Accessibility links

Қыз алып қашу бар, қылмыстық іс жоқ


Көлігінің терезесінен көшедегі қыздарға қарап отырған жігіт. (Көрнекі сурет)
Көлігінің терезесінен көшедегі қыздарға қарап отырған жігіт. (Көрнекі сурет)

Зорлықпен ұзатылған қыздың туысы бұл әдеттен арылу үшін жастардың сауатын ашатын ұйымдар керегін айтады. Ал облыс әкімінің сөзінше, қыз алып қашу үрдісі азайған.

18 жастағы Гүлназ Бақдәулетова (аты-жөні өз өтініші бойынша өзгертілді - ред.) бір күннің ішінде өмірінің қалай астан-кестен болатынын білмеген еді. Шымкент колледжінде оқып жүрген бойжеткенді 2012 жылдың қаңтар айында таныс жігіттерінің бірі кешқұрым алдап көлікке мінгізіп, Шаян ауылына алып қашқан.

«Бұл оқиғаны қайта есіме түсіргім келмейді» дейді Гүлназ. Сондықтан оның бастан кешіргенін Азаттыққа әпкесі Гүлім (толық аты-жөнін жарияламауды өтінді - ред.) баяндап берді.

Гүлімнің сөзінше, жылағанына қарамастан күштеп үйге кіргізілген Гүлназға күйеу жігіттің жеті әпкесі жан-жағынан ұрсып, «табалдырық аттап қайта кетсең, бақытсыз боласың» деп, некесін де қидырмай жігіттің бөлмесіне кіргізіп жіберген.

Қаладан қуғыншылар жеткенше беташарын да жасап үлгерген жігіт жағы қыздың жақындарына «Жігітті сүйем деген соң амалсыз қалдырдық» деп ақталған.

- Барса сіңлімнің көзі жылап-жылап бұлаудай ісіп кеткен. «Жүр» десе, әрең сөзге келген сіңілім «Жоқ, қайтпаймын. Ұятқа қалам ғой, мамама, әкеме қалай қараймын» деп қалып қойыпты. Амал жоқ, біз де көндік, қатты өкіндік. Әдетте ондай кезде қуанудың орнына бәрі тек жылаумен болды, - дейді Гүлім.

«МҰНДАЙДЫ ЕШКІМГЕ ТІЛЕМЕС ЕДІМ»

Күннің суықтығына қарамастан беташар тойы кезінде далада күні бойы ыдыс-аяқ жуған Гүлназ ертеңінде ауырып қалады. Ауруханаға апарған кезде дәрігерлер суық тигенін айтып, дәрі жазып береді. Бірақ дәрі алуға ақшасы болмағандықтан
Қыз алып қашуға қарсы плакат.
Қыз алып қашуға қарсы плакат.
Гүлназдың жағдайы күн сайын нашарлай береді. "Қонаққа келгендей неге жата бересің?" деп күйеуінің әпкелері де тыным бермейді.

Кейін жұмыссыз күйеуі достарымен арақ ішіп, түнде келіп себепсіз ұратын да болған.

- Бір ай өткеннен кейін сіңілім хабарласып, "мені ұрып тастады, алып кетіңдерші" деді. Мамам мен туыс ағамды ертіп барсақ, сіңілім бір бөлмеде беті-аузы ісіп кеткен, аяғы мен қолын қимылдата алмай жатыр. Күйеуі мен әкесі жоқ. Енесіне "Мынау не?" десек, "Есік алдында құлап қалған" деді. Сол кезде төсекте жатқан сіңлім «Апа, неге өтірік айтасыз? Мені тоқпақтап ұрғанда балаңызды тоқтатқан да жоқсыз ғой, үндемей шәй ішіп отырдыңыз» деп зорға айтты, - дейді Гүлім.

Енесімен сөйлескеннен кейін "алды жақсы болатынына" сеніп, қыздың жақындары қалаға кете барады. Ал күйеуі аяғы ауыр болса да, Гүлназды ұруын қоймайды. Ақыры Гүлназ алты айдан кейін заттарын жинап, ата-анасына кетіп қалған. Күйеуі бірнеше рет кешірім сұрап алып кетсе де, жағдай өзгермегеннен кейін Гүлназды ата-анасы біржолата ажырастырып алған.
Небәрі екі жылға уақыттың ішінде баяғұс сіңілім бәрін көрді. Біреудің үйіне барып, таяқ жеп ауру тапты.
Зорлық көрген қыздың әпкесі.

- Небәрі екі жылға уақыттың ішінде баяғұс сіңілім бәрін көрді. Біреудің үйіне барып, таяқ жеп ауру тапты. Үйге келгеннен кейін біразға дейін жұрттың сөзінен ұялып, қиналып жүрді. Түнде ұйықтай алмай «Папа, мама, кешіріңдерші» деп жылай берді. Көп сөйлемейтін тұйық болып қалды. Оқуын қайта жалғастырып, бітіріп алды. Бірақ көп ойланып жүреді. Білдіртпей әлі күнге дейін жылап алады. Психологқа көрінуден бас тартты. Оны көріп жүрегім қан жылайды. Мұндайды ешкімге тілмес едім, - дейді Гүлім.

Гүлім оңтүстік өңірде «алып қашудың» құрбаны болған қыздардың көпшілігі ажырасып кететінін айтып, «осындағы жастардың сауатын ашатын ұйымдар болса, қыз алып қашу тыйылар еді» дейді.

«ҚЫЗДАРДЫҢ КӨБІ СОЛ ҮЙДЕ ҚАЛЫП ҚОЯДЫ»

Жақында Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі «қыз алып қашу» туралы видео жайлы жазған Азаттық мақаласы қызу талқыланған еді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданындағы зорлықпен келін түсіру оқиғасы жайлы видео:

Зорлықпен келін түсіру
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:55 0:00

Осы видеоға қатысты желтоқсанның 12-сі күні онлайн-конференция барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовке сұрақ қойылды. Әкім "облыста қыз алып қашуға қатысты арнайы статистика жүргізілмейтінін", бірақ мұндай жағдайлардың азайғанын айтты.

- Менің ойымша, көптеген адамдар мұның дұрыс емес екенін біледі. Сондықтан жекелеген жағдайларға қарап бұл жаппай болып жатқан жайт деу қате болар. 1990 жылдардың басы мен соңғы жылдармен салыстырғанда бұл (қыз алып қашу - ред.) азайды, - деді ол.

Әкім "жастар мұндай әдетті онсыз да ескілік деп білетінін" айтты.

Заңгерлердің айтуынша, «адам ұрлау» бабы қылмыстық іс қозғалуы үшін жәбір көрген қыз арыз беруі керек.
Алып қашқан қыздардың көбі келісіп, сол үйде қалып жатады. Арыз түсірмейді.
Ішкі істер департаменті өкілі.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзованың сөзінше, соңғы екі жылда қыз алып қашу бойынша бірде-бір қылмыстық іс қозғалмаған.

- Алып қашқан қыздардың көбі келісіп, сол үйде қалып жатады. Арыз түсірмейді, - деді ол Азаттыққа.

«Қыз алып қашу» салтын қазіргі Қазақстан қоғамының басым бөлігі «жабайылық» деп есептегенмен, кейбір өңірлерде ондай әдет әлі де кездеседі.

БҰҰ-ның 2012 жылы жасаған арнайы зерттеуі бойынша, Орталық Азия елдеріндегі ауылдық жерде тіркелген некелердің 80 пайызы қалыңдық ұрлау арқылы қиылған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG