Accessibility links

Қазақстанда сөз еркіндігі шектеулі күйде қалды


Janaozen.net веб-порталының бас редакторы Қасым Аманжолұлы Жаңаөзен оқиғасының 100 күндігіне арналған митингіде сөйлеп тұр. Алматы, 24 наурыз 2012 жыл. Көрнекі сурет
Janaozen.net веб-порталының бас редакторы Қасым Аманжолұлы Жаңаөзен оқиғасының 100 күндігіне арналған митингіде сөйлеп тұр. Алматы, 24 наурыз 2012 жыл. Көрнекі сурет

2011 жылғы әлемдегі ақпарат еркіндігінің деңгейін бағамдаған Gallup («Гэллап») ұйымының есебінде Қазақстан баспасөз еркіндігі шектелген елдер санатында тұр. Ақпарат еркіндігі ең шектеулі ел ретінде Беларусь аталса, Финляндия 97 пайыз еркін ақпарат алып отырған ел болып шыққан.


Наурыздың 28-і Азаттық радиосына сұхбат берген Қазақстандағы сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева Қазақстанда бұрыннан шынайы сөз еркіндігі жоқ, оның соңғы бір көрінісі Жаңаөзен оқиғаларына қатысты соттың екінші күні-ақ баспасөз еркіндігін шектеп тастады деген пікір айтады.

ЖЫЛ САЙЫН ІЛІНЕТІН ТІЗІМ

Әлемнің 133 мемлекетіндегі ақпарат еркіндігін зерттеген Gallup институтының есебінде, кейбір пост-советтік елдерде, Таяу Шығыс пен Оңтүстік Африка елдерінде баспасөз еркіндігі аз екендігі айтылған. Қазақстан бұл зерттеуде баспасөзі “еркін емес” деген баға алған.

Тамара Калеева елдегі сөз еркіндігі қиын жағдайда қалып отыр, Қазақстан сөз еркіндігі шектелген елдер қатарына жатады деп санайды.

- Қазақстанда журналистерге шабуыл жасау, ақпарат өкілдерін қорқытып-үркіту, қамау немесе сотқа тарту оқиғалары жыл сайын болады. Тек өткен жылы журналистерді түрмеге отырғызған оқиға бола қоймады, дегенмен осы жылы журналист Игорь Винявский тергеу изоляторында отырып шықты, - деді Калеева.
«Әділ сөз» қорының жетекшісінің айтуынша, Қазақстанда «сөз бостандығы бар» деген сөзді ешбір халықаралық ұйым айтқан емес.
Тамара Калеева - "Әділ сөз" қоғамдық қорының президенті, баспасөз мәслихатында. Алматы, 08 қыркүйек 2011 жыл.
Тамара Калеева - "Әділ сөз" қоғамдық қорының президенті, баспасөз мәслихатында. Алматы, 08 қыркүйек 2011 жыл.

- Мен Қазақстанда сөз бостандығы қамтамасыз етілген деген ешбір халықаралық зерттеуді көрген емеспін. Freedom House («Фридом Хауз»), RWB («Шекарасыз репортерлер») жыл сайын осылай жазып келеді, - дейді ол.

Gallup зерттеуіне қатысқан ел тұрғындары Қазақстанда конституциялық заңдарда баспасөз еркіндігі мен сөз бостандығына кепілдік берілгенімен, ақпарат құралдары көптеген проблемаларға тап болып жатқанын айтқан. Сол сияқты бұл зерттеуде Freedom House және RWB сияқты халықаралық баспасөз құқығын қорғаушы ұйымдар 11 елдегі баспасөз еркіндігінің төмен деңгейде қалғанына алаңдап отыр деп айтылған.

ЖАҢАӨЗЕН СОТЫН ВИДЕОҒА ТҮСІРУГЕ ШЕК ҚОЙЫЛДЫ

Наурыздың 28-і Жаңаөзен оқиғасына қатысты өтіп жатқан сот отырысында журналистердің суретке түсіріп, видеоға түсіруіне тыйым салынды. Сот процесінің екінші отырысына жиналған журналистерге Ақтау прокурорының орынбасары Серік Әміров: «Сот төрағасының қаулысы бойынша, сот процесі кезінде сурет, видео және аудио жазбасына тыйым салынады» деп хабарлаған.

«Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева Жаңаөзенге қатысты соттың бірінші күнінде ақпарат өкілдерінің соттан видео-трансляция жасап, сот отырысын журналистердің кең көлемде қамтығаны билікке ұнамай қалған болуы мүмкін дейді.
Жаңаөзен оқиғасы бойынша өтіп жатқан сотқа кіре алмай тұрған айыпталушының туысы. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл
Жаңаөзен оқиғасы бойынша өтіп жатқан сотқа кіре алмай тұрған айыпталушының туысы. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл

- Мүмкін судья мұны өзі жасамаған шығар, оған солай жаса деп айтқан болар. Бәлкім оларға соттан жасалған алғашқы репортаждар ұнамаған болуы ықтимал, - деп болжайды ол.

Тамара Калеева заң бойынша судьяның сот отырысына қатысты қандай шешім қабылдаса да, оған құқығы бар дей келе, дегенмен бұл сот процесінің маңыздылығына байланысты қоғам үшін ашық өтуі керек еді деп санайды.

Наурыздың 27-сі күні Жаңаөзен оқиғасы бойынша айып тағылған 37 адамның үстінен сот процесі басталған. Оған 30-дан аса БАҚ өкілі қатысып жатыр, оларға тек қағаз бен қаламсап пайдалануға рұқсат берілген.

JANAOZEN.NET КЕҢСЕСІНЕ БАСЫП КІРМЕК БОЛУ

Gallup-тың баспасөз еркіндігі туралы есебі шыққан күні Қазақстанда жаңадан ашылған Janaozen.net веб-порталына әлдекімдер қоқан-лоқы жасағаны туралы хабар тарады. Веб-порталдың бас редакторы Қасым Аманжолұлының айтуынша, наурыздың 28-і, кешкі сағат бес шамасында кеңсе есігін спорттық киім киген белгісіз үш жігіт бар күштерімен жұлқылап, дереу ашуды талап еткен.

Қасым Аманжолұлы Азаттық радиосына бұл оқиғаны былай деп сипаттады:

- Есікті жұлқылап, ішке кірмекші болды. «Kім боласыздар?» деп сұрағанда, «Есікті аш! Сөйлесеміз. Нұрбол керек. Ол бізге ақша қарыз. Аш деймін!» - деп айқайлады.
Janaozen.net веб-порталының скрин-шоты. Алматы, 13 наурыз 2012 жыл.
Janaozen.net веб-порталының скрин-шоты. Алматы, 13 наурыз 2012 жыл.

Оның айтуынша, журналистер полиция шақыратынын айтқаннан кейін ғана қоқан-лоқы жасаушылар кетіп қалған. Қазір полиция келіп, кеңсеге кірмек болған адамдарды іздеп жатыр.

Қасым Аманжолұлы осыдан бір ай бұрын, Janaozen.net веб-порталы ашылмай тұрып жоғары шенді полиция қызметкерінің келіп кеңсені тексергенін, журналистердің аты-жөндерін жазып алғанын айтты. Өзін таныстырмаған, құжатын көрсетпеген полиция өкілі «Кеңсені жалға берген адамды, керек болса жер астынан суырып аламын» деп ескерткен.

Қасым Аманжолұлы Азаттық тілшісіне бір айдың ішінде осындай екі оқиғаның болғанын айта келіп: «Мен журналистердің жеке қауіпсіздігіне алаңдай бастадым» деді.
XS
SM
MD
LG