Accessibility links

«Мінездемесі жақсы» телеарналар арнайы тізімге енді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан үкіметі республика аумағында міндетті түрде таралуы тиіс теле- және радиоарналардың тізімін бекітті. Кейбір сарапшылар бұл бастамаға күдіктене қарайды.

Қаңтардың 9-ы күні ресми ақпарат құралдарында Қазақстан аумағында міндетті түрде таралуы тиіс теле және радиоарналардың тізімі жарияланды.

Тізімге енген 14 арна - «Қазақстан», «Мәдениет», «Балапан», «Хабар», «Еларна», Kazakh TV, «Білім», 24 KZ, «Астана», КТК, НТК, «7 арна», «31 арна» және СТВ.

Ресми ақпаратта үкіметтің бұл тізімді «Телерадиохабар тарату» заңындағы 6-баптың 4-бөлімінде көрсетілген өкілетіне сәйкес бекіткені жазылған.

«КӨРЕРМЕН ҚАЛТАСЫНА ӘСЕР ЕТПЕЙДІ»

- Өткен 2012 жылы Қазақстанда таралатын барлық телеарналар, меншік иесіне қарамастан осы тізімге ену үшін өтініш жіберді. Үкімет жанындағы арнайы комиссия оларға мінездеме беріп, үкімет бекітті. Комиссия, рухани-ағартушылық бағдарламалары бар және елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын баяндайтын арналарға басымдық берді. Заң бойынша мұндай тізім үш жылда бір рет құрастырылып тұрады. Ендігі байқау 2015 жылы өтеді, - деді мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат және мұрағат комитетінің электрондық бұқаралық ақпарат құралдары басқармасының бастығы Ләззат Сүйіндік Азаттыққа қаңтардың 9-ы күні.

Аталған 14 арнаның хабарын елдегі спутниктік және кабельдік операторлар міндетті түрде тарату керек. Бұл міндеттеу тегін жүзеге аспайды - министрлік өкілінің сөзінше, арналар мен операторлар ол істі «өзара есептесу» арқылы шешеді. Ләззат Сүйіндік мұның «көрермен қалтасына еш әсер етпейтінін» айтты.

Бұл ретте елдегі кабельдік операторлардың бірі «Алма ТВ» аталған 14 арна өздерінің негізгі пакетінде қазірдің өзінде бар екенін айтты.
Қазақстандық арналар біздегі пакетте бар, олар болашақта да қала береді.

- Қазақстандық арналар біздегі пакетте бар, олар болашақта да қала береді. Бірақ міндеттелген арналарға қатысты әзірге бізде нақты ақпарат жоқ, сондықтан қандай да бір пікір айта алмаймыз, - деді кабельдік оператор қызметкері Анар Чайзадина.

«БИЛІКТІҢ БАСҚЫНШЫЛЫҒЫ»

Тәуелсіз журналист Сергей Дувановтың пікірінше, «биліктің бір ретке келтіру мақсатындағы қолданып жатқан шараларының барлығы – басқыншылық».

- Билік теле- және радио арналар сияқты өзіне тиесілі емес саланы басып
Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов. Алматы, 23 қазан 2012 жыл.
Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов. Алматы, 23 қазан 2012 жыл.
алмақшы. Бұл біздің мемлекеттігімізге қайшы. Меніңше, арналар - не көрсететіндігін, ал сіз бен біз - не көретіндігімізді өзіміз шешуіміз керек, - дейді журналист.

Елдегі сөз бостандығын бақылайтын «Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Калеева көрерменге арналарды іріктеп көрсетуді құптамайды.

- Арналарды іріктеудегі жалғыз өлшем көрерменнің сұранысы болуы тиіс. Егер көрермен «Хабарды» көргісі келсе, оны жай эфирден де қосып көре береді. Ал кабельді операторлар оны өздері іздеп жүріп пакетіне қосатын болады. Операторлар сұранысқа ие арналарды көрсету үшін бірталай қаржы төлейді. Меніңше, осындай нарықтық қарым-қатынас өте орынды. Ал міндеттеу арқылы арналардың сапасы кемімесе, өспейтіні анық, - дейді Тамара Калеева.

«БИЛІК ПЕН ҚОҒАМҒА ТИІМДІ БОЛУҒА ТИІС»

Телерадио хабарларын тарату ұлттық ассоциациясының директоры Шолпан Жақсыбаеваның ойынша, бұл өзгеріс «билік пен қоғамға тиімді болуы тиіс».

- Бұрын телеарналар ірі кабельді телеоператорларға 1,2 миллион теңгеге (шамамен
Телерадио хабар тарату ұлттық ассоциациясының директоры Шолпан Жақсыбаева. Алматы, 31 қазан 2011 жыл.
Телерадио хабар тарату ұлттық ассоциациясының директоры Шолпан Жақсыбаева. Алматы, 31 қазан 2011 жыл.
8 мың доллар) дейін төлеп келсе, енді үкімет міндеттеген арналар кабельді операторларға ақша төлемейтін болды, - дейді ол.

Оның сөзінше, бұл жекеменшік арналар үшін өте маңызды - «арналар үнемделген ақшаны өз өнімін жақсартуға жұмсайды».

- Осы тұрғыдан алғанда қоғам да сапалы арналар мен бағдарламалар көре алады, - дейді маман.

Шолпан Жақсыбаева бұл өзгерістерден ірі кабельді операторлар зардап шегетіндігін айтады.

- Егер бұрын олардың пайдасы абоненттік ақы, жарнама мен телеарналар төлеп келген қаржыдан құралса, енді соңғысынан еш пайда түспейтін болды, - дейді телерадио хабарларын тарату ұлттық ассоциациясының директоры Шолпан Жақсыбаева.
XS
SM
MD
LG