Accessibility links

Тәуелсіз сот-филологиялық сараптама: даулы мақалада ар-ожданға нұқсан келтіретін сөз жоқ


Медеу аудандық сотының судьясы Венера Тоқтарбаева. Алматы, 16 наурыз, 2009 жыл.
Медеу аудандық сотының судьясы Венера Тоқтарбаева. Алматы, 16 наурыз, 2009 жыл.

Дүйсенбіде Медеу аудандық сотында «Алма-Ата инфо» газеті мен оның талдықорғандық тілшісі Асхат Бименбетовке қарсы сот отырысы жалғасып, онда тараптар даулы мақалаға қатысты жүргізілген сот-филологиялық сараптама қорытындысымен танысты. Соттың келесі мәжілісі бейсенбіде болады.

Сотқа талап-арыз беруші жергілікті кәсіпкер Валерий Алефриенко былтыр күзде газетте жарияланған өзі туралы мақалада оның ар-ожданына тиетін, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін сөздер айтылғандықтан, редакциядан аталған мақаланы жоққа шығаруды талап етіп, моральдық өтем ретінде газеттің меншік иесі – «Жұлдыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 100 млн теңге (шамамен 667 мың АҚШ доллары) көлемінде айып өндіріп беруді сұрап отыр.

Сот отырысына келген талапкердің өкілі Петр Кутняков, о бастағы талаптарынан қайтпайтындығын сонымен қатар, айыпталушыдан мемлекеттік баж салығына қатысты барлық шығындарды өтеуді де талап ететіндігін мәлімдеді.

«Алма-Ата инфо» басылымында былтыр қыркүйекте жарияланған Асхат Бименбетовтың «Қаржы полициясы ауадан ақша жасауға көмектеседі» атты мақаласында, «KZ SHIELD» заң агенттігінің Ресейдегі «БУКА» жабық акционерлік қоғамы атынан Қазақстан аумағында ауторлық құқықтарды қорғаушы ретінде бірнеше даулы істерге араласқаны баяндалған. Бұл кәсіпорынның Қазақстан жерінде ресейлік компания атынан іс-әрекет жасауының заңдылығына күмән білдірген мақала ауторы оның басшысы Валерий Алефриенконың қазақстандық кәсіпкерлерге қоятын талабына байланысты бірқатар жайттарды саралап, көңілде секем туғызатын сауалдарға жауап іздеген.

Мақалада, ауторлық құқықтың бұзылуын желеу еткен «KZ SHIELD» кәсіпорнының басшысына Алматы облысы кәсіпкерлерінің 50 мыңнан 200 мың теңге аралығында ақша төлеуге мәжбүр болғандығы жазылған. Алматы облыстық қаржы полициясы департаменті қызметкерлерінің бірталай уақыттан бері «KZ SHIELD» кәсіпорны мен оның директорының қызметін пайдаланып келгенін баяндаған Асхат Бименбетов «лауазымды тұлғалардың Алефриенкомен ым-жымы бірге болуы да мүмкін ғой» деген күмәнді ой туындайтынын айтқан.

Аутордың өзі сотта бұл мақалада ешкімді кінәлаған сөздердің болмағандығын тек, сұрақтың болғандығын айтады. Осылай деген Асхат Бименбетов ондағы сөйлемдер мен сөздердің сот-филологиялық сараптамадан өткізілгендігін жеткізді.

Ал талапкер Валерий Алефриенконың мүддесін сотта қорғаушы Петр Кутняков даулы мақаланы сот-филологиялық сараптамадан өткізген маманды шақыртып, одан сұрақ алу қажеттігін айтты. Осыдан соң судья Венера Тоқтарбаева сот отырысын түстен кейінгі сағат 16.00-ге дейін шегерді.

Сараптаманы сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» халықаралық қорының жанындағы тәуелсіз сараптама орталығының маманы, Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің доценті Жанна Әмірова жүргізген екен. Маманның қорытындысы бойынша, мақаладағы сөйлемдер адамның ар-ожданына ешқандай да нұқсан келтірмейді:

"Тек іскерлік беделге қатысты айтылған күмәнді жайттар бар. Алайда оны жоққа шығару айыптаушы жақтың еншісінде", – дейді Жанна Әмірова.

Дүйсенбі күні кешке телефон арқылы журналист Асхат Бименбетовке хабарласқанымызда мынадай жауап алдық:

- Түстен кейінгі отырыста екіжақты жарыссөз өтті. Прокурор іске бүгін ғана кірісті. Сондықтан оған істің мән-жайымен танысуға 2 күн уақыт берілді. Ендігі сот отырысы бейсенбі күні, наурыздың 19-ында өтеді деп жоспарланды. Дәл сол күні прокурорды тыңдаған соң, осы іске қатысты шешім шығарылады деп күтілуде, – деді Асхат Бименбетов.

Айта кету керек, сот процесі барысында журналист өз құқығын өзі қорғаған болатын. "Алма-Ата-инфо" газетіне қатысты жүргізіліп жатқан бұдан басқа тағы бір іс бар.

Естеріңізде болса, «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов ауруханада емделіп жатқан жерінен биылғы қаңтар айының 6-сы күні тұтқындалып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облыстық департаментінің Тараз қаласындағы тергеу абақтысына жабылған-ды.

Былтыр 21-ші қараша күні «Алма-Ата инфо» апталық газетінде орыс тілінде жарық көрген «Елді кім басқарады – президент пе, әлде ҰҚК ме?» деп аталатын мақалада ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа Жамбыл облыстық департаменті бастығының жолдаған қызмет хаты жарияланған еді.

Осыған байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті Есіргеповке қарсы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 228-ші («Өкiлеттiктердi теріс пайдалану») және 172-ші баптары («Мемлекеттiк құпияларды заңсыз алу, жария ету») бойынша қылмыстық іс қозғап, оны жауапқа тартуда.
XS
SM
MD
LG