Accessibility links

Бұрынғы әкім «Ахметовке жала жабуға мәжбүрледі» дейді


Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев сотта жауап беріп тұр. Қарағанды, 16 қараша 2015 жыл.
Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев сотта жауап беріп тұр. Қарағанды, 16 қараша 2015 жыл.

Жемқорлық қылмыс айыбымен Қарағандыда сотқа тартылған бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік Бауыржан Әбдішев «тергеушілер жалған түсінік беруге көндіру үшін қысым көрсетті» деп мәлімдеді.

Қарағанды облысының бұрынғы топ-шенеуніктері мен Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі «коррупциялық қылмыс жасады» деп айыпталатын іс бойынша негізгі сотталушылар тергелетін күн бірнеше мәрте кейінге қалдырылған еді. Іске қатысты негізгі айыпталушылар «іс материалдары 300 томнан асады» деген уәжбен дайындалуға уақыт беруді сұраған.

Елдің бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов сотталушылардың бәрі тергеліп біткен соң ғана түсінік беретінін айтты.

Бұрын Қарағанды қаласы әкімі мен қоршаған ортаны қорғау вице-министрі қызметін атқарған Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев 16 қарашада түсінік беруді ұйғарды. Оның қамауда отырғанына бір жылдан асты. Әбдішевті «кәсіпкерлікпен заңсыз айналысқан», «қызмет бабын асыра пайдаланған» деп айыптайды.

«ДЖЕНТЕЛЬМЕНШЕ КЕЛІСТІК»

Бауыржан Әбдішев сөзін бастаған кезде отырыс залында тыныштық орнады. Өйткені оның өзі ғана емес, Серік Ахметов пен бұрын қарамағында жұмыс істеген кейбір адамдардың да тағдыры Әбдішевтің жауаптарына қарай шешілуі мүмкін.

Бауыржан Әбдішевтің мәлімдеуінше, тергеу амалдары кезінде оған қоғамда резонанс тудырған іс бойынша куәгер болуды ұсынған, бірақ ол бас тартқан соң айыпталушыға айналған.

Тергеуші «Ахметовке қарсы куәлік ет, мұны басшылық талап етіп жатыр» деді. Мұның төлеуіне «бұлтартпау шарасын өзгертеміз, «ұйымдасқан қылмыс» бабы бойынша іс қозғамаймыз, айыптау бабын ауыстырамыз» деп уәде етті.

– Ол кезде мен әлі әкім болмасам да, маған тіпті «2009 жылы сатып алған пәтеріңді де пара ретінде айып етіп тағамыз» деді. Кейінірек «ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі ретінде 12 жылға сотталуға дайындала бер» деді. Мен «жақсы, мұны сот шешсін» дедім. Кейін тергеуші «Ахметовке қарсы куәлік ет, мұны басшылық талап етіп жатыр» деді. Мұның төлеуіне «бұлтартпау шарасын өзгертеміз, «ұйымдасқан қылмыс» бабы бойынша іс қозғамаймыз, айыптау бабын ауыстырамыз» деп уәде етті. Маған «СтальЦинк» компаниясын қорғаныс министрі қызметінен босатылған Серік Ахметовтің меншігі деп айтуды ұсынды. Бәрі осыдан кейін басталды. Біз «джентельменше келісіп», мен куәлік ете бастадым. Бірақ уақыт өтіп жатты, ақыры маған бұлтартпау шарасын өзгерту мен айыпты өзге бапқа ауыстыру мүмкін еместігін айтты. Сөздерінде тұрмағаны үшін өзге сипаттағы түсінік беруді ұйғардым. Сондықтан әуелі берген түсініктерімді дұрыс емес және шындыққа жанаспайды деп тануды сұрадым, әлі де сұраймын. Түпнұсқаны қайтаруды, ал көшірмесін іс материалдарына қосуды өтінемін, – деді Бауыржан Әбдішев.

Сотталушылардың адвокаттары бұл өтінішті құптады. Ал айыптаушы тарап өзгеше позициясын жариялады.

– Біз көшірмелерді іске қосуға қарсы емеспіз. Бірақ терістеу жайлы шешімді бәрібір дайындаймыз, – деді прокурорлардың бірі.

Сот көшірмені іс материалдарын қосу және кеңесуші бөлмеге барып, оған баға беру туралы қаулы қабылдады.

«АЙЫПТАР – САНДЫРАҚ, КУӘГЕРЛЕРДІ ҚОРҚЫТҚАН»

Тергеу дерегінше, Бауыржан Әбдішев Қарағанды облысында инвестициялық жоба ретінде құрылып, көшеге төселетін тас шығарумен айналысқан «ЕуроСтандарт-Қарағанды» кәсіпорны қызметінен «пайда көрген». Ал ол «кәсіпорын Қарағанды облысы игілігі үшін құрылып, жаңа жұмыс орындары ашылды, бюджетке салық түсті» деп мәлімдеп, «жеке бас пайдасын» терістейді.

Бауыржан Әбдішев тағылған айыптарды «тұтас сандырақ» деп атап, оларды мойындамайды әрі сотта тергелген куәгерлерді «қорқытып тастағандықтан» жала жапты деп мәлімдейді. Бұрынғы әкім тергеушілер келтірген «дәлел-айғақтарды», яғни қолға түскен кейбір хабарламалар мен құжаттарды, құпия тыңдалған телефон әңгімелерін заңсыз деп тануды сұрап, өтініш берді. Әбдішевтің пікірінше, әлгі мәліметтердің бәрі «заңсыз жолмен алынған» әрі олардың дәлдігі мен дұрыстығы күмән тудырады.

Серік Ахметовтің соты. Қарағанды, 16 қараша 2015 жыл.
Серік Ахметовтің соты. Қарағанды, 16 қараша 2015 жыл.

– Тергеу «менің сенімді өкілім болған» деп болжайтын кәсіпкер Сыздықовпен беттестіру бір түрлі түсініксіз өтті. Ол беттестіру кезінде бір бөлек, кейін мен шығып кеткен кезде бір бөлек сөйлей бастады. Іс бойынша айыпталушылар мен куәгерлердің құпия тыңдалған телефон әңгімелері арасында да менің бір әңгімем жоқ. Электронды хаттар да заңсыз жолмен алынған. Әлгі хат-хабарламаларды неге менен емес, кәсіпкер Сыздықовтан алған? Бұл бұрмалау екені анық, – деді түсінік берген Әбдішев.

Айыптаушы тарап оның бұл сөздеріне қарсылық білдіріп, судьядан Әбдішевтің «бұрмалау» мен «заңсыз дәлел-айғақтар» жайлы мәлімдемелерін жоққа шығаратын жазбаша құжат әзірлеуге уақыт сұрады.

Процесте Бауыржан Әбдішевтің адвокаты Серік Алпысов айыптау актісінің бұрмаланбай жазылғанына күмән келтірді.

– Айыптау нақты келтірілген зиянға, яғни іс жүзінде жеткізілген көлем мен іс жүзінде төленген көлем арасындағы айырмаға негізделуі тиіс. Ал біз сараптамаға келісім-шартта көрсетілген сома ғана алынғанын дәлелдегенбіз. Бірақ прокуратура мұны ескермей, өзгеше позиция ұстанып отыр. Бұл мені қайран қалдырады әрі шошытады. Демек прокуратураның пайымынша, Әбдішевке айыптау актісін шығаруға осы жеткілікті сияқты. Прокуратура тым құрыса ойланса еді! Бәлкім, позициясын өзгерту үшін прокуратураға мүмкіндік берерміз, – деп мәлімдеді адвокат Серік Алпысов.

Бүгінгі сотта жапа шегуші тарап – Қарағанды қаласы әкімдігі өкілінің түсініктері де тыңдалды. Бұдан ертеректе әкімдік 400 миллионнан аса теңге зиянның орнын толтыру туралы талап-арыз берген. «ЕуроСтандарт-Қарағанды» эпизодына қатысты талап-арыз сомасы 3 миллион 600 мың теңгеге бағаланған, яғни әкімдік «Әбдішев пен тағы екі сотталушының әрекеті кесірінен» осынша пайдадан қағылған. Әбдішевтің «Әкімдіктің талап-арызында неге мөр жоқ?» деген сұрағына жапа шегуші тарап өкілі «талап-арыз қылмыстық іс аясында берілген, қазір басқа ештеңе айта алмаймын» деп жауап берді.

Әбдішевтің адвокаттары тергеу органдарына сенбестік білдіріп, жедел-іздестіру қызметіне қатысты материалдарды сұрату туралы өтініш берді.

«Ахметовтің ісі» бойынша айыпталушының бірі Бауыржан Әбдішев 2014 жылдың қыркүйегінен бері қамауда отыр. Бұл іс бойынша тағы бес сотталушы қамалған. Сот қазір айыптау эпизодтарының бәрін қарап бітіп, айыпталушыларды тергеуге көшкен.

XS
SM
MD
LG