Accessibility links

Айдос Садықовтың түрмеде өткен күндері


Оппозиция белсендісі Айдос Садықов. Сурет Садықовтардың жеке мұрағатынан алынды.
Оппозиция белсендісі Айдос Садықов. Сурет Садықовтардың жеке мұрағатынан алынды.
Азаттық саяси тұтқындардың түрмеде өткен күндері туралы мақалалар сериясын жалғастырады. Сарапшылардың пікірінше, журналист және оппозициялық белсенді Айдос Садықов – саяси тұтқындардың бірі.

Журналист және оппозициялық белсенді Айдос Садықов биыл рақымшылыққа ілініп, сәуір айында еркіндікке шықты. Ол Ақтөбе қаласында бір бөлмелі пәтерде әйелі Наталья және екі кішкентай баласымен тұрады. Айдос Садықов осы қаладағы түрмеде отырған.

ПОЛИЦЕЙДІҢ ТҮЙМЕСІ

Айдос Садықовтың ісі бойынша сот процесі Ақтөбенің қалалық сотында 2010 жылы шілденің 13-і күні басталып, шілденің 16-сы күні үкім жария етілді. «Бұзақылық жасады» және «полицейлерге қарсылық көрсетті» деген айып тағылған 41 жастағы Айдос Садықов екі жылға түрмеге кесілді. 2010 жылдың жазында осындай айыппен алматылық белсенді Ермек Нарымбаев та түрмеге жабылды. Бұл екі істің арасындағы айырмашылық – Нарымбаев бір полицейдің, ал Садықов екі полицейдің погоны мен жейдесін жыртқан делінді.

Айдос Садықовтың жақтастары оны қылмыстық қудалаудың саяси астары бар деп есептейді. Садықовтың айтуынша, оқиға болған орындағы бейнежазбаны зерттеу жөнінде, куәгерлердің жауаптары бұрмаланғаны немесе толық ескерілмегені туралы төменгі сатыдан бастап жоғарғы сотқа дейін берген оның қорғаушыларының өтініштері қабылданбаған.
Оппозициялық белсенді Айдос Садықовтың тұтқындалған кезі. Ақтөбе, маусым 2010 жыл.
Оппозициялық белсенді Айдос Садықовтың тұтқындалған кезі. Ақтөбе, маусым 2010 жыл.

– Бұл істе зардап шеккен жәбірленуші болса, ол Садықовтың өзі екені бейнежазбадан анық көрінеді. Іс материалдары бойынша «жапа шекті» деп танылған Мүсеновтің денесінде бір сызат жоқ. Шұқанов деген полицейдің жейдесінің де мен жұлып алды деген түймелері орнында. Бұл бейнежазба YouTube желісінде бар, – дейді бұрынғы тұтқын.

Айдос Садықовқа қарсы іс бастапқыда 257-баптың (бұзақылық) бірінші бөлімі бойынша қозғалды. Екі аптадан соң ол прокуратураға арыз жазып, өзін ұрып-соққан полицияның үш қызметкері Шұқанов, Қарабеков, Мұқашевтің үстінен іс қозғауды өтінген.

– Алайда құқық қорғау органдары тарапынан мүлде қарама-қарсы әрекеттер жасалды. Тергеуші менің ісімнің өңін айналдырып, маған енді 257-баптың екінші бөлігін (бұзақылық, билік өкіліне қарсылық көрсету) жапсыра салған. Егер бұрынғы айып бойынша маған екі жыл бас еркіндігінен айыру жазасы берілуі мүмкін болса, баптың мына бөлімі өзгерген соң жаза мерзімі бес жылға дейін өсуі мүмкін еді, – дейді Айдос Садықов.

Айдос Садықов бұрын оппозициялық «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы болған. Ұзақ уақыт қоғамдық жұмыспен айналысып, наразылық акциялары мен жиындар өткізген.
Айдос Садықов сот үкімін тыңдап тұр. Ақтөбе, 16 маусым 2010 жыл.
Айдос Садықов сот үкімін тыңдап тұр. Ақтөбе, 16 маусым 2010 жыл.

Қамауға алынардан біраз күн бұрын ол 80 белсендімен бірге «Азат» ЖСДП-сынан шығу туралы өтініш жазған. Партия қатарынан шыққан соң ол оппозициялық «Гастат» қоғамдық қозғалысын, Қытайдың «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» мұнай өндіруші компаниясының кәсіпорындарында тәуелсіз кәсіподақ құрды.

– Үкім жарияланған соң қолыма кісен салып, қамауға алынғандарды тасымалдайтын «Газель» сияқты автобусқа отырғызып, Ақтөбе қаласының жұрт «бестік» деп атап кеткен тергеу изоляторына (СИЗО) алып келді. СИЗО-ны түрме деп те атайды. Әлгі «бестіктің» ресми атауы - КА 168/1 мекемесі. Ақтөбе облыстық сотының аппеляциялық коллегиясы үкімді өзгеріссіз қалдырған соң, мені жалпы тәртіптегі колонияға ауыстырды. Жұрт «алтылық» немесе «зона» деп атайтын бұл колонияның ресми атауы – КА-168/2. Әлгі «алтылықта» түрмеден шыққанша отырдым, – деп еске алады Айдос Садықов.

«БАҚЫЛАУШЫНЫҢ» ДӘРІСТЕРІ

Сот үкімі жарияланған соң Айдос Садықовты Ақтөбе қаласындағы СИЗО-ға әкеліп, жиырма шақты адам отырған камераға орналастырады.

– 18 адамға шақталған камера. Темір кереуеттер екі сатылы етіп қойылған. Маған ыдыс-аяқ, жаңа төсек жаймасын, матрас, көрпе мен жастық берді. Төменгі кереуеттен орын тиді. Камерада кереуеттен адам көп болғандықтан, кейбіреулер кезекпен ұйықтайды, – деп еске алады ол.
Камерада кереуеттен адам көп болғандықтан, кейбіреулер кезекпен ұйықтайды.


«Бақылаушы» жаңа түскен тұтқынды камера ережелерімен таныстырып шығады. Мұны тұтқынның мінез-құлқы туралы нұсқаулық десе де болады. «Нұсқаулықта» камераға кіре берісте орнатылып, пердемен қалқалай салған «терістікке» (әжетхананы солай атайды екен) қалай және қашан баруға болатыны бекітілген. Мысалы, «терістікке» адамдар тамақ ішіп отырғанда баруға болмайды, «терістікте» отырған кезде басқалармен сөйлесуге болмайды, т.с.с.

Камерада қол жуғыш пен құбыр арқылы келетін суық су бар екен.

– Сол жылғы жаз ыстық болды. Камера іші қапырық. Бөтелкеге су толтырып алып, әлгі «терістіктің» бетондалған еденінен ойылған алақандай тесіктің үстінде тұрып құйынып алатынбыз, – дейді түрмедегі тұрмысты еске алған Садықов.

Оның айтуынша, СИЗО-ның қабырғалары қалың әрі дымқыл. Камерада терезе жоқ. Терезе орнына – қабырғаның қалыңдығының бойымен бірдей шаршы етіп ойылған кішкентай тесіктер. Оларды шыныламай, бетін тормен жауып қойған. Камерада шамды үнемі жағып қояды. Есіктің үстіндегі қуысқа тығып тастаған шамға сырттан болмаса, камерадан қол жетпейді.

«ТҮРМЕНІҢ ТАМАҒЫН ІШПЕДІМ»

Айдос Садықов Ақтөбе түрмелерінде отырған кезде түрме тамағын мүлде жемегенін айтты. Ас-суды әйелі мен әпкесі алып келіп тұрған. «Гастат» қозғалысының белсенділері, мұнайшылар мен достары да тамақ әкеліп, ақшалай көмек көрсеткен.

– Алғашқы екі күн мүлде тамақ жегім келмеді. Кейін СИЗО-да отырғанда әйелім күн сайын әкеліп тұрған үйдің тамағын жедім, – дейді бұрынғы тұтқын.
Айдос Садықов "Азат" жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы жиынында сөйлеп тұр. Ақтөбе, 18 ммамыр 2010 жыл.
Айдос Садықов "Азат" жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы жиынында сөйлеп тұр. Ақтөбе, 18 ммамыр 2010 жыл.

Сәлем-сауқат алу жөнінде еш қиындық болмаған. Бірақ бастапқыда кездесуге келгендермен жолықтырмай, біраз әурелеген соң ол сотқа өзінің заңды құқықтарын ескертіп хат жазған. Содан кейін бұл мәселе де реттеліпті.

– СИЗО-ға қарағанда, колонияның тамағы нашар екен. Тамақ деп әкелетіндері - быламық сияқты дәмсіз, сұп-сұр бірдеңе. Түрін көріп, тәбетің қашып кетеді. Оның үстіне, бірдеңе жұқтырып алам ба деп қорықтым, – дейді Айдос.

Колонияда ол басқа тұтқындармен «отбасы» сияқты топтасып, сырттан келетін сәлем-сауқатты бөлісіп тіршілік кешкен.

Ол қамалған баракта розетка болған. Су қайнатқышы бар Садықов таңертең кофе ішеді екен. Тұтқынның ас мәзірі жұтаң, көбінесе тез дайындалатын кеспе және консерв болған көрінеді.

АБАҚТЫ «АВТОРИТЕТТЕРІМЕН» ӘҢГІМЕ

Айдос Садықовтың айтуынша, колония тұтқындарымен арада оншама қиындық болмапты.

– Олар да, мен де ақыл-есіміз түзу адамдар болғандықтан, басқа тұтқындармен арамыз түзу болды. Олар ұстанатын ережелер, қатал болғанымен, қарапайым. Тек есте сақтап, орындасаң болды. Мысалы, «обиженный» деген жұрттан шеттетілген адамның қолын алып амандасуға, оған қолыңның ұшын, тіпті ыдысына да қол тигізуге болмайды. Колонияда біз жеке-жеке «отбасы» болып тіршілік еттік. Яғни, өзара іш тартатын адамдар бірігіп, топтасып тұрдық. Солармен тамақтанасың, солармен әңгімелесесің. Сондықтан басқа тұтқындармен арамызда әлдебір қиындық туған жоқ, – дейді Айдос Садықов.

Бірақ ол абақты «авторитеттерімен» бірнеше рет мәрте қақтығысып қалғанын айтты. Оның ойынша, бұл қақтығыстарды түрме әкімшілігі ұйымдастырса керек.
Мені бастықтың кабинетіне шақырғаны туралы хабар зонаға лезде тарап үлгеріпті де, жұрт тексеріс менің кесірімнен болды деп ойлаған. Бұл істің тұтқындарды маған қарсы қою үшін жасаған әкімшіліктің арандатуы екенін түсіндіруге тура келді.


– Бір күні мен жататын баракта аяқ астынан тексеру жүрді. Әлгі тексерістен кейін қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің облыстық департаменті (ҚАЖКД) бастығының орынбасары мені колония бастығының кабинетіне шақырып алып, әңгімелесті. Әңгіме дейтіндей де әңгіме болған жоқ. Ол оны-мұны, «қандай проблемаларың бар?» деп сұрады. Мен «ешқандай проблемам жоқ» дедім, сонымен «әңгіме» бітті, мен баракқа қайттым. Бірақ мені бастықтың кабинетіне шақырғаны туралы хабар зонаға лезде тарап үлгеріпті де, жұрт әлгі тексеріс менің кесірімнен болды деп ойлаған. Бұл істің тұтқындарды маған қарсы қою үшін жасаған әкімшіліктің арандатуы екенін түсіндіруге тура келді, - дейді Айдос Садықов.

Оның айтуынша, тағы бірде түрме «серкелерімен» арадағы жағдай біраз ушығыпты.

– Менің әйелім 2011 жылы сәуірдің 14-і күні сағат 15-ке департамент бастығының қабылдауына жазылды. Сол күні сағат 12-лер шамасында маған «авторитеттер» мен басқа тұтқындар келді. Басында үшеуі, кейін тағы 20 шақты адам жиналып келіп, маған «егер әйелің колония бастығының үстінен шағым айтса, әйелің екеуіңе жасырын героин тастаймыз» деп қорқыта бастады. Мен оларға әйелім мен жайында ғана сөйлесетінін айттым. Арамыздағы әңгіме қоқан-лоқымен аяқталды. «Темірмен сабаймыз, екінші қабаттан лақтырып жібереміз, СПИД жұқтырамыз» деген сияқты мұндай қорқыту-үркітулер кейін де болды. Әйтеуір ондай ештеңе болған жоқ, – дейді Айдос Садықов.

ТҮРМЕ ҚАҚПАСЫНЫҢ АЛДЫНДАҒЫ ЖАРЫЛЫС

Айдос Садықов радикалды діни қауымның кейбір мүшелері жазасын өтеп жатқан түрмеде отырыпты. Кезінде бұл қауымның айналасында талай шу көтерілгені есте. 2011 жылдың ақпанында түрменің қақпасының алдында жарылыс болды. Ешкім зардап шеккен жоқ, бірақ сарапшылардың көбі Қазақстандағы бұрын-соңды болып көрмеген терроризм легі осы оқиғадан кейін басталды деп есептейді.

Садықов әлгі шудың түрмеде отырған «радикалдарды» ұрып-соғудан басталғанын айтты. Түрмедегілер өз ішінде оларды «мұсылмандар» деп атайды екен.
Колония әкімшілігі 2011 жылдың ақпанында авторитеттерге әлгі «мұсылмандарды» тәртіпке келтіруді тапсырады. Тұтқындар «мұсылмандарды» аяусыз ұрып-соғады. Әсіресе ішіндегі тоғыз адам қатты таяқ жеді, кейбірінің аяқ-қолы сынды.


– Колония әкімшілігі 2011 жылдың ақпанында авторитеттерге әлгі «мұсылмандарды» тәртіпке келтіруді тапсырады. Тұтқындар «мұсылмандарды» аяусыз ұрып-соғады. Әсіресе ішіндегі тоғыз адам қатты таяқ жеді, кейбірінің аяқ-қолы сынды. Бұл туралы сыбыс тез тарады. Бұл оқиға туралы кезінде ақпарат құралдары, оның ішінде Азаттық та жазған. Ал «мұсылмандар» колония бастығының үстінен шағым түсіргісі келмеді. Жәбірленгендердің әйелдері күйеулеріне зияны тие ме деп болған жайтты айтуға қорыққан. Соңыра түрме қақпасының алдында жарылыс болды. Прокуратура бұл теракт колония әкімшілігінің тапсырмасы бойынша «мұсылмандарды» аяусыз соққыға жыққанның салдарынан болды деп есептеді. Колония бастығы Александр Баталов пен оның орынбасары Еділ Егізековтің үстінен іс қозғалды. Іс сотқа жетіп, сотта тұтқындар, оның ішінде әлгі «бақылаушы» да бар, колония бастығы мен оның орынбасарына қарсы түсінік беріп, «мұсылмандарды» зона басшылығының бұйрығымен ұрып-соққандарын жайып салды. Айтпақшы, жапа шеккен «мұсылмандардың» өздері «колония басшылығына қоятын ешбір кінәміз жоқ» деді. Бірақ Баталов пен Егізековке төрт жылдан берді, – дейді Айдос Садықов.

2012 жылдың шілдесінде Ақтөбе облыстық сотының аппеляциялық коллегиясы Баталов пен Егізековке шығарылған үкімді күшінде қалдырып, олардың шағымын қанағаттандырмады.

Әлгі «мұсылмандарды» соққыға жығудан екі ай бұрын Айдос Садықовты «промзонаға» ауыстырыпты. «Ол жер күні-түні түрме «серкелерінің» бақылауында болған».
Ақыры, әйеліммен тілдесу үшін жүз шақты сөзден тұратын жаңа тіл ойлап табуыма тура келді.


– Қоңырау соғуға таксофонға барсам да, жанымда міндетті түрде сондай «бақылаушылардың» бірі тұрады. Ақыры, әйеліммен тілдесу үшін жүз шақты сөзден тұратын жаңа тіл ойлап табуыма тура келді. Әңгімемізді аяғына дейін толық түсінбесе де, не жайында айтып жатқанымызды бәрібір түсініп қоятын еді, – дейді бұрынғы саяси тұтқын.

ТҮРМЕДЕН ШЫҒУҒА ТАЛПЫНЫС

Айдос Садықовтың айтуынша, түрмеде болған күндерінің соңына дейін оған саяси тұтқын ретінде қараған. Оның колония-қонысқа ауыстыру, мерзімінен бұрын босатылып, жазасын шартты жазаға ауыстыру туралы жіберген өтініштері қабылданбаған.

– Заң бойынша, жаза мерзімінің төрттен бір бөлігін өтеген тұтқын өзін колония-қонысқа ауыстыруды сұрап, өтініш бере алады. Мен 2011 жылдың қаңтарында сондай өтініш бердім. Ол кезде өзімнің екі жылдық жаза мерзімімнің жарты жылын, яғни төрттен бір бөлігін өтеп қойғанмын. Алайда түрлі сылтаумен өтінішімді қанағаттандырмады, – дейді бұрынғы тұтқын.

Айдос Садықов өзін колония-қонысқа ауыстыру, кейін мерзімінен бұрын шартты босату жөнінде өтініштер берген. Шартты босату туралы 2012 жылдың ақпан айында соңғы рет берген өтініші де қанағаттандырылмады. Ақыры Садықов осы сот отырысында өзін рақымшылық жасау арқылы босатуды өтінеді. Өйткені ол сотталған бап - рақымшылық жасалатын баптардың бірі.
Айдос Садықовтың жұбайы Наталья мен қызы Шарлиз. Сурет Садықовтардың жеке мұрағатынан алынды.
Айдос Садықовтың жұбайы Наталья мен қызы Шарлиз. Сурет Садықовтардың жеке мұрағатынан алынды.

2012 жылы наурыздың 28-інде сот болып, оны рақымшылық бойынша босату туралы шешім қабылданады. Судья оның әйелінің жүкті екенін ескерген.

Кейін Наталья өзінің жүктілігін журналистер мен таныстарына «Оппозиционерлер түрмеде отырып та көбейе береді» деп әзіл-шыны аралас сөзбен түсіндірді. Ерлі-зайыптылардың бірнеше күнді бірге өткізуі үшін түрмеде арнайы бөлмелер болады. Олардың қызы Шарлиз қазір екі жасқа келді, ал ұлдары Шыңғыстың туғанына төрт ай болды. Қызы әкесі түрмеге түскен кезде, ал ұлы әкесі түрмеден шыққан соң дүниеге келді.

– Мен рақымшылыққа ілінген 200-ге жуық тұтқынның соңы болдым, – дейді Айдос Садықов.

Рақымшылыққа ілінгені туралы шешім шыққан соң уақыт «сағызша созылып өтпей қойған».

– Мені түрмеден амнистия туралы сот отырысынан 15 күн өткенде барып босатты. Соңғы түні таң атқанша көз ілмедім. Сәуірдің 13-і күні таңертең заттарымды тараттым. Түскі екі жарымда түрме қызметкерлері келіп, мені қақпа сыртына шығарды. Сөйтіп, күтіп тұрған әйеліммен, туыстарыммен қауыштым, – дейді Садықов.

Айдос Садықов қиын кезде қолдау танытқан туған-туыстарына алғысын білдірді. Әйелі Натальяға деген алғысы шексіз. Оппозициялық газеттің тілшісі болып істейтін Наталья түрмеде отырған күйеуін қорғау жөніндегі қоғамдық жұмысты ұйымдастырып, кішкентай қызын бағып-қағып, тағы бір баланы дүниеге әкеліп, тыным таппаған.

Бұл мақаланы Қазис Тоғызбаевтың Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында да талқылауға болады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG