Accessibility links

«Карикатура – Қызыл кітапқа кіретін мамандық»


Суретші-карикатурист Николай Веревочкин. Алматы, 3 мамыр 2012 жыл.
Суретші-карикатурист Николай Веревочкин. Алматы, 3 мамыр 2012 жыл.

Мамырдың 3-і күні Алматыда Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күніне орай «Сөз бостандығы – сөзсіз» деп аталатын карикатура байқауының жеңімпаздары марапатталды. Қазақстанның журналистер одағы, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры және дүниежүзілік сөз бостандығы ассоциациясы бұл шараны осымен бесінші рет өткізіп отыр.

Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың айтуынша, байқауға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанның суретшілері қатысып, журналистердің өмірі мен кәсіби қызметінде кездесетін түрлі мәселелер туралы 76 карикатура түскен.

СӨЗДЕН ДЕ ҚИЫН ЖАНР

Байқаудың бірніші жүлдесін иемденген Николай Веревочкин, «карикатура мен әңгіме – екеуі бір» деп санайды.

- Әрине карикатура сөзден де қиын, салмақты әрі ұтымды. Себебі тіпті тіл білмейтін немесе жазылғанды түсіне алмаған адам көреді де, барлығын түсінеді, - деді ол Азаттық тілшісіне. Оның пікірінше, «карикатура – журналистиканың жалғасы».
Суретші-карикатурист Игорь Кийко марапаттау рәсімінде. Алматы, 3 мамыр 2012 жыл.
Суретші-карикатурист Игорь Кийко марапаттау рәсімінде. Алматы, 3 мамыр 2012 жыл.

Қазақстандағы карикатуристер байқауына белсенді түрде қатысушылардың бірі Игорь Кийко осы жолы екінші орын иеленді. Ол «Комсомольская правда в Казахстане» және «Известия-Казахстан» басылымдарында суретші – карикатурист болып қызмет етеді.

- Алдымен хоббиім еді. Өз пікірімді көпшілікке жеткізудің бірден-бір жолы. Бұл жанр - журналиске де, оқырманға да көмекші. Журналиске мақаласын күшейту үшін, ал оқырманға мақаланы түсіну үшін, - дейді Кийко.

ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА ЕНУІ ТИІС МАМАНДЫҚ

Халықаралық байқадың үшінші орнын қазақ оқырмандарына көбіне танымал Ғалым Смағұлұлы алды. Ол «Жас алаш» газетінің оқырмандары жақсы таныс. Соңғы 15 жыл осы салада қызмет етіп келе жатқан сұхбаттасымыздың пікірінше, «карикатура өте көңілді жанр болғанымен, қаламақыға келгенде өте көңілсіз» екен.


Суретші-карикатурист Ғалым Смағұлұлы марапаттау рәсімінде. Алматы, 3 сәуір 2012 жыл.
Суретші-карикатурист Ғалым Смағұлұлы марапаттау рәсімінде. Алматы, 3 сәуір 2012 жыл.
- Біздің елде біздің мамандық аз насихатталады, онымен айналысушылар да аз. Бұл да бір «Қызыл кітапқа» кірген мамандық. Шыны керек, бұл салада қызмет еткісі келетін азаматтар мардымсыз қаламақыны көргенде басқа салаға кетіп жатады, - деді Азаттыққа суретші-карикатурист.

Карикатурашы өнер адамдары ретінде ынталандыруға мұқтаж екенін айтады.

- Бұл салаға баулитын, қыр-сырын үйрететін мектеп жоқ. Сонымен бірге ақын-жазушылар айына бір рет сайыстар ұйымдастырып жатады ғой, дәл сол сияқты карикатуристерді де ынталандыратын байқаулар, сайыстар қажет деп ойлаймын, - деді мамырдың 3-і күні Азаттық тілшісіне Ғалым Смағұлұлы.
XS
SM
MD
LG