Accessibility links

Рактан өлген баланың анасының үстінен қылмыстық іс қозғады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қостанайлық полицейлер шілденің 16-сында төрт жасар қызы Викториядан айырылып қалған қала тұрғын Наталья Сусаеваның үстінен іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Бүлдіршін қыз бауырдың қатерлі ісігінен (мультифокальды гепатобластома) қайтыс болған. Баланың әкесі оның өліміне науқасқа "қан құюға келіспей қойған" сәбидің анасын кінәлайды.

Қылмыстық іс "Абайсызда адам өліміне соқтыратын қауіпті жағдайда қалдыру" бабы бойынша қозғалған. Қостанай облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі қайтыс болған қыздың әкесінің арызы шілденің 21-і күні қабылданып, тіркелгенін Азаттыққа растағанымен, әзірше өзге түсініктеме бермеді. Ал Наталья Сусаева қылмыстық істен оның хабары жоқ екенін, полицейлер оны іспен әлі таныстырмағанын айтады.

- Баланың әкесінен ешқандай қайыр болған жоқ, Ресей мен Үндістанда емдетуге қажет ақша жинауға да көмектескен жоқ, қызым емделіп жатқанда бір рет те келген жоқ. Баланың өмірінде оның мүлде шаруасы болмады - моральдық та, эмоциялық та, өзге де қолдау танытқан жоқ, - дейді Наталья Сусаева.

Максим Сусаевтың Азаттыққа айтуынша, Қостанай, Астана және Челябинск дәрігерлері оған үш мәрте хабарласқан, сондықтан ол балаға қан құюға рұқсат берген, ал бұрынғы әйелі келісім бермеген.

Қызымның ажалы неден болғанын, Үндістанда кремация жасауға кім рұқсат бергенін білгім келеді. Мен ондай рұқсат берген жоқпын. Тіпті Викторияның қашан қайтыс болғанын да білмеймін.

Ол қызының өлімінің нақты себептерін анықтағысы келіп әрі 11 жастағы үлкен қызы да келешекте осындай жағдайға ұшырап қалмасын деген уайыммен полицияға жүгінгенін айтады. Максим Сусаев кіші қызын ажалдан құтқаруға "мүмкін болған амалдарды толық пайдаланбады" деп бұрынғы әйелін кінәлайды.

- Қызымның ажалы неден болғанын, Үндістанда кремация жасауға кім рұқсат бергенін білгім келеді. Мен ондай рұқсат берген жоқпын. Тіпті Викторияның қашан қайтыс болғанын да білмеймін. Қызымнан айырылып қалғанымды шілденің 16-ы күні отбасымыздың достары телефон соғып естіртті. Тіпті оның бейіті қайда екенін де білмеймін, - дейді Максим Сусаев.

Оның түсіндіруінше, бір жыл бұрын ажырасқаннан кейін ол қыздарымен жолығып тұруға тырысқан, бірақ әйелі тосқауыл болған. Ал Наталья Сусаева бұрынғы күйеуінің балаларымен араласып тұруына тыйым салмағанын, кедергі де болмағанын айтады. "Оған өзі ешбір ықылас, құлық танытпады", - дейді әйел.

ДЕРТ

Былтырғы қарашаның 30-ы күні кішкентай Виктория Сусаева "соқыршек" деген күдікпен Қостанай облыстық ауруханасына түскен. Анасы Наталья Сусаеваның айтуынша, операциядан кейін дәрігерлер "шапшаң өсіп бара жатқан" үлкен ісік барын анықтаған. Сәлден кейін қыздың бүйрегі жұмыс істемей қалған әрі дене қызуы 39,5 градустан түспей қойған.

- Дәрігерлердің тырысқанына қарамастан, гемотрансфузиядан (қан құю. - Азаттық), қилы дәрі-дәрмектерден еш қайран болмады. Ақыры балам қашан өледі деп күтіп отыруға дәтім шыдамады. Баламды аман алып қалу үшін әрекеттеніп көруді ұйғардым. Ресейден дәрігер шақырттым, ол кісі "дереу операция жасау керек" деді, ал оны әлгі ауруханада жасауға болмайтын болды, - дейді Наталья Сусаева.

Оның сөзінше, бұрынғы күйеуінің рұқсатын алғаннан кейін ол баланы жалға алған реанимобиль көлігімен Ресейдің Челябинск қаласындағы ауруханалардың біріне апарған.

Қан құюға келісім беру қағазына қол қойған жоқпын, бірақ ең озық әрі оңтайлы тәсілдермен емдеуді дәрігерлерден бірнеше мәрте өтіндім.

- Ол жақта 2016 жылғы желтоқсанның 20-сында Ресейдің еңбегі сіңген дәрігері бауырға күрделі операция жасады. Ал одан ары Астанадағы ана мен бала орталығында емделіп, химиялық терапия алдық. Алғашқы курс тіпті ойдағыдай өтті, бірақ кейін проблема қайта басталды. Ақпанда дене қызуы қайта көтеріле бастады, екі мәрте мұрнынан қан кетті, оған жүрек қойнауының тахикардиясы қосылды. Биылғы ақпанның 27-сінен наурыздың 5-іне дейін гемотрансфузия жасалды, бірақ жағдайы онша түзелмеді. Дене қызуы 37,5-тен 39 градусқа дейін көтеріліп, ыстығы екі айдай түспей қойды. Тамырдың соғуы жиілеп, қан қысымы да жиі көтерілді. Арасында жағдайы тұрақтала бастағандай болып, үшінші "химия" алдық, содан кейін операция жасар алдында бізді үйге жіберді, - дейді Наталья Сусаева.

Анасының айтуынша, операция жасату үшін қызы екеуі сәуірдің 27-і күні Астанаға оралған, бірақ кешкісін Виканың дене қызуы 39 градусқа дейін тағы көтерілген. Бұған қоса, Натальяның сөзінше, "Қазақстандағы мамыр мерекелеріне бола" операция жасауды кейінге қалдырған.

Теміртау қаласындағы емханада медициналық жабдықты іске қосып тұрған дәрігер. (Көрнекі сурет.)
Теміртау қаласындағы емханада медициналық жабдықты іске қосып тұрған дәрігер. (Көрнекі сурет.)

- Мамырдың 4-і күні компьютерлік томография жасатып, "бауырда ұлғайып бара жатқан үлкен ісік пайда болғаны" анықталды. Кішкентай қызымның жағдайын байқап, оны Қазақстаннан тысқары жерлерде емдетіп, операция жасатуды ұйғардым. Дәрігерлері тиісті құжаттардың бәрін дайындап берді, тіпті мамырдың 10-ы күні ұшақпен ұшуымызға да рұқсат берді. Күйеуіме хабарлап едім, ол Қазақстаннан өзге елге шығуына келісімі мен рұқсатын берді, - дейді Наталья Сусаева.

Оның сөзінше, Үндістанның жоғары білікті дәрігерлері қолдарынан келгенше тырысқан, "бірақ ісік бой бермеген". Ақыры төрт жасар Вика биыл 16 шілдеде Үндістанда қайтыс болған.

Ал Қазақстанда Наталья Сусаеваны өзінің діни наным-сенімінің кесірінен қан құюға келісім бермей, қызын емдеуге кедергі болды деп айыптайды.

- Қан құюға келісім беру қағазына қол қойған жоқпын, бірақ ең озық әрі оңтайлы тәсілдермен емдеуді дәрігерлерден бірнеше мәрте өтіндім. Дәлелді себептерге және ішкі түйсігіме сүйеніп, шетелдік клиникаларда Викторияны бізге қарағанда әлдеқайда жоғары деңгейде емдейтін шығар деп ойладым, - дейді Наталья Сусаева.

ДІНИ СЕНІМІНЕ БОЛАЙ АЙЫПТАУ

Наталья Сусаева тоғыз жылдан бері "Иегова куәгерлері христиандар қауымы" дінін ұстанады. Ол "адамның өмірі мен денсаулығы қаншалықты құнды" екенін түсінетінін айтып, олар Құдайдың берген қасиетті сыйы деп санайды. Натальяның сөзінше, қызы дертке шалдыққан сәттен бастап дәрігерлердің көмегіне жүгініп, айтқандарын орындаған, олармен үзбей хабарласып тұрған әрі қызын емдетудің ең озық тәсілдерін табуға тырысқан.

Иегова куәгерлері Інжілде жазылған "қан құюдан тартыну керек" деген өсиетті ұстанады. Бұл әр адамның діни, жеке әрі санада орныққан сенімі болғандықтан, емдеу кезінде бұл жағы да ескерілді.

- Мен тәрізді Иегова куәгерлерінің ешқайсысы медицинаға қарсы емес әрі кейбірі медицина қызметкері. Иегова куәгерлері Інжілде жазылған "қан құюдан тартыну керек" деген өсиетті ұстанады. Бұл әр адамның діни, жеке әрі санада орныққан сенімі болғандықтан, емдеу кезінде (қызымның денсаулығына алаңдауымнан бөлек) бұл жағы да ескерілді. Медицинасы жоғары деңгейде дамыған елдердің көбінде мұндай шешім тиімді деп есептеледі, өйткені емдеудің алтын стандартымен үйлеседі. Бұған қоса, дерт қаншалықты меңдегені мен ауырлататын жайттарды да ескеру керек, - дейді Наталья Сусаева.

Иегова куәгерлері діни бірлестігінің әкімшілік ғимараты алдында келе жатқан адам. Алматы, 6 шілде 2017 жыл.
Иегова куәгерлері діни бірлестігінің әкімшілік ғимараты алдында келе жатқан адам. Алматы, 6 шілде 2017 жыл.

Ол Үндістанның Банголор қаласындағы Aster CMI ауруханасының Викторияны емдеген хирург-трансплантологы Раджив Локханның "науқастарды емдеуде қан және құрамында қан бар препараттарды пайдалану бірінші таңдау болмауы тиіс" деген сөздерін келтіреді.

Викторияны емдеу кезінде қан немесе құрамында қан бар препараттардың пайдалануды шектеу өте болмашы рөл атқарды.

Алматыдағы "Иегова куәгерлері христиандар қауымы" таратқан баспасөз хабарламасында дәрігердің "Викторияны емдеу кезінде қан немесе құрамында қан бар препараттардың пайдалануды шектеу өте болмашы рөл атқарды. Ол шешуші фактор болған ісіктің агрессиялық биологиясы кесірінен көз жұмды. Викторияны құтқарып қалайық деген бүкпесіз ниетпен бар күшімізді салдық, бірақ ісік бой бермей, емдеуден қайран болмады" деген сөздерін келтірген. Ақпарат құралдарында тараған хабарды олар "діни бірлестігіміздің беделін түсіруге әдейі бағытталған әрекеттер" деп атайды.

Анасының сөзінше, қызының ажалына "гепатобластома (химиялық терапия әсер етпеуі салдарынан болған), жүрек жұмысындағы іркіліс, бауыр биологиясы салдарынан тыныс алудың қиындығы" себеп болған.

"СЕКТАҒА ҚАРСЫ КҮРЕСКЕРЛЕР"

Азаттыққа Виктория Сусаеваны Қазақстанда емдеген дәрігерлерден комментарий алу мүмкін болмады. Бірақ, "Қазақпарат" мемлекеттік ақпараттық агенттігі дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-консультативтік орталыққа сілтеме жасап, мемлекеттік ақпарат құралдарында Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының онкология бөлімі меңгерушісі Арман Әбеновтің сөздерін таратты. Ол "анасының емдеуден бас тартып, Үндістанда операция жасату ниетінен дәрігерлер мүлде хабарсыз болғанын" растаған. "Мамыр айында операция жасау үшін науқас бүлдіршінді дайындап, дәрігерлердің үлкен консилиумы өткізілген. Бірақ ісік ұлғайып, қызының халі нашарлап кеткеніне қарамастан, операция жасалатын күннің қарсаңындағы түнде анасы дәрігерлерге ештеңе айтпастан клиникадан кетіп қалған" деп жазады мемлекеттік баспасөз құралдары. Бұдан бөлек, дәрігер ұйым мүшелері тарапынан дәрігерлерге қысым жасалған деп мәлімдеген.

Ісік ұлғайып, қызының халі нашарлап кеткеніне қарамастан, операция жасалатын күннің қарсаңындағы түнде анасы дәрігерлерге ештеңе айтпастан клиникадан кетіп қалған

"Иегова куәгерлері христиандар қауымының жергілікті өкілдігі мүшелері қанды алмастыратын компоненттерді пайдалануды талап еткен. Бірақ әлгі жағдайда ондай тәсілді қолдану мүмкін емес болған", - деп хабарлайды бұқаралық ақпарат құралдары.

Алматыдағы "Иегова куәгерлері" әлгі айыптардың бәрін жоққа шығарады.

Азаттық 114 жедел желі телефоны арқылы анықтағанындай, дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-консультативтік орталық өз қызметін "бейтарап" деп сипаттайтын билікшіл "Діндерді зерттеу орталықтары қауымдастығы" алған мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін болып шықты.

114 жедел желі өкілдерінің Азаттыққа айтуынша, Виктория Сусаеваның дерті туралы ақпарат таратуға қыздың әкесі нотариус арқылы рұқсат берген. Әлгі ақпаратты Азаттыққа Максим Сусаев та растады. Ал Наталья Сусаева "қызымның фотосуреттерін де, қызым екеуіміз жайлы деректерді де таратуға ешкімге рұқсат берген жоқпын" дейді.

"Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге жәрдем көрсететін орталықтар қауымдастығы" ұйымының жетекшісі Юлия Денисенко Астананың медициналық колледжінде діни экстремизмнің алдын алу туралы дәріс өткізіп тұр. 1 қараша 2013 жыл.
"Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге жәрдем көрсететін орталықтар қауымдастығы" ұйымының жетекшісі Юлия Денисенко Астананың медициналық колледжінде діни экстремизмнің алдын алу туралы дәріс өткізіп тұр. 1 қараша 2013 жыл.

Билікшіл "Діндерді зерттеу орталықтары қауымдастығы" директоры Юлия Денисенко Азаттықтың сұрақтарына жауап беруден бас тартып, комментариді "баспасөз хабарламасы түрінде" жолдауға уәде еткен. Тамыздың 9-ы күні Азаттық тілшісі Юлия Денисенкодан University Medical Center қоры баспасөз қызметінің қолы қойылған хабарлама алды. Онда осы корпоративтік қорға енетін Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының дәрігерлері пациент Виктория Сусаеваның Үндістанға жібермегені және науқастың ұшаққа отыруына рұқсат ететіндері жөнінде ешқандай құжатқа қол қоймағаны туралы айтылған. Сонымен бірге әлгі хабарламада пациенттің анасы "қызын емдейтін дәрігер мен бөлім меңгерушісі міндетін атқаратын адамның келісімін алмастан, баланы ауруханадан өз бетімен шығарып алып кеткені" туралы жазылған.

Ол Виктория Сусаеваның ісінде қандай мүдде көздейтіні және белсенділік танытуының себебі туралы ашып айтпады. Юлия Денисенко Yvision.kz сайтындағы парақшасында жариялаған блог-мақаласына қатысты комментарийге жауабында "бауыр рагы өте жақсы емделеді" деп жазған.

"Оның емделіп кету мүмкіндігі зор еді. Амал нешік! Операцияға қоса қан трансфузиясын жасауы тиіс болған еді..." деп жазған Юлия Денисенко өз мақаласына жазған комментариінде. Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында Денисенко жоғары білімді аудармашы әрі дінтанушы ретінде көрсетілген. Оның дерегінше, Виктория Сусаеваның қазасына қатысты жайттар әлі күнге дейін анықталған жоқ.

Наталья Сусаеваның сөзінше, Юлия Денисенко мен өзге де бөтен адамдар бұл іске не себепті араласып, қызы Виктория екеуі жайлы ақпаратты таратып жүргендері түсініксіз. Ол Азаттыққа ұсынған медициналық құжаттар көшірмелерінің арасында ұшақпен ұшу баланың жағдайына кері әсер етпейтіні туралы анықтама да бар. Анықтамаға емдеуші дәрігер мен бөлім меңгерушісі қол қойған және "Ана мен бала орталығының" мөрі басылған. Дәл осы дәрігерлердің қолы қойылған тағы бір құжаттың көшірмесінде анасы науқасқа емді шетелде жалғастыру үшін "Ана мен бала ұлттық орталығына" қызын бұдан ары жатқызудан бас тартқандығы себепті ол жерден баласын қолхат беріп шығарып алғаны туралы жазылған. Наталья Сусаева "қайғыдан арыла алмай, Үндістандағы ауруханада жұрт "кішкентай патшайым" атап кеткен Викториямды қатты жоқтап жүрмін" дейді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG