Accessibility links

«Қытай клиникасына алданған» 13 адам ақшаларының жартысын қайтарып алды


Баласы церебралды сал дертімен ауыратын Ақтолқын Мырзабекова баспасөз мәлихатында отыр. Алматы, 8 қыркүйек 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Баласы церебралды сал дертімен ауыратын Ақтолқын Мырзабекова баспасөз мәлихатында отыр. Алматы, 8 қыркүйек 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Балаларын емдеген Пекиндегі ауруханаға наразы болған қазақстандықтар ақшаларының біразын қайтарып алды. Олар шетелдік клиниканы таңдағанда сақ болу керек екенін айтады.

Алматылық Зәуре Молдабаева – сал ауруына шалдыққан үш жасар ұлын қараған қытайлық клиникаға төлеген ақшасын қайтарып алған қазақстандық 13 ата-ананың бірі. Ол Пекиндегі церебралды параличті емдейтін Лимин ауруханасының «балаңа жүйкені емдейтін 3S әдісімен арнайы операция жасаймыз» деп, алайда бұлшық етті босататын ботокс екпелер ғана салғанына наразы болған.

Қытай клиникасы өтемақы төледі
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:39 0:00
Жүктеп алу

Бірақ біз уәде еткен операцияны жасамағанына наразы болдық. Осы аптада менің операцияға кеткен 5 мың долларымды толығымен қайтарып берді, қалған ақшам – өз шығыным.

- Бұлшық еттердің түйілуін уақытша тоқтататын бұл уколдарды ұлым Қазақстанда тегін алып жүрген. Клиникада жасалған массаж секілді процедураларға еш шағымымыз жоқ. Бірақ біз уәде еткен операцияны жасамағанына наразы болдық. Осы аптада менің операцияға кеткен 5 мың долларымды толығымен қайтарып берді, қалған ақшам – өз шығыным, – дейді Зәуре Молдабаева.

Лимин ауруханасының жарнамасын 2015 жылы интернеттен көрген ана былтыр күзде сол жерде баласымен бірге бір жарым ай жатып келген. Ол операцияға – 5 мың доллар, жол шығыны мен массаж және емдік дене шынықтыру процедураларына 4 мың доллар жұмсаған.

«197 МЫҢ ДОЛЛАРДЫҢ 100 МЫҢЫН ҚАЙТАРДЫ»

Зәуре Молдабаева бастаған 13 қазақстандықтың құқығын қорғаған адвокат Сұңқар Нұрмағамбетовтің сөзінше, Қытайға 2015 жылы барып ем қабылдаған азаматтар биыл жазда шағымдана бастаған. Адвокат бұдан кейін жергілікті ақпарат құралдарына, қытайлық басылымдарға хабарласып, бұл оқиғаны ел құлағына жеткізген.

Балалары церебралды сал ауыруына шалдыққан ата-аналар мен адвокаты баспасөз мәлихатында отыр. Алматы, 8 қыркүйек 2016 жыл.
Балалары церебралды сал ауыруына шалдыққан ата-аналар мен адвокаты баспасөз мәлихатында отыр. Алматы, 8 қыркүйек 2016 жыл.

- Бұған қоса, Қытайдың Қазақстандағы бас консулына шағымдандық. Нәтижесінде аурухана бізді шақырды. Біз бірнеше ата-анамен бірге Қытайдың Гуанчжоу қаласына ұшып бардық, Пекиндегі клиника өкілдері сонда ұшып келді. Қарашаның 2-сіндегі бес сағатқа созылған кездесуімізге Қытайдағы Қазақстан консулы қатысты. Келесі күні клиника өкілдері 3S әдісі үшін жұмсалған қаржыны толығымен қайтаруға келісімін берді, - дейді адвокат.

Оның сөзінше, 13 ата-ана Қытай клиникасында жиыны 197 мың долларға шығынданған – бұл ақша операцияға, массажға, оңалту мен емдік дене шынықтыру процедураларына кеткен.

- Ата-аналар қосымша процедураларға қатысты еш наразылықтары жоқ екенін айтып, «операцияға кеткен шығынды қайтарсын» деді. Пекиндегі клиника 13 отбасыға 100 мың долларды қайтарды. Әр баланың диагнозы әртүрлі болғандықтан, операциялардың да бірнеше түрі бар, сондықтан олардың да құны әртүрлі болған, – дейді Сұңқар Нұрмағамбетов.

Балалары ДЦП-мен ауыратын, "Қытайдағы клиникаға алдандық" деген ата-аналардың адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетов. Алматы, 8 қыркүйек 2016 жыл.
Балалары ДЦП-мен ауыратын, "Қытайдағы клиникаға алдандық" деген ата-аналардың адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетов. Алматы, 8 қыркүйек 2016 жыл.

Адвокат Қазақстанның денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне «дұрыс қызмет көрсетпейтін клиникалардың тізімін жасау» туралы ұсыныс жолдағанын айтады. Оның бастамасын баласын Қытайда емдетпек болып әуреге түскен Зәуре Молдабаева да қолдайды.

- Шетелдік клиникаларды сараптау қажет. Себебі ата-аналар бар ақшасын жинап, баласын ем іздеп барып жатыр. Біздің министрліктегілер қай жерде қандай ауруды қалай емдейтінін кәсіби тұрғыда біледі ғой. Арнайы тізім болса, біз сияқты Қазақстанда тегін жасататын емді Қытайға барып қыруар ақшаға алып келушілер азаяр еді, – дейді Зәуре Молдабаева.

Арнайы тізім болса, біз сияқты Қазақстанда тегін жасататын емді Қытайға барып қыруар ақшаға алып келушілер азаяр еді.

«Сал ауруына шалдыққан балаларымызды емдетеміз деп Пекиндегі клиникаға алдандық» деген ата-аналардың жайы биыл күзден бастап жиі айтыла бастаған. Бұл жайттан Қазақстан сыртқы істер министрлігі де хабардар болған.

Пекиндегі церебралды параличті емдейтін Лимин ауруханасынан бұл оқиғаға байланысты жауап алу мүмкін болмады.

Қазақстанда «балалардың церебралды сал ауруы» диагнозы қойылған 13 мыңнан астам адам бар.

XS
SM
MD
LG