Accessibility links

Сарапшылар Кедендік одақты советтік кезеңге қарай кері кету деп есептейді


Қордайдағы кеден бекетінен өтіп бара жатқан жүк көлігі
Қордайдағы кеден бекетінен өтіп бара жатқан жүк көлігі

1 маусымнан Ресей, Беларусь және Қазақстан елдерінің Кеден кодексі күшіне енеді. Алматыдағы Саяси Шешімдер Институтында сарапшылар Совет одағына қайта оралудың бір көрінісі екендігін атап өтті. Ал үкімет мүшелері экономикалық интеграция қадамы деп бағалайды.


Қазақстан халқына арнаған жылдық жолдауында президент Нұрсұлтан Назарбаев «2010 жылдың 1 қаңтарынан бері күшіне енген Ресей және Беларуспен арадағы Кеден одағын құру – Қазақстанның барлық интеграциялық бастамаларының озығы» деп мәлімдеп, отандық кәсіпкерлерді «жаңа туған мүмкіндіктерді дұрыс бағалап, жаңа нарық кеңістігіне шығудың екпінді стратегиясын жасауға мықтап кірісуге» және «бәсекелестік артықшылықтарын жетілдіруге» шақырған болатын. Дегенмен қазақ қоғамында кедендік одаққа күмәнмен қараушылар көбейіп тұр. Осы ретте бүгін Алматыда үкімет мүшелері, сарапшылар мен бизнесмендер Кедендік одақ туралы ойларын ортаға салып, талқыдан өткізді.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ

2010 жылдың 1 қаңтары – дәл осы күннен бастап Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері Бірыңғай кедендік тарифтер бойынша келісімін күшіне енгізген болатын.

Ал маусымның 1-інен бастап одақтың Кеден кодексі күшіне енеді және үш ел арасында кедендік рәсімдеу болмайды, демек кедендік бақылау, санитарлық-эпидемиологиялық, фитосанитарлық, ветеринарлық, көліктік бақылау жойылады.

Мұның тауарларды еркін жылжыту тұрғысында айтарлықтай әсер ететіні түсінікті деген Қазақстанның сауда және экономикалық даму вице-министрі Тимур Сүлейменов кедендік одақтың Қазақстанға берері көп дейді.

- Мәселен, екіжақты сауда барысында тарифтік емес шаралардың жоқтығы. Бірыңғай кедендік тариф Ресейде – 47,7%, ал бізде – 45 % . Сондықтан бұл жерде меніңше баланс сақталып отыр. Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысты айтар болсақ, одаққа мүше елдерде электроэнергияға және өзге де табиғи монополиялық қызметтерге бірыңғай тарифтер болмайды. Тек аталған салаларды бақылаудың бірыңғай ережелері қабылданады, - дейді Тимур Сүлейменов.

Вице-министрдің сөзінше, билік елдегі бизнес өкілдерімен тұрақты кездесіп, келіссөздер жүргізіп тұрады. «Кедендік одақтың құрылуы мен ондағы тарифтерді нақтылауда да бизнес өкілдерінің пікірі ескерілді», -деді вице-министр.

АРТЫҚШЫЛЫҒЫ МЕН КЕМШІЛІГІ

Экономика ғылымдарының кандидаты, Болатхан Тайжан атындағы қордың президенті Мұхтар Тайжанның айтуынша, Кедендік одақтың бірқатар тиімді жақтары бар:

- одақтың нәтижесінде 170 миллион халқы бар орасан зор нарық қалыптасты;

- экономиканың даму жиынтығы 2015 жылы 20%-ды құрап, 400 миллион АҚШ долларын құрайды;

- технологияның келуі;

- инвестицияның саны мен сапасының өсуі;

-Қытай тарапынан қауіп бар, ал Ресей егемендіктің кепілі;

- Ресеймен діліміз жақын;

Дегенмен Кедендік одақтың кемшін тұстары да жоқ емес деп Мұхтар Тайжан оларды да атап-атап көрсетті:

- Ресей нарығы Кедендік одаққа дейін де Қазақстан үшін қол жетімді болған - нөлдік кедендік мөлшер болған;

- Қазақстан іс жүзінде дайын өнім шығармайды – экспортқа шикізаттан өзге шығаратыны жоқ, сондықтан ішкі нарықта бәсекелесе алмайды;

- үшінші елдерден жеткізілетін импорттың шектелуіне байланысты ішкі бағалар өседі;

- одаққа мүше елдердің тиісті жұмыс органдарының тең құқылы еместігі;

- ДСҰ-ға енуде мәселенің шешілмеуі;

- егемендіктен айрылу;

"ЕГЕМЕНДІККЕ ЕШ ҚАУІП ТӨНІП ТҰРҒАН ЖОҚ"

Кедендік одақтың құрылуы қазақ қоғамында дау туғызды. Бірі экономикалық жағын, ендігілері саяси астарының бар екендігін айтса, ұлт патриоттары «одақтың Қазақстан егемендігіне төнген қауіп» екендігін айтуда. Экономика ғылымдарының кандидаты Мұхтар Тайжан да бұл пікірмен келіседі.

- Кедендік одақ елдерінде ішкі шекара бақылауларының барлық түрі алынып тасталады. Яғни біздің елдердің шекаралары Совет кезіндегі режимдегідей болмақ, - дейді ол.

Дегенмен, Қазақстанның сауда және экономикалық дамуы вице-министрі Қуандық Бешінбаев бұл пікірмен келіспейтіндігін жеткізді. Оның пайымдауынша одақ – Қазақстанның экономикалық интеграцияға жасаған алғашқы қадамы.

- Егемендіктен соғыс немесе басып алу арқылы айрылуға болады. Ал Кедендік одақ – экономикалық интеграция. Ресей, Беларусь және өзге де ТМД елдері біз ең жақын ірі әріптестеріміз екендігін естен шығармауымыз қажет, - дейді Қуандық Бешінбаев.

Сарапшылардың айтуынша, болашақта Кедендік Одаққа кірем деушілердің саны арта түспек. Себебі қазіргі таңда өз елінің экономикалық саяси дамуын қалайтын әр бір мемлекет бірлесе жұмыс істеуі қажет дейді мамандар.
XS
SM
MD
LG