Accessibility links

ҰҚК: Рамазан Есіргепов қамалмайтын еді, істі ушықтырған өзі деп мәлімдейді


ҰҚК-нің баспасөз-хатшысы Кенжеболат Бекназаров. Астана, 3 ақпан, 2009 жыл.
ҰҚК-нің баспасөз-хатшысы Кенжеболат Бекназаров. Астана, 3 ақпан, 2009 жыл.

Сейсенбі күні Астанада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров ҰҚК-нің қызметкерлері «Алма-Ата ИНФО» газетінін бас редакторы Рамазан Есіргеповті оның тергеу ісіне көмектесуден бас тартқаны үшін ұстауға мәжбүр болды деп айтты.

Бүгін Астанадағы баспасөз-мәслихатында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз – хатшысы Кенжеболат Бекназаров «Алма-Ата ИНФО» газетінін бас редакторы Рамазан Есіргепов ешқайда кетпеу туралы қолхат берсе, боастылар еді, бірақ ол тергеу-тексеру ісімен ынтымақтасудан мүлде бас тартты деп мәлімдеді

-Тергеу тобының басынан –ақ Есіргеповты қамауға алу ойы болған жоқ, Есіргепов мырза бірнеше рет заңға мойынұсынатын қатардағы азамат ретінде жауап берге шақырылған болатын. Есіргепов Қылмыстық және Қылмыстық процессуалдық кодекс талаптарына бағынбай, тергеушінің шақыруына келмей қойған соң, тергеу ісіне кедергі келтіріп, шетелдің елшілігіне тығылу және басқа да арандатушылық әрекеттерге барғаннан кейін оны қамауға алу шарасын қолдануға мәжбүр болдық.

Кенжеболат Бекназаровтың сөзіне қарағанда, соңғы кезде кейбір ақпарат құралдарында Есіргеповке қатысты жарияланған ақпараттар шындыққа сәйкес келмейді, сонымен бірге «Есіргеповті ауруханада жатқан жерінен ұстап алып кетті» деген ақпаратты да ол жоққа шығарды.
- Оның жансақтау бөлімінде жатты дегені де жалған, қолымызда кардиологтың анықтама қағазы бар. Оған емін үйінде жалғастыру жөнінде кепілдік берген. Есіргеповтің үстінен қылмыстық іс қозғауымызға да оның өзі кінәлі. Оған бастапқыда келіп түсініктеме беру жөнінде қағаз жіберілді. Ал ол болса, оны бірден саясиландырып, өзінен-өзі АҚШ елшілігіне тығылды, ауруханаға жатты, - дейді қаупсіздік комитеттің баспасөз хатшысы.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз – хатшысы Кенжеболат Бекназаров «Алма-Ата ИНФО» газетінін бас редакторы Рамазан Есіргеповке ҰҚК-нің қандай айып тағып отырғанын түсіндірді.

-Тергеудің қолында «Алма-Ата ИНФО» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтің кәсіпкер Сұлтан Махмадовпен бас пайдасы үшін сыбайластықта жұмыс істегенін дәлелдейтін айғақтар бар. Атап өтерлігі Есіргепов газетте жарияланған материалдардан басқа да заңсыз жолмен аса құпия деректерді алған. ҰҚК тергеушілерінің жүргізген тергеу-тексеруі бойынша, Тараздағы белгілі "БМ" фирмасының директоры Сұлтан Махмадов көлемді ақша төлеп алып отырған комитеттің құпия материалдарын "Алма- Ата инфо" газетінің редакциясына берген,- деді баспасөз хатшысы

Кенжеболат Бекназаров Есіргеповтің өз қолымен Махмадовқа жазған бір қолжазба хатын да көрсетті.

Онда «Алма-Ата ИНФО» газетінің бас редакторының 2008 жылды мамыр айының 10-на дейін жеке өзіне 250 мың АҚШ доллары және редакцияға компьютерлік жабдықтар алу үшін 25 мың АҚШ долларын беруін сұрағандығы жазылған.

Журналистердің газетте жарық көрген қызметтік материалдар мен мемлекеттік құпия арасында қандай байланыс барлығын айтыңыз деген өтінішіне Бекназаров "Алма-Ата инфода" басылған материалдар шұғыл тергеу істерінің жүргізілу құпияларын ашқан және жекелеген азаматтардың өміріне қауіп төндіреді" деп жауап берді.

Бекназаровтың айтуынша, Махмадовтар деген атымен танымал кәсіпкер Сұлтан Махмадов ұзақ жылдар бойы этиль спиртін заңсыз өндіріп және оны сатумен айналысқан екен. Оның үстіне тараздық бір чекисті сатып алып, ол арқылы арнайы комитеттің құпия құжаттарын алып отырған. Осы құпия құжаттарды Есіргеповке қомақты көлемде ақша төлеп газетке бастырған.

Сонымен қатар Бекназаров Рамазан Есіргеповқа Қылмыстық кодекстің 228- бабына сәйкес «қызметін асыра пайдаланды» деген және 172 -бабы бойынша «құпия мәліметтерді жария етті» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Егер қылмыстық істері дәлелденсе, оның сегіз жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін екендігін айтты.

«Алма-Ата ИНФО» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов 25 желтоқсанда ҰҚКнің сұрақтарына жауап беру үшін Таразға баруы керек болатын. Бірақ сол күні түстен кейін оның денсаулығы нашарлап, Кардиолигия институтына жатқызылды.

Одан бір күн бұрын ғана Есіргепов ауруханадан шыққан еді.

Рамазан Есіргепов желтоқсан айының басында өзін ҰҚК Таразға күштеп алып кетпекші болғанда, машинадан қашып шығып, АҚШ елшілігін паналаған, соңынан ауруханаға түскен еді.
Осылайша ол өз айналасындағы бұл шым-шытырық оқиғалар басталған желтоқсан айынан бері екі рет ауруханаға түсті. Бірінші жолы ол жоғарылап кеткен қан қысымын емдеді. Одан кейін қайта түскенде, оны аурухана дәлізінен ұстап алып кетті.

ҰҚК-нің Жамбыл облыстық департаменті Рамазан Есіргеповты өзінің "Алма-Ата инфо" газетінде Сұлтан Махмадовтан заңсыз жолмен алған қауіпсіздік қызметінің құпия материалдарын жариялады деп айыптайды.

Махмадов болса, ҰҚК-нің өзін қудалауының себебі Астандағы шенеуніктердің бірінің өзінің "БМ" компаниясын тартып алғысы келіп отырғанынан деп түсіндіреді.

Қазақстан оппозициясы "Алма-Ата инфо" газетінің редкаторы Рамазан Есіргеповты босатып, қылмыстық қудалауды тоқтатуға шақырған болатын. Бұл талапты үш оппозициялық партия қолдады. Олар - Коммунистік партия, "Алға" партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы.
XS
SM
MD
LG