Accessibility links

«Қазақ кино индустриясын жүйелеу керек»


Нью Йорк киноакадемиясында оқитын қазақстандық студент Диас Әзімжанов. Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.
Нью Йорк киноакадемиясында оқитын қазақстандық студент Диас Әзімжанов. Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.

Диас Әзімжанов – Нью Йорк киноакадемиясының Лос-Анджелестегі филиалының магистратурасында оқитын қазақстандық студент. Диастың қысқа метражды Ultio фильмі мамырдың 17-сі мен 28-і аралығында өткен Францияның Канн кинофестивалінде көрсетілді. Азаттық тілшісі АҚШ-та оқып жатқан жас режиссермен әңгімелескен еді.

Канн кинофестивалінің ресми сайтына Ultio фильмі жайында «режиссері - Диас Әзімжанов, ұзақтығы 22 минут, ағылшын тілінде түсірілген, жанры - драма, фантастика, әлеуметтік фильм» деп жазылған. Фильмнің қысқаша мазмұны «ұлы әкесін шешесіз өскені үшін айыптайды, бірақ өгей шеше алып келгенде әкесін бала қызғана бастайды. Әкесі ұлынан кешірім сұрау үшін және шындықты айтуға қолайлы уақытты күтіп, ұлының оны түсінетінінен үміттенеді. Бұл екі адам бір-біріне қажет» деп сипатталған.

Азаттық: Канн кинофестивалі аясында жұрт назарына ұсынылған Ultio фильмінің қысқаша мазмұны қандай, фестивальға қалай тап болдыңыз?

Диас Әзімжанов: Фильмді Лос-Анджелесте түсірдік. Мистика жанрындағы отбасылық драма деуге болады. Бір отбасы өмірі - ерлі-зайыптылардың, әке мен баланың түсініспеуі, сырт адамның өзге отбасыға араласуы көрсетіледі. Атауына Рим мифологиясындағы кек алушы құдайдың есімін алдық. Өйткені негізгі тақырып - кек алу. Ultio Канн кинофестивалінде мамырдың 23-і көрсетілді, фестиваль катологында әлі тұр, онлайн көруге болады. Каннда «қысқа метражды фильмдер» секциясына жатқызылып, сайысқа қатыспады. Бұл - тәжірибе алмасатын, инвесторларға, продюсерлерге жобаларды таныстыратын секция. Маған оның пайдасы тиді. Басқа кинофестиваль өкілдері фильмді көргендерін айтып, Франциядағы өзге бір байқауға қатысуға шақырды. Оны бірге оқитын өзге елдер студенттерімен; америкалық, ресейлік, аргентиналық, индиялық және украиналық әріптестеріммен түсірдім. Менің фильмім фестивальде Ресей, АҚШ және Қазақстан атынан тіркелді. Фестиваль қарсаңында Қазақстан өкілдері хабарласып, фильмді Қазақстан павильонына қойдық.

Диас Әзімжановтың Facebook парақшасынан алынған сурет.
Диас Әзімжановтың Facebook парақшасынан алынған сурет.

Азаттық: Фильмді Қазақстанда көрсету жоспары бар ма?

Диас Әзімжанов: Қысқа метражды фильм болғандықтан, прокатқа шығару ойымызда болған жоқ. Бірақ қазақстандық бір-екі кинотеатрдан ұсыныс түсіп жатыр. Қазір бірнеше проектім монтажда тұр, сондықтан киноны көрсету мәселесімен айналысуға мұршам болмай жатыр. Күзде Қазақстан кинотеатрлары көрсетіп қалуы мүмкін. Фильм 2016 жылы тамызда түсіріліп біткен.

Азаттық: Лос-Анджелестегі оқуыңыз күзде аяқталады. Қазақ кино индустриясына қандай жаңалықпен келсем дейсіз?

Диас Әзімжанов: Қазақстан кино саласына жеке туындыларымды ғана алып келгім келмейді. Біздегі кино индустриясы мен теле индустриясын жүйелендіргім келеді. Яғни, бір жүйеге түсіру керек. Өйткені осы екі сала бір жүйеге түскенде ғана кино өндірісі дамиды. Мысалы, АҚШ-та бұл жүйе керемет дамыған.

Азаттық: Қазақстан кино өндірісіне сонда не жетіспейді деп ойлайсыз?

Диас Әзімжанов: Жеке ойым – дұрыс құрылған жүйе жетіспейді. Тәуелсіздік алғанымызға 26 жыл болды, бізде әлі кино туралы заң жоқ. Бұл – ұят нәрсе. Ал жүйелендірілген орта қайдан шығады? Әрине, заңнан шығады. Қазір Қазақстанда кино туралы заң дайындалып жатыр. Бір-екі жыл көлемінде қабылданып қалатын шығар. Егер заң қабылданса, кино индустриясын бір жүйеге келтіру оңай болар еді.

Қазір қазақ киносының айналасында бес-алты режиссер мен оператор ғана бар. Сол себепті жас мамандарға көбірек орын беру керек.

Екіншіден, мен көрген АҚШ-тың кино индустриясының қалыптасқанына ғасыр болды. Ол деңгейге жету үшін бізге көп уақыт керек те шығар. Бірақ АҚШ-та кино түсіретін компанияларға салықтық жеңілдіктер бар. Мұны заң жүзінде реттеп қойған. Үшіншіден, тек өз нарығымызбен шектеліп қалмай, сыртқа шығатын халықаралық жобаларды ойластыру керек. Еуразиялық экономика одағына кірдік. Енді сол мүмкіндікті кинода да пайдаланып қалуымыз керек қой. Яғни біздің кино өнімдерді Ресей, Беларусь, Қырғызстан нарығына енгізу қажет. Төртіншіден, мамандар тапшы. Қазір қазақ киносының айналасында бес-алты режиссер мен оператор ғана бар. Сол себепті жас мамандарға көбірек орын беру керек.

Азаттық: Әуелі халықаралық туризм бойынша жоғары білім алыпсыз. Онан кейін журналистикаға ден қойған екенсіз. Кино өнеріне кейіннен бет бұрғаныңызды байқап отырмын...

Диас Әжімжанов: Иә, бірінші дипломым «халықаралық туризм» саласы бойынша. Бірақ түрлі тақырыптарда блогтар, әңгімелер жазатынмын. Сол себепті журналистикаға құжат тапсырып, оқуға түстім. Кейін уақыт өте келе жазғандарымды неге экранға шығармасқа деген ой келді. Сөйтіп, кино саласына қызыға бастадым. Сценарий жазуды үйрендім. Бірақ кино түсіруге режиссерлік білімім таяз болды. Сол себепті Нью Йорк киноакадемиясына құжаттар тапсырып, емтиханнан өттім. Ары қарай «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырдым.

Азаттық: Сұхбатыңызға рахмет!

XS
SM
MD
LG