Accessibility links

Құлдықта болғандардың паналау орындары


Шымкенттегі тергеу изоляторында отырған мигрантқа ақпараттық материалдар тапсырып тұрған жергілікті волонтер. (Көрнекі сурет)
Шымкенттегі тергеу изоляторында отырған мигрантқа ақпараттық материалдар тапсырып тұрған жергілікті волонтер. (Көрнекі сурет)

Белсенділер Қазақстанда қатыгездік құрбандарының қалыпты өмірге оралуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік деңгейде стандарттар қабылдап, арнайы бірыңғай паналау орындарын ашуды ұсынады.

Тұрмыста жапа шеккен немесе адам саудасы сияқты зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарды қазақстандық мамандар мен белсенділер «қатыгездік құрбандары» деп атайды. Бірақ сарапшылардың айтуынша, ондай жандарға көмек көрсету үшін зәбір көргендер уақытша тұратын және қандай жағдайға тап болғанына қарамастан, білікті көмек алатын бірыңғай паналау орындарын ашу қажет. Қазақстанда мұндай орындар жетіспейді.

АСТАНАДАҒЫ ЖЫНЫСТЫҚ ҚҰЛДЫҚ

«Қорғау-Астана» үкіметтік емес ұйымы жанынан ашылған, адам саудасы құрбандарын уақытша паналататын «Көмек» орталығында қазір 12 адам тұрып жатыр. Олардың көбі Астанаға күнкөріс қамымен келіп, сексуалдық құлдыққа тап болғандар. Олардың арасында Тәжікстан мен Өзбекстан азаматтары бар, бірақ көбі ауылдық жерден шыққан Қазақстан тұрғындары, балалар үйінің түлектері мен кәмелетке толмағандар.

Орталық басшысы Анна Рыльдың айтуынша, Астанада еңбек құлдығына қатысты түсетін шағым сирек. Қазір орталықта тұрып жатқандардың арасында құлдықтың бұл түріне душар болған 3 адам ғана бар. Қалғандарының бәрі – адам саудасы мен жыныстық қанауға ұшыраған жандар.

Оның айтуынша, сексуалдық қанау құрбандарының көбі әлдекімдердің алдауымен Астанаға немен айналысатынын білмей келеді. Ал кейбіреулері білсе де, әдемі өмір туралы сөздерге алданып, сексуалдық құлдыққа тап болады.

Жапа шеккен әйелдерге арналған орталық. Теміртау, 14 сәуір 2014 жыл.
Жапа шеккен әйелдерге арналған орталық. Теміртау, 14 сәуір 2014 жыл.

"Мысалы, бойжеткен қызды Астанаға әкеледі де, «жолыңа кеткен шығынды өте, бізге қарызсың, қандай жұмыс болсын істейсің, бас тартуға құқың жоқ» деген шарт қояды" дейді Анна Рыль.

Зәбір көрген ер болсын, әйел болсын адам саудасы құрбандарына арналған «Көмек» паналау орталығында уақытша тұра алады. Олардың шағымдарын мамандар қарастырып, құжаттарын қалпына келтіруге және қалыпты өмірге оралуға көмектеседі.

Мұндай орталықтар Көкшетау, Алматы қалаларында ашылған. Анна Рыльдың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға арнап Астана әкімдігі жанынан жеке паналау орнын ашып, келешекте оны 50 адамдық орынға дейін кеңейту жоспарланған. Бұл орталық жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.

«ҚОРҒАУДАҒЫ БАСПАНА»

Бірақ Алматы қаласындағы әлеуметтік қызметкерлер мен еріктілер қауымдастығының президенті Гүлнұр Хакімжанованың айтуынша, Қазақстанда мұндай орталықтар аз. Бұрын Қазақстанда халықаралық гранттар есебінен жұмыс істеген дағдарыс орталықтарының көбі қазір жабылып қалған. Енді белсенділер «мұндай ұйымдарды мемлекеттің өзі ашуы тиіс» деп санайды, әрі үкіметтік емес секторға көмектесуін сұрайды.

Әлеуметтік қызметкерлер мен волонтерлер қауымдастығы батыс елдері үлгісімен қатігездік құрбандарына арналған «қорғаудағы баспана» деп аталатын бірыңғай паналау орталықтарын ашу жобасын әзірлеген.

Алматы қаласындағы әлеуметтік қызметкерлер мен волонтерлер қауымдастығы президенті Гүлнұр Хакімжанова. Астана, 26 маусым 2014 жыл.
Алматы қаласындағы әлеуметтік қызметкерлер мен волонтерлер қауымдастығы президенті Гүлнұр Хакімжанова. Астана, 26 маусым 2014 жыл.

Гүлнұр Хакімжанованың айтуынша, егер мұндай орындар ашылса, оны зорлық-зомбылыққа ұшыраған үлкен де, кіші де паналай алар еді. Оның пікірінше, бұл орындар белгілі мекен-тұрағы жоқ жандарға арналған орталықтар үлгісімен ашылуы тиіс. Онда қатыгездік құрбандары ес жиып, басқа баспана мен жұмыс тапқанша тұра алады.

"2008 жылдың 28 желтоқсанында қабылданған арнайы әлеуметтік қызмет түрлері туралы заңның «Қиын жағдайға тап болған адамдар» деген бабында бұл топқа жататындардың 10 категориясы аталған. Оның бірі – қатігездік құрбандары. Заң бабында «мұндай жандарға кепілді қызмет көрсетілуі тиіс» деп жазылған. Бірақ кімге, қалай және қандай көлемде кепілді қызмет көрсетілетіні туралы ештеңе жазылмаған" дейді Гүлнұр Хакімжанова.

Оның айтуынша, бұл заңға қосымша құжат қабылданып, онда көрсетілетін қызметтер стандарты қалыптасуы тиіс. Бірақ әзірше ондай құжат жоқ болғандықтан, бұл қызметтерді мемлекет бюджетінен қаржыландырмайды.

«Қорғаудағы баспана» жобасын халықаралық көші-қон ұйымы арқылы қарауды ұсынамыз. Онда ішкі істер министрлігі (ІІМ), білім министрлігі сияқты әр ведомствоға тиісті міндет жүктеледі. Бұл ведомстволардың арасындағы өзара әрекеттестік процедуралары да айқын жазылатын болады. Ал әзірше олар бұл іспен айналыспай отыр" дейді Гүлнұр Хакімжанова.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігіне қарасты амбулатория-емханалық көмек басқармасының ақпараты бойынша, жыл сайын тұрмыстағы әр сегізінші әйел отбасындағы зорлық-зомбылыққа душар болады, әрі олардың шамамен 500-і қаза табады екен. Ал әрбір үшінші бала тұрмыстық жанжалға куә болады немесе оның құрбанына айналады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG