Accessibility links

Қазақстанда есірткі көп


Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті Ауғанстаннан Ресейге бара жатқан ірі көлемдегі өте зиянды есірткі тасымалының жолына тосқауыл қойғандарын мәлімдеді. Бейсенбі күні Ішкі істер министрлігі «Азаттық» радиосына соңғы уақытта Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстанда мұндай есірткілерді тәркілеу оқиғаларының көбейгендігін айтты. Министрлік АҚШ-тың Ауғанстан арқылы солтүстік бағытқа есірткінің тек 15 пайызы тасымалданады деген пікірін жоққа шығарды.
ҚР ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі Батыс Қазақстан облысында «Сырым автомобильное» бекетінде қырғыз азаматы жүргізіп бара жатқан жеңіл көлікті тексергенде, ішінен 13 келі героин мен 20 келі гашиш табылғандығын хабарлап отыр. Ресми орындардың мәліметіне жүгінсек, елде героин тасымалы қатты белең алып барады.
Таяуда Венада Ауғанстаннан тасмылданатын заңсыз есірткіге тосқауыл қою тақырыбына арналған халықаралық мәжіліс өтті. Біз осы жиынға қатысып қайтқан Ішкі істер министрлігінің есірткі бизнесімен күрес комитетінің өкілі Асқар Жақсыгелдіновке хабарласқан едік:
- АҚШ-тың есірткі бизнесімен күрес қызметкерлері Ауғаныстаннан шығатын есірткінің 15 пайызы солтүстік бағыт бойынша өтеді дегенді айтты. Біз мұнымен келіспейміз. Қазақстан бағытынан әлдеқайда көбірек есірткі өтеді. Себебі қазір Тәжікстанда да, Өзбекстанда да, Қазақстанда да героин тәркілеу оқиғалары көбейді», - деді ол «Азаттық» тілшісіне.

Ауған полициясы есірткі фабрикасы мен одан табылған 2 тонна апиынды жойды. Нангархар, 19 наурыз 2008 ж.
Біріккен ұлттар ұйымының мәліметіне жүгінсек, 2008 жылы Ауғанстанда 8 мың тонна апиын өндірілген. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Оның үштен бір бөлігі Қазақстан арқылы Ресей мен Еуропаға тасымалданады. Ресми мекемелер жағрапиялық орналасуына орай есірткінің 10 пайызының Қазақстанда қалып қоятындығын айтып отыр. Оның сыртында Қазақстанның Жамбыл облысындағы Шу өңіріндегі 140 мың гектар жерде есірткі өсіріледі.
Былтыр ол жақтан 21 тонна есірткі тәркіленген. Биылғы жарты жылдың ішінде тәркіленген есірткінің көлемі - 5 тонна. Және өте зиянды есірткі саналатын героинді тәркілеу оқиғалары былтырғымен салыстырғанда еке есеге көбейіпті. Атап айтқанда, өткен жарты жылда 75 келі героин тәркіленсе, биыл ол 274 келіге жеткен. Ал бір грам героин 8 нашақордың бір мәрте егуілуіне жарап жатыр.Қара базарда героин мен марихуананың бағасы Оңтүстік аймақтарада 130 пайызға, ал Солтүстік аймақтарда екі есеге өскен. Астана мен Алматыда бір грамм героин 5 мың теңге тұрады екен.
Үстіміздегі жылдың 7 шілдесінде есірткінің заңсыз айналымына жауапкершілікті күшейтетін заң күшіне енді.
«Есірткіге кәмелетке толмағандарды тартқаны үшін, контрабанда үшін, аса ірі көлемде есірткі сатқаны үшін өмір-бақи бас бостандығынан айыру жазасы болады», - деді Жақсыгелдінов.
Бірақ, мемлекет тарапынан заңсыз есірткі саудасына қарсы күреске бөлінетін қаржы көлемінің көбеюдің орнына, азайғанын айтып отыр есірткі бизнесімен күрес комитетінің өкілі.
«2006 жылы есірткімен күрес жұмыстарына ішкі істер министрлігіне 366 миллион теңге бөлінетін, 2007 жылы 184 миллион берілді, ал 2008 жылы қайтадан 184 миллион теңге бөлінді», - дейді Жақсыгелдінов.
Бұған дейін, БҰҰ халықаралық комитеті Қазақстанда есірткіге тәуелді болып қалғандар саны 140-мыңға жетті деген мәлімет таратқан. Полиция мәліметінше Қазақстанда қазір 54 мыңға жуық нашақор тіркелген. Олардың 58 пайызы 14-пен 30 жас аралығындағы жастар.
XS
SM
MD
LG