Accessibility links

Сочидегі «дәретхана» тақырыбы Қазақстанға жетті


Сочидегі "егіз унитаз". Twitter-ден алынған
Сочидегі "егіз унитаз". Twitter-ден алынған

Сочидегі "егіз унитаздар" тақырыбы "Астанадағы бес унитазды креативті дәретханалар" мәселесінің қозғалуына түрткі болды.

Қаңтар айының соңында Сочиге келген BBC тілшісі Стив Розенберг әлеуметтік желіде олимпиада қалашығынан кездескен екі унитазы бар дәретхананың суретін жариялаған болатын. Содан бастап «егіз унитаз» тақырыбы аз уақыттың ішінде әлеуметтік желілерді кезіп, әзіл-қалжың өзегіне айналып кетті. Тіпті президенттерді унитазға «отырғызып», келіссөз жүргізіп жатқаны туралы суреттер де пайда болған. Батыс жұртшылығын бір бөлменің ішіне бірнеше унитаздың қатар орнатылғаны ғана емес, Сочи олимпиадасына келген кейбір журналистер тұратын қонақ үйлердің әлі салынып жатқаны да қайран қалдырған.

Төмендегі суретте биатлонист Мартин Форкад «әйгілі дәретхананы» іздеп тапқан сәті:


Сочидегі «егіз унитаз» тақырыбы Қазақстандағы жұрттың ойына да қозғау салып, елдегі осыған ұқсас әлеуметтік мәселелерді талқылауға түрткі болды.

"ДӘРЕТХАНАДА САБАҚ ӨТКІЗУГЕ БОЛАДЫ"

Әлем жұрты Сочидегі «егіз унитаздарға» таңданыс білдіріп жатса, қазақстандық белсенді интернет қолданушылары әлеуметтік желіде елде одан да көп унитазы бар «шедеврлер» кездесетінін жазған.

Мысалы, ақпанның 5-і күні Anatoliy Kim есімді қолданушы Facebook-та өзі "Астана мектептерінің біріндегі" деп суреттеген бес унитазы бар «креативті» дәретхананың суретін жариялап, білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке шағым жазған.

«Министр мырза, бүкіл әлем Сочидегі олимпиада ауылында табылған делінетін біртүрлі туалеттерге күліп жатыр. Бірақ мені астаналық мектептерде оқитын балаларымызға қатысты мәселе көбірек толғандырады. Астанадағы оқу орындарының басшылары төмендегідей "шедевр креативтер" салған кезде не ойлайтындарын түсінбеймін. Өз замандарында да мұндай масқара болмаған ғой. Ол кезде әлбетте әртүрлі келеңсіз жайттар болды. Бірақ совет туалеттерінде біз бұдан гөрі оңашалау жағдайда... (бөлек кабинада - ред.) дәретке отыратынбыз. Ал қазіргі дәретханаларда сабақ өткізсе де болады. Мына жерге және бір үлкенірек мұғалімге арналған унитаз қоя салса, жетіп жатыр. Сіз не ойлайсыз?» деп жазған Anatoliy Kim.

"Астана мектептерінің біріндегі" деп суреттелген бес унитазды дәретхана. Сурет Anatoliy Kim-нің Facebook парақшасынан алынған.
"Астана мектептерінің біріндегі" деп суреттелген бес унитазды дәретхана. Сурет Anatoliy Kim-нің Facebook парақшасынан алынған.


Бұл жазба әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қолданушылар жүз шақты мәрте бөлісіп, қайта жариялаған.

Армен Гюлумян Толь есімді қолданушы Сочидегі дәретханалардың мүмкіндігі шектеулі адамдарға ыңғайлы да болуы мүмкін екенін айтып, «ал суреттегі дәретханалардың мектепке не қажет болғанын» түсінбейтінін жазған.

"Астаналық бес унитазды дәретхананы" әзілге қосқандар да бар. «Балалар есесіне комплекссіз боп есейеді» деп қағытады Olga Park есімді қолданушы.

Сочидегі дәретханалар тақырыбы интернетте қызу талқыланып жатқан кезде қаңтардың соңында сенат депутаты Мұхтар Алтынбаев Қазақстанға келетін туристер жиі шағымданатын жол бойындағы дәретханалардың сапасын сынаған еді.

Бауыржан Момышұлы көшесіндегі 76-үй ауласында тұрған дәретханалар. Қызылорда қаласы, 2013 жыл. (Сурет Нұрбай Шәкімнің блогынан алынды)
Бауыржан Момышұлы көшесіндегі 76-үй ауласында тұрған дәретханалар. Қызылорда қаласы, 2013 жыл. (Сурет Нұрбай Шәкімнің блогынан алынды)
"Біздің жолдармен жүрсең, толған стриптиз. Әйеліңмен бірге жүрсең, жарайды, ал балалармен жүрсең ше. Жол бойында бірде-бір жақсы қызмет көрсететін орын жоқ. Шетелді көп аралаймын: олармен салыстырғанда жер мен көктей. Бізді қойшы, қызмет түрі мен дәретханаларға үйреніп қалдық. Ал қонақтармен бірге жүрсең, ондай дәретханаға алып кіру қауіпті, әрі ұят. Себебі оның ішіне бірнеше жыл кімнің, қалай дәрет сындырып кеткені сайрап көрініп тұр» деген депутат.

Қазақстанда көп унитазды дәретханалардан бөлек, қаладағы көпқабатты үйлердің аулаларына қойылған «душ-туалеттер» де кездеседі. Қызылорда қаласындағы көп пәтерлі тұрғын үйдің ауласынан қазылған мұндай дәретханалар туралы Азаттық бұған дейін жазған болатын.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG