Accessibility links

"Болашақ" бағдарламасының бұралаң жолы


Вашингтондағы Капитолий алдында Қазақстан туын ұстап тұрған қазақстандық студент. (Көрнекі сурет.)
Вашингтондағы Капитолий алдында Қазақстан туын ұстап тұрған қазақстандық студент. (Көрнекі сурет.)

Қазақстандық студенттерді шетелде даярлау жүйесі кейін олардың елде жұмыс істеуіне қатысты туатын жанжалдарға үнемі түрткі болады. Мұның сыры неде?

"Болашақ" бағдарламасы іске қосылған 24 жылдың ішінде шетелдің жоғарғы оқу орындарында 9593 қазақстандық маманды даярлап шығарды. Қазіргі таңда 5552 түлек шетелде білім алуына бюджеттен жұмсалған ақшаны "жұмыс істеп өтеп" жүр. Яғни, келісім-шартқа сәйкес, түлектер Қазақстанға оралып, кейбірі үш жыл, енді бірі бес жыл мамандығы бойынша жұмыс істеуі тиіс. Қазақстанда білікті мамандар санын көбейтуді көздейтін ел стратегиясы тұрғысынан алғанда, келісім-шарттың мұндай талабы, бір қарағанда, қисынды көрінеді. Бірақ, бұл бағдарлама шынымен жатық жұмыс істей ме?

ҚАЖЕТІ БОЛМАЙ ҚАЛҒАН "БОЛАШАҚ" ТҮЛЕГІ

Арман Сұлтанғазин "Болашақ" бағдарламасы бойынша түскен оқуын 2010 жылы тәмамдаған. "Мемлекеттік басқару" бағдарламасы бойынша шетелде оқуын аяқтағаннан кейін Сұлтанғазин Қазақстанға оралған әрі келген бетте мемлекеттік құрылымдарға түйіндемесін жолдай бастаған. Ол тілді, заңдарды, Конституция мен этика кодексін білу деңгейін тексеретін бүкіл сынақтан өткен, бірақ "жұмыс тәжірибесі жоқ" деген уәжбен оны жұмысқа қабылдамаған.

- Біреу-міреу қоңырау соғып, [жұмысқа] шақыратын шығар деген үмітпен бекерге қол қусырып отыра алмадым. Күн көріске ақша керек. Ақыры жеке меншік фирмалардан жұмыс іздеуге тура келді, - дейді "Болашақ" түлегі Азаттыққа.

Жеке меншік компанияға орналасқан Арман жұмыс орнынан анықтаманы үнемі "Болашаққа" жіберіп отырған, ал бағдарлама қызметкерлері әлгі анықтамаларға қатысты "бірдеңесі дұрыс емес" деген жауап жазбаған. Бірақ Арман бес жылдан кейін тиісті жұмыс мерзімін өтегені туралы есеп өткізер кезде оның жұмыс істегені есептелмейтіні анықталған, сондықтан шетелде мемлекет есебінен оқығаны үшін кепілге қойған әжесінің пәтері "Халықаралық бағдарламалар орталығы" (ХБО) компаниясы бақылауында қалған әрі ол пәтерді кепілде ұстау шарты тағы бес жылға созылатын болып шыққан.

- "Болашақ" оқуым үшін төленген ақшаны менен өндіріп алған жоқ, бірақ бес жыл жұмыс істеп өтеуге тиіссің деген шарт қойды. Олар пәтерімді ХБО тартып алып, жұмсалған бүкіл ақшаны, оған қоса шарт талаптарын орындамағаным үшін 10 пайыз айыппұл төлеуге міндеттей алады деп үнемі ескертіп қояды, - дейді Арман.

Шетелде білім алып жүрген қазақ жастарының шағын бас қосуы. (Көрнекі сурет.)
Шетелде білім алып жүрген қазақ жастарының шағын бас қосуы. (Көрнекі сурет.)

"Болашақ" түлектерінен мұндай жағдайға тап болған жалғыз Арман ғана емес. Бағдарламаға қатысты туындаған заң мәселелері жөнінен бір-біріне көмектесу үшін "Болашақ" түлектері тіпті арнайы чат та ашқан. Қазір 20 олар тіркелген чатта ақшаны қайтарып, кепілге қойған пәтерінен айырылып қалмау үшін мамандығы бойынша жұмыс істеп өтеу проблемасын қалай шешуге болады деген тақырып талқыланады. Әлгі чатта "Болашақ" бағдарламасы бойынша білім алғандар ХБО қызметкерлерімен сөйлесу тәжірибесімен бөліседі.

"БӘЛКІМ, ПРОБЛЕМА МАМАНДЫҚТА ЕМЕС ШЫҒАР?"

"Болашақпен" білім алып шыққандардың айтуынша, бағдарламада түлектердің мамандықтар мен қызметтер сәйкестігінің әлдебір тізімі қарастырылмаған. "Болашақ" бағдарламасының 2010 жылғы түлегі Майгүл Садықова жеті жыл өтсе де, кепілден әлі босатылмаған. Ол тіпті ХБО қызметкерлерімен кездесіп, "ХБО пікірінше, мамандығымызға сәйкес келетін жұмыстар тізімі мүлде болмағанын" анықтаған.

Жолдаған анықтамаларымызды еш қарсылықсыз, үн-түнсіз қабылдап отырды, демек келіскен деген сөз ғой немесе олар пәтерімізді иеленіп, яки біздің есебімізден ақшалы болу үшін проблемаларды әдейі айтпаған.

- Істеп жүрген жұмысымыз мамандығымызға сәйкес емес екенін ХБО қалай дәлелдемек? Олардың қолында ештеңе жоқ, бір де бір құжат, қызмет пен мамандықтың сәйкестігі тізімі де жоқ. Олар жолдаған анықтамаларымызды ештеңе деместен, яғни еш қарсылықсыз, үн-түнсіз қабылдап отырды, демек келіскен деген сөз ғой немесе олар пәтерімізді иеленіп, яки біздің есебімізден ақшалы болу үшін проблемаларды әдейі айтпаған. Егер "мына жұмыс орындарың есепке алынбайды" деп бізге әу бастан ескертсе, өзге жұмыс іздер едік немесе қызмет ететін саламызды өзгертер едік қой. Бірақ мұны олардың өздері ескерткен еткен жоқ, енді келіп жылжымайтын мүлкіміз бен ақшамызды тартып алмақ. Бұлай істеуге бола ма? – дейді ызаланған Арман Сұлтанғазин.

Шілденің 17-сі күні халықаралық бағдарламалар орталығы президенті Жанболат Мелдешов B-News порталы мен facebook әлеуметтік желісіндегі "Болашақ" парақшасында онлайн-конференция өткізген болатын. Бірақ бақылаушылар facebook-те жарияланған кей сұрақтардың жоғалып кеткенін байқаған.

"Мамандығы бойынша жұмыс істеп өтеу" тармағын алып тастау ұсынысына онлайн-конференцияда Жанболат Мелдешов "Халықаралық бағдарламалар орталығы" акционерлік қоғамы келісім-шартта жазылған талаптарды орындайтын әкімшілік ұйым деп жауап берді. Бұған қоса, "Халықаралық бағдарламалар орталығы" акционерлік қоғамы Азаттық редакциясына жолдаған ресми жазбаша жауабында бағдарлама саясатын белгілейтін орган - шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия деп жазған.

Егер стипендиат мамандығы бойынша бес жыл жұмыс істеп өтеуі тиіс болса, ол әлгі бес жылды өтеуі тиіс, бұл талап өзгермейді.

Үміткерлерді іріктеу мен олардың оқуына тікелей қатысты мәселелерді қарау міндеті республикалық комиссия құзырында екенін оның ресми сайтынан көруге болады. Бағдарлама түлегі оқуын тәмамдағаннан кейін оның жұмысқа орналасуын қадағалау жауапкершілігі және "өтелуі" тиіс мамандықтар тізімі жайлы ештеңе жазылмаған.

Келісімнің шарттарын орындауда әлдебір қиындықтарға тап болған "Болашақ" түлектеріне Мелдешов "Халықаралық бағдарламалар орталығына" хат жазуға кеңес береді. "Егер стипендиат мамандығы бойынша бес жыл жұмыс істеп өтеуі тиіс болса, ол әлгі бес жылды өтеуі тиіс, бұл талап өзгермейді" деп мәлімдеген Мелдешов онлайн-конференцияда.

Кепілге алынған мүлікке қатысты талаптарды жұмсарту үшін алған міндетін "толық өтемегендер", яғни қаржылай ауыртпалығы бар 4041 адам құзырлы орынға жүгіне алады. Бұл жайлы "Халықаралық бағдарламалар орталығы" акционерлік қоғамы ресми хатында хабарлайды.

"Мысалы, мүлікке салынған шектеуді жұмыс істеп өтеу мерзімін пропорционалды есептеу амалы арқылы алып тастау варианттары қаралады" деп жазады мекеме.

ІШКІ КИКІЛЖІҢДЕР

Халықаралық бағдарламалар орталығы қызметкерлерін "Болашақ" түлектерінен жауып келіп жатқан сұрақтар ғана емес, ішкі кикілжіңдер де абдыратып отыр. ХБО қызметкерлері орталықтың қазіргі президенті Жанболат Мелдешовті ұжымды "шымкентше" тәсілдермен басқарады деп айыптайтын хатқа қол жинап, Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісі Әділбек Жақсыбековке жолдаған.

"Жанболат Мелдешов мырза "өз қатарына" адамдарды кәсіби біліктілігі бойынша емес, аймақтық-туыстық немесе дос-жарандық белгісі, яғни "тамыр-таныстық", "протекция", "жерлестік" принципі бойынша жинай бастауы қызметкерлердің жұмыстан әдеттегідей "өз еркімен" кетуіне ұласты... Әуелі әлгі топтардан еш жерге жарамаған қызметкерлер кете бастады, біртіндеп бәріміз кететін шығармыз. Мұны фактілер ғана растай алады. Қазірге дейін акционерлік қоғамнан "Болашақтағы" орташа жұмыс стажы 4-5 жыл, ал кей адамдарда одан да көп болатын 30-дан аса адам (штаттағы қызметкерлердің жалпы санының 25%-ынан көбі) кетті" деп жазған ХБО қызметкерлері.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Болашақ" бағдарламасы студенттерінің форумында. Астана, 31 қаңтар 2008 жыл. (Көрнекі сурет.)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Болашақ" бағдарламасы студенттерінің форумында. Астана, 31 қаңтар 2008 жыл. (Көрнекі сурет.)

Бұған қоса, "Болашақ" бағдарламасы бойынша маман даярлауға бөлінген бюджеттің 470 миллион теңгесі жымқырылғаны да анықталған. Ақпарат құралдары орталық өкілдерінің "Қазақстан Республикасы қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік ішкі аудит комитетінің мемлекеттік аудит маманының 12.05.2017 ж. ұйғарымына сәйкес, 2009 - 2016 жылдары бюджеттің 472 067 121, 43 теңге қаржысы жымқырылған. Тергеу амалдары ақша ХБО есеп-шотынан ешқашан ХБО стипендианты немесе қызметкері болмаған жеке тұлғалардың карт-шоттарына аудару арқылы жымқырылғанын анықтады" деген сөздерін келтіреді.

Жанболат Мелдешов ХБО президенті қызметіне 2016 жылғы қыркүйекте кіріскен болатын. 2017 жылғы мамырда білім және ғылым министрінің бұйрығымен Жанболат Мелдешов қызметтік міндетін атқарудан уақытша шеттетілген. Ол кезде білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі ХБО басшысының міндеттерін "Халықаралық бағдарламалар орталығының" вице-президенті Мейіржан Алпысбай уақытша атқаратын болады деп мәлімдеген. Маусымның ортасында Мелдешов қызметіне қайта кіріскен, қызметкерлерінің шағым хаты үшін оған қатаң сөгіс жарияланған.

XS
SM
MD
LG