АЛҒАШҚЫ ЖӘНЕ АҚЫРҒЫ КЕЗДЕСУ
– Композитор туралы «Қайран, Шәмшіден» басқа деректі фильм жоқ екен. Осы туындыны жасауға қалай қол жеткізген едіңіз? Арнайы тапсырыс болған ба еді, әлде өзіңіздің жеке ұмтылысыңыздың нәтижесі ме?
– 90-шы жылдардың басында «Қазақтелефильмге» қызмет ауыстырып келдім. Деректі фильм түсіруді енді-енді бастап, кірісіп жүрген кезім еді. Бұл іске түрткі болып, бел будырған – Қазақ радиосынан Шәмші аға жайында дайындалған бағдарламаны тыңдауым болды.
Сол бір кездейсоқ естіп қалған радиохабар арқылы Шәмшінің әңгімесін алғашқы рет көңіл қоя тыңдадым. Содан ойға қалдым. «Япыр-ау, бұл кісі қайда жүр? Оның замандасы біз білмесек, кейінгі ұрпақ мүлде білмей кетеді ғой » деген ой жетегімен ертеңінде бастығыма кіріп, Шәмші аға туралы фильм түсіргім келетіндігін айттым.
Марқұм Кәрім Танаев деген киногер жақсы адам еді. Менің ойымды бірден құптап, тапсырысыма қол қойып берді. Содан фильмнің сценарийін жазайын десем, материал жоқ.
1991 жылдың қысында Орталық концерт залында Шәмші ағаның 60 жылдығына орай концерт өтті. Сол кешті таспаға түсіргенім болмаса, сазгермен жақын сөйлесу мүмкіндігі болмады. Онда да көпшіліктің қаумалай берген соң жанына жақындай алмағанмын. Сәті түскенде жақсылап әңгімелесермін деген ойменен қайтып кеттім.
Арада бірнеше ай өткен соң, әркімнен сұрау сала жүріп, әупірімдеп қайта таптым. Бұл кезде Шәмші аға Шымкент шаһарынан 200 шақырым жерде тұратын қарындасының үйінде қатты ауырып жатқан еді.
Естіген бойда, сол күнгі кеште-ақ поезбен операторымды ертіп, екеуміз бүкіл құрал-саймандарымызды арқалап, Шымкентке тарттық.
ШӘМШІНІҢ БОЙ ЖАЗУЫ
– Шәмші ағамен қандай жағдайда кездестіңіздер?
– Аллатағаланың көмегін айтсаңызшы, біз барар қарсаңда аурудан әлсіреп, ес-түссіз жатқан Шәкең, біз барғанда бой жазып, далаға шығып орындықта отыр екен. Фильмдегі көпшілікке таныс бейнесі – сол қатты науқастан есін қайта жыйып отырған кезі... Көп әңгімелесуге шамасы да келмеді. Әр сөзінен соң дем алдырып алып, «халыққа керек-ау» деген нақты-нақты сұрақтарды қоюға тырыстым.
Мәселен, «Менің Қазақстаным!» әнінің туу тарихын сұрағанымда, Шәмші аға: «Кезінде біздің солтүстігіміздегі бес облысты «целинный край» етіп бөліп жатқанда, «Менің Қазақстаным!» деп жазған ұран әніміз еді...» дегені бар. Шәмшінің осы бір бейнетаспадағы дара бейнесі оның өмірінің соңғы сәттерінде түсірілген.
– Сол бір дидарласудан Шәмші болмысы туралы қандай ой түйдіңіз?
– Адамның неғұрлым кемелденген сайын соғұрлым қарапайым бола түсетіндігін сол жолы Шәмші ағаның болмысынан байқадым. Әңгіме үстінде, сол кездегі шенеунік туралы болсын, өзінің замандас, иықтас әріптестері – композиторлар мен әншілер туралы болсын, жалпы бір адам туралы бір ауыз жаман сөз айтқан жоқ. Осының өзі үлкен парасаттылық деп ойладым. Шәмші аға төрт жыл Сахалинде әскери қызметте болған ғой. Сондықтан да әр сөзінен тиянақтылық пен нақтылық көзге ұрып тұрды.
ӨТІНІШ ПЕН ӨКІНІШ
- Шәмші ағаның өзі осы фильмді қалай бағалады?
– Шәмші туралы деректі фильмнің түсірілімі аяқталғаннан кейін кезекті іссапарға кеттім. Қайтып келгенімде қызметтестерімнен Шәкеңнің қайтыс боларынан бірер күн бұрын: «Бір інім фильм түсіріп жатыр еді, соны көргім келеді» деген өтініш айтқандығын естідім. Әріптестерім киноны көрсетуге әрекет жасап-ақ баққан екен. Алайда, кинопленкасы кеуіп те үлгермеген ғой... Ұлы сазгерге өз бейнесін экраннан көрсете алмағаныма әлі күнге өкінемін!
«Қайран, Шәмші» фильмі негізінен, сазгер өмірі мен шығармашылығының шарықтауын жан-жақты, толыққанды көрсететін фильм болуы керек еді. Алайда, асыл тұлғаның тірі бейнесін алғашқы болып таспаға түсіргендігімді мақтан тұтамын.
Біреулер сол фильм кадрларынан үзінділер пайдаланып бейнеклип жасап, енді біреулер кітап шығарып, үлкен ән кештерінің сахна төріне жеке сурет түрінде үлкейтіп іліп қойып жатады. Шәмші – жалпы халықтық тұлға екендігінде дау жоқ! Алайда, тарихи бейнені түсіруге себепші болғандығымды бір де бір жан ауызға алмайды...
- Әңгімеңізге рақмет!