Accessibility links

Борис Супрунюктің өмірі мен тағдыры


Борис Супрунюк. Фото оның «Матерный маршрут, или По ком тюрьма плачет?» кітабынан алынды. Омбы, 1999 жыл.

Петропавлдық белсенді әрі журналист Борис Супрунюк 1990 жылдары Қазақстандағы орыстардың жағдайын қозғаған дауға араласып, қылмыстық қудалауға ұшырады. Түрмеден шыққаннан кейін Ресейге көшіп кеткен ол өмірі туралы кітап шығарып, сол жақта қайтыс болды.

Журналист әрі құқық қорғаушы Борис Супрунюк (1935-2008) Қазақстанның солтүстік аймақтарында 1989-1995 жылдары белгілі тұлға болды. Бұған қоса, Супрунюк «Мемориал» қоғамының Солтүстік Қазақстандағы бөлімшесін құрып, оның жұмысын ұйымдастырған әрі Петропавлдағы орыс және казак ұйымдарының қызметіне қатысқан. Өзі «ойдан құрастырылған әрі саяси астары бар» деп санаған қылмыстық қудалау оны Қазақстан мен Ресейге танымал етті.

Қазақстан тәуелсіздік алып, 1990 жылдары халықаралық сахнаға енді қадам басқан тұста Қазақстан халқының бірлігі туралы дау өршіп, елдегі этникалық топтардың ара қатынасы қандай болуы тиіс деген пікірталастар қызды. Борис Супрунюк «Қазақстандағы орыс мәселесі» деген атау алған дауға араласып, жергілікті бюрократиямен күресті. Бірнеше мәрте қылмыстық қудалауға ұшырап, түрмеге қамалды, ал түрмеден босаған соң Ресейге эмиграцияға кетіп, 73 жасында сол жақта қайтыс болды.

МІНБЕРДЕ ТҰТҚЫНДАУ

Журналист әрі қазақстандық баспасөз тарихшысы Андрей Свиридов ресейлік «Мемориал» құқық қорғау қоғамының Солтүстік Қазақстандағы бөлімшесі жетекшісі ретінде Борис Супрунюк елеулі бір іс тындырды деп еске алады. Оның айтуынша, Супрунюктің күш салуымен 1990 жылғы қазанның 30-ында СССР-дегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні (Совет Одағы ыдырағаннан кейін Ресейде бұл күн сол күйі қалды, ал Қазақстанда 1993 жылдан бері мамырдың 31-іне ауыстырылды) Петропавл қаласы орталығында «Бұл жерде саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш қойылады» деген жазу қашалған тас қоюдың сәті түсті. 2005 жылғы қыркүйекте әлгі орында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына» үлкен ескерткіш орнатылды. Бірақ ол кезде Супрунюк елден кеткен болатын.

Журналист әрі құқық қорғаушы Борис Супрунюк 1990 жылғы наурызда Петропавл халық депутаттары қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды. Депутат кезінде партия комитетіндегі бастықтармен оның қақтығысы тіпті күшейе түсті.

Борис Супрунюк. Фото оның «Матерный маршрут, или По ком тюрьма плачет?» кітабынан алынды. Омбы, 1999 жыл.
Борис Супрунюк. Фото оның «Матерный маршрут, или По ком тюрьма плачет?» кітабынан алынды. Омбы, 1999 жыл.

Мәскеуде 1991 жылғы тамыз бүлігі сәтсіздікке ұшырағаннан кейін Борис Супрунюк Петропавл халық депутаттары қалалық кеңесі сессиясында сөз сөйлеп, Қазақстан коммунистік партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық комитетінің бірінші хатшысы әрі халық депутаттары облыстық кеңесі төрағасы Святослав Медведевті сынады. Супрунюк Қарағанды және Қостанай өңіріндегі партия обкомдарының бұрынғы хатшылары сияқты Медведев те бүлікшілерді жұрттың бәрінен көп қолдап көзге түсті, сондықтан отставкаға кетуі тиіс деп мәлімдейді.

- Әлгі сессияға Медведевтің өзі төрағалық еткен болатын. Сол жерде жабайы көрініс болып - облыстық кеңес төрағасы Медведевтің нұсқауымен милиционерлер депутат Супрунюкті мінберде тұрған жерінен сүйреп түсіріп, алып кетті. Ол айғайлап, қарсылық көрсеткенімен, жұрттың бәрі ештеңе болмағандай түр танытты. Әлгі «бұзақылығы» үшін оны аудандық ішкі істер бөліміне апарған. Ол абақтыда 10 күн бе әлде 15 күн бе отырып шықты әрі оның үстінен қылмыстық іс қозғалды, - дейді Андрей Свиридов.

Әлгі қылмыстық істі қарау бір жылдан аса созылды. Бірақ Супрунюк те қарап жатпай, өзінің «Глас» деген газетінде Медведевті әпербақан басшы етіп көрсеткен «Медведев на воеводстве» деген үлкен мақала жариялады. 1992 жылы Медведев экология министрі болып ауысқаннан кейін Супрунюк Солтүстік Қазақстан облысының жаңа басшысы Владимир Гартманмен текетіреске түсті. Әлгі кезеңде жала жапты деген айыппен «Глас» газетіне қарсы қылмыстық іс қозғалып, Супрунюкке айыппұл салынды. Ол соттың әлгі шешіміне қатысты шағыммен1993 жылғы мамырда конституциялық сотқа дейін жетті, бірақ жеңілді.

СОТ, ТҮРМЕ ЖӘНЕ ЭМИГРАЦИЯ

1993 жылдың аяғына қарай, ал бұл кезде «Глас» газеті шықпай қалған болатын Борис Супрунюк сот сергелдеңінен әбден тұралаған тағы бір оппозициялық газет - «Вознесенский проспект» басылымын «қолына алады». Бірақ кейін бұл газет те сот үкімімен жабылады. 1994 жылы Супрунюк бұрынғы «Глас» газетін қайта шығара бастайды.

«Приднестровьенің бықсыған көмірлері» («Тлеющие угли Приднестровья») деген мақаласында ол [қазақстандық] шенеуніктердің орашолақ саясаты Молдованың Ресей ықпалына түскен сепаратистік бөлігі - Приднестровьедегі сияқты оқиғаларға душар етеді деп жазды. Қазақ тілінде шығатын кей газеттерде Супрунюкті сынаған мақалалар шықты.

Сол тұста Абайдың философиялық трактаты - «Қара сөздерінің» мағынасын бұрмалады деген айыппен Супрунюктің үстінен іс қозғалған еді. Әлгі іс сотқа дейін жетіп, 1994 жылғы қыркүйекте Петропавл қалалық соты оны «ұлтаралық араздық қоздырды» деген айыппен шартты жазамен бір жылғасоттады, апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бірақ жоғарғы сотта Супрунюкке өзіне тағылған айыптардың қисынсыздығын дәлелдеп, үкімнің күшін жойдырудың сәті түсті.

Борис Супрунюктің «Матерный маршрут, или По ком тюрьма плачет?» кітабының мұқабасы. Омбы, 1999 жыл.
Борис Супрунюктің «Матерный маршрут, или По ком тюрьма плачет?» кітабының мұқабасы. Омбы, 1999 жыл.

1990 жылдардың бас кезінде Қазақстандағы орыс казактары мен Супрунюк онша тіл табыса алмады, мұны оның «Еще не казачество, но уже не ребячество» деген мақаласынан байқауға болады. Бірақ 1994 жылдан бастап - «Орыс қауымының» облыстық филиалын құрғаннан кейін оның казактармен арасы түзелді.

1994 жылдың жазында Супрунюк АҚШ-та эмиграцияда болып Ресейге оралып келе жатқан жолында Владивосток пен өзге ірі қалаларға тоқтаған диссидент жазушы, ГУЛАГ-тың бұрынғы тұтқыны Александр Солженицынмен Омбыда кездеседі. Әлгі кездесу кезінде Супрунюк «Қазақстанда орыстардың құқығы тапталып жатыр» деп шағынып, мұны Солженицын кейінгі сұхбаттарының бірінде айтқан болатын.

Көп ұзамай Супрунюктің үстінен тағы бір қылмыстық іс - бірақ бұл жолы Супрунюкке қатысты алдыңғы қозғалған іс бойынша өткен сот процесі кезінде жанжалдасып қалған прокурорды қорлады деген айыппен қозғалады.Іс сотқа дейін жетіп, 1995 жылғы мамырдың 11-і күні Супрунюк екі жылға сотталады.

Түрмеден босағаннан кейін Борис Супрунюк Қазақстаннан Ресейге көшіп кетті. Ол Омбыға барып, 2008 жылы 73 жасында қайтыс болды. 1999 жылы Борис Супрунюк Омбыда «Матерный маршрут, или По ком тюрьма плачет?» деген кітабын 999 данамен шығарды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG