Accessibility links

«Удай қымбатқа» айналған борышкер пәтері


"Асыл Арман" және " Хан Тәңірі" тұрғын үй кешендерінің тұрғындары наразылық шарасын өткізіп тұр. Алматы, 18 қыркүйек 2015 жыл.
"Асыл Арман" және " Хан Тәңірі" тұрғын үй кешендерінің тұрғындары наразылық шарасын өткізіп тұр. Алматы, 18 қыркүйек 2015 жыл.

Алматыдағы екі тұрғын үй кешенінің ондаған тұрғыны күнде кешке жиналып, пәтер ақысын бөліп төлеу шартын қайта қарау жолдарын іздейді. Теңге девальвациясынан кейін доллар қымбаттап, қарыздары ұлғайып кеткен.

Алматы қаласындағы екі тұрғын үй кешені – «Асыл Арман» және «Хан тәңірі» тұрғындары осы проблеманы талқылау үшін күн сайын жұмыстан кейін аулада жиналады. Олар пәтерді бөліп төлеу шартымен сатып алған, енді доллар күрт қымбаттап кеткен соң құрылыс компаниясымен бекітілген келісім-шартты қайта қарауды сұрайды. Келісім-шартта пәтер бағасы теңгемен көрсетілген, бірақ оның доллар бағамына қарай өзгеретіні жазылған. Тамыздың 20-сынан бастап доллар қымбаттап, қазір 270 теңге маңайында болып тұр. Сондықтан тұрғындардың қайтаратын қарыз көлемі күрт көбейген.

Белсенділердің айтуынша, ақшасын бөліп төлеу шартымен пәтер сатып алған мұндай жандар Алматыда екі мыңнан асады, ал бастамашыл топтың жиналысына 60 шақты адам келіп жүр.

«ДОЛЛАР КҮРТ ӨСЕДІ ДЕП ОЙЛАҒАН ЖОҚПЫЗ»

Зейнеткер Сайлау Аманқұлова биыл қаңтарда «ЭлитстройПроект» компаниясынан бір бөлмелі пәтерді 49 мың долларға сатып алған. «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алу үшін Сайлау Аманқұлова Алматы облысы Ұзынағаш кентіндегі үйін сатқан.

"Асыл Арман" кешенінің тұрғыны Зейнеткер Сайлау Аманқұлова. Алматы, 18 қыркүйек 2015 жыл.
"Асыл Арман" кешенінің тұрғыны Зейнеткер Сайлау Аманқұлова. Алматы, 18 қыркүйек 2015 жыл.

- Компанияға 43 мың доллар төлеп қойғанмын, қалғанын бөліп төлеуге бір жылға мұрсат берген. Айына 105 мың теңге төлеп жүргенмін, тағы алты айдың төлемі қалған. Енді доллардың жаңа бағамы бойынша 145 мың теңге төлеуге тиіспін, бірақ ондай ақшам жоқ, - дейді Сайлау Аманқұлова Азаттыққа.

Оның зейнетақысы - 70 мың теңге. Бұған дейін жетпеген ақшаны өздерінің де бала-шағасы бар екі қызы төлеп тұрған. Сайлау Аманқұлова туыстарын аралап, қыдырудан мүлде бас тартқанын және азық-түлікті үнемдей бастағанын айтады.

«Хан тәңірі» тұрғын үй кешені тұрғыны Мәдина Жанат та осындай жағдайға тап болған. Оның айтуынша, бұл тұрғын үй кешенінде пәтерлер қымбат тұрады, бөліп төлеу мерзімі - екі жыл.

- Біз пәтерді теңгеге сатып алғанбыз, сонда долларды қайдан алып отыр? Егер доллар қымбаттаса, жаңа бағаммен төлейміз деген келісім-шартқа қол қойғанымыз рас. Бірақ доллар бағамы 1-2 жылда бұлай шарықтап кетеді деп ойламаппыз. Президент [Қазақстан]доллар күрт қымбаттамайды, біртіндеп өседі деп үнемі айтып жүрді емес пе? - дейді Мәдина Жанат Азаттыққа.

«Хан тәңірі» кешенінде тұратын Мәдина Жанаттың айтуынша, тұрғындар пәтердің қарызын екі жылда қайтарамыз деп ойлаған. «Енді біз қалада пәтерлер арзандай бастайтынын, ал біздің пәтерлеріміз «удай қымбат» баспаға айналатынын түсіндік» дейді Мәдина Жанат.

«БҰРЫНҒЫ БАҒАММЕН БІР АЙ МҰРСАТ»

Ал тұрғын үй кешенін салған құрылыс компаниясы «банктен қарыз алған міндеттемелерімізді біз де орындауға тиіспіз» деген уәж айтады.

«ЭлитстройПроект» компаниясына еншілес «Элитстрой Development» компаниясының бас директоры Николай Дудиков «біздің де қала банктерінен қарыз алған өз міндеттемеміз бар, мұндай қадамға асып-тасқаннан барған жоқпыз. Долларға қатысты мына жағдай пәтерлердің өзіндік құнына да әсер етті. «Асыл Арман» тұрғын үй кешені тұрғындары қалған қарызын бір ай ішінде қайтаруы тиіс. Ал «Хан тәңірі» тұрғындарына бұл шарттың қатысы жоқ. Олармен әлі талай келіссөз жүргізіп, есептеу керек» дейді.

«Хан тәңірі» кешенінде тұратын Мәдина Жанат (оң жақта). Алматы, 18 қыркүйек 2015 жыл.
«Хан тәңірі» кешенінде тұратын Мәдина Жанат (оң жақта). Алматы, 18 қыркүйек 2015 жыл.

Тұрғындардың айтуынша, қарызды доллардың бұрынғы бағамы – 188 теңгемен қайтару үшін құрылыс компаниясы оларға бір ай мұрсат берген. Бірақ көбінің ақша алатын жері жоқ. Пәтер иелері «ЭлитстройПроект» компаниясының «банктен ипотека алыңдар» деген ұсынысымен келіспейді. Олар «несие алсақ, қарызды өтемек түгілі, ішерге ас таппай қаламыз» деп қорқады.

- Компания өкілдері «егер келісім-шартты бұзсаңдар, ақшаны пәтерлерің сатылған соң ғана аласыңдар және келісім-шартты талаптарын орындамағандарың үшін айыпақы ретінде 10 пайызын ұстап қаламыз» деп ескерткен. Енді келісім-шартты да бұза алмай, қарызымызды да толық өтей алмай, қақпанға түсіп қалдық. Мұнша ақшаны бір айда қайдан аламыз? Банктен несие алайық десек, доллар бағамы 300 теңгеге жетіп қалған кезде тағы қарызға батамыз ғой, - дейді Мәдина Жанат Азаттыққа.

Азаттық тілшісі сұхбаттасқан тұрғындардың айтуынша, ешқайсысы қарызды жаңа бағамен әлі төлемеген. Олар «бұл мәселе біздің пайдамызға шешілер» деп үміттенеді.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG