ал кейін жарылғаш зат пайда болған кезде мұның соңы біреудің ажалына ұласуы мүмкін ғой деген ойға келіп, көңілінде күмән туып, бұл ниеттен айни бастаған. Оған уақыт берсе, ол бұл жолдан бас тартар еді, бірақ оған мұрша бермей, ұстап алған. Сондықтан ол әлдебір қылмыс жасамай тұрып ұсталғанына тәуба етіп, құдайға алғыс айтады. Ол "дұрыс жолды таңдамағанын түсінгенін" айтты. "Опық жеп, өкінгенім өзіме керек, позициямды өзгерттім" дейді. Ол айыбын түсінді, демек ол біткен адам емес, - дейді адвокат Ғалым Нұрпейісов.

"ШЕТҚАҚПАЙ КӨРДІК"

Сегіз сотталушыны "террорлық топ құрып, оған мүше болды", "адам өміріне қастандық жасамақ болды", "атыс қаруын, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды заңсыз сақтады", "заңсыз қару жасады" деп айыпты деп танылды. Тергеу болжамынша, "балқаштық терроршылар" ісі бойынша айыпталғандар Сирияға кетіп, террористік актілер жасауға қатысуды ұйғарған, Қазақстанда террористік актілер дайындаған және Балқаш қаласындағы ресейлік әскери бөлімге шабуылдауды жоспарлаған.

Өзге сотталғандардың адвокаттары сияқты сотта адвокат Нұрпейісов те "бұл оқиғаға түрткі болған себептерді анықтау қажет еді" деп мәлімдеген болатын. Нұрпейісовтің сөзінше, сотталушылар соңғы сөздерінде "шетқақпай көрдік" деген.

Бұл жандардың сотталуы – арнайы қызметтің жеңісі ме әлде қоғамымыздың трагедиясы ма? Мен соңғысы деген пікірді көбірек қостар едім. Адам іштен мұндай өшпенділікпен тумайды, бұл біртіндеп қалыптасады.

- Бұл жандардың сотталуы – арнайы қызметтің жеңісі ме әлде қоғамымыздың трагедиясы ма? Мен соңғысы деген пікірді көбірек қостар едім. Адам іштен мұндай өшпенділікпен тумайды, бұл біртіндеп қалыптасады. Қоғамнан шетқақпай көру, әлеуметтік қорғансыздық, жұмыссыздық - оларды бұл жолға осылардың қайсысы итермеледі? Екіншіден, ақпарат және байланыс министрлігі, білім министрлігі, дін істері агенттігі халыққа дұрыс ақпарат тарататын ақпараттық алаң неге құрмайды? Сириядағы жағдай жайлы YouTube, әлеуметтік желілер арқылы ақпарат алған адамдар сол жаққа кетуді, тіпті соғысуды ойламаса да, сол жақта тұру үшін сол жаққа кету туралы шешімді аз уақыт ішінде қабылдаған. Міне, қандай мықты жұмыс істеген! Ондай жұмысқа сараптамалық бағдарлама, хабарлар, түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы қарсы тұруға болады, - дейді Нұрпейісов.

Сотталушылардың адвокаттары Қазақстанда дәстүрлі және дәстүрден тыс ағымдардың ара жігін дұрыстап ажыратып алу керек деген ойларын да айтты.

Балқаштың сегіз тұрғыны 2016 жылғы маусымда өзге тұтқындау оқиғалары тұсында ұсталды. Арнайы қызмет әлдебір заттарды жасыру үшін терроршылар деп болжанған адамдар Балқаш қаласы, Гүлшат ауылы және Балқаш станциясы маңында дайындаған төрт орын табылғанын хабарлаған болатын. Әлгі орындардан қару-жарақ, оқ-дәрі және қолдан жасалған жарылғыш заттардың бөлшектері, химиялық заттар, жарылысты іске қосатын құралдар, металл шыбықтар табылған. Күдіктілерді ұстау кезінде «террористердің» бірі тұратын үйдің шатырында жарылғыш құрылғы іске қосылып, ол адам жарақаты салдарынан өлген.

Қауіпсіздік шараларын күшейту үшін олардың соты Қарағанды облыстық сотына жапсарлас салынған әрі сыртқы есігі бөлек, өзге процестерге қатысушылар кірмейтін бөлек ғимаратта өтті. Сотталушыларды қара бетперде киген қарулы жасақтың арнайы күзеті әкеліп жүрді. Соттың жабық түрде өту себебі сот кезінде мемлекеттік құпия саналатын жайттар қозғалуы мүмкін деген уәжбен түсіндірілді. Үкімді жеңілдетуге себі тиер деген үмітпен іске қатысты айыпталғандардың бәрі дерлік процессуалдық келісім жасау туралы өтініш берген болатын. Қайрат Қасымов төрағалық еткен сот олардың өтініштерін қабылдамады.

Баспасөз өкілдері мен айыпталушылардың туыстарына қатысуға рұқсат етілген үкімді жариялауға жұрт көп жиналды. Сотталушылар «бала-шағамыз бен туыстарымызға кесірі тиеді» деген уәжбен өздерін және отбасы мүшелерін фотоға түсірмеуді сұрады. Кей сотталушылардың әйелдері күйеулерінің мұндай қылмыс жасағанына сенбейтінін айтты. Үкім жарияланғанда туыстары үнсіз жылап, кейбірі журналистерді қарғап жатты.

XS
SM
MD
LG