Accessibility links

Электронды билет тасымалдан нәпақа алатындарды абыржытты


Алматы-Шымкент рейсі автобусының жүргізушісі Есім Шүренбай. Алматы. 27 тамыз, 2015 жыл.
Алматы-Шымкент рейсі автобусының жүргізушісі Есім Шүренбай. Алматы. 27 тамыз, 2015 жыл.

Электронды билет сату туралы жаңалыққа жолаушы тасымалынан күн көріп жүрген жандардың көбі қуана қоймады. Шенеуніктер қызмет сапасы жақсаратынын айтады.

Астанада өткен баспасөз жиынында технологияларды коммерциялау орталығы өкілдері қазанның 1-інен бастап Қазақстанда автобус рейстеріне электронды билет сатудың AparuBus бірыңғай жүйесі іске қосылатынын мәлімдеді. Жоба авторларының пікірінше, бұл технология іске қосылғаннан кейін жолаушылар вокзалға сабылмайды, кассада кезек күту машақатынан құтылады. Конференцияны ұйымдастырушылардың айтуынша, билеттерді aparubus.kz сайты немесе агент-кассалар арқылы сатып алуға болады.

Олардың айтуынша, қазір жобаның алғашқы кезеңіне Астана және Өскемен қаласы автовокзалдары қосылып үлгерген. Электронды билет сату жүйесі 41 бағыт бойынша жүретін 140 автобус рейсінде ашылған.

Алматы-Шымкент маршруты автобусының жүргізушісі Есім Шүренбай бұл өзгеріске үзілді-кесілді қарсы. Оның пікірінше, бұл шешім талай адамды жұмыссыз қалдырады. Ал жолаушы қандай автобусқа билет алғанын, орны жайлы ма, жоқ па білмейтін болады. Ол билет сатудан түскен ақша мемлекет қазынасына емес, жеке біреулердің қалтасына түседі деп санайды.

- Меніңше, бұл - дұрыс шешім емес, жолаушылар билетті келісім бағамен сатып ала алмайды. Бағасы үш мың теңге немесе бір жарым мың теңге тұратын билеттер бар. Мұндайды совет заманында өттік емес пе? Қазір негізгі кәсібім - жолаушы тасымалдау, - дейді Есім Шүренбай Азаттыққа.

Есім Шүренбайдың айтуынша, жүргізушілер күніне үш мың теңге (12 долларға жуық) табады. Автобус жүргізушісі «айлап жалақы көрмей, кейін сотқа жүгіргеннен бұл тәуір ғой» дейді.

Алматыдағы «Алтын орда» базарынан жүретін әр автобуста жүргізушілер мен жолаушылар «подсадочник» деп атайтын өз адамдары бар. Олар алыс рейстерге сапарлайтын жолаушы тауып әкеледі. Осы кәсіппен айналысатын Елубай Әубәкір өзінің күндік табысы үш мың теңге екенін айтты.

Елубай Әубәкір. Алматы. 27 тамыз, 2015 жыл.
Елубай Әубәкір. Алматы. 27 тамыз, 2015 жыл.

- Таңғы бестен келіп, зыр жүгіріп, жолаушы іздеймін. Бұл - әбден қалыптасқан жүйе. Жұрттың жаңа ережеге үйренуі екіталай. Бірақ жаңа жүйе іске қосылса, жеп отырған нанымнан қағыларым анық, - дейді Елубай.

Технологияларды коммерциялау орталығының PR-менеджері Жанар Смағұлованың айтуынша, жаңа жүйе бастан-аяқ Қазақстанда құрастырылған. 2014 жылы орталық Қазақстанда AparuBus бағдарламасын дамытуға 18 миллион 100 мың теге көлемінде грант бөлген. Смағұлованың айтуынша, жобаның басты мақсаты – жолаушылардың кез келген рейске еш қиындықсыз билет сатып алуына мүмкіндік жасау үшін республиканың бүкіл аумағында электронды билет сатудың бірыңғай жүйесін құру.

- Қазір жоба авторлары рейстер базасын көбейтіп, билет сатудың жеңілдетілген жүйесі бойынша жұмыс істегісі келетін жолаушы тасымалдаушы компаниялар мен агент-кассалар өкілдерімен келіссөз жүргізіп жатыр. Енді кез келген жолаушы билетті интернет арқылы сатып ала алады. Бұл бағдарлама билетті қайта өткізуге де мүмкіндік береді. Тасымалдаушылар билет сатып, маркетинг саясатын ұйымдастыру мүмкіндігін алады, - дейді Астанада өткен баспасөз жиынында технологияларды коммерциялау орталығының бас директоры Данияр Егізбаев.

Алматы қаласы жолаушылар транспорты басқарамасы маманы Әділбек Мұхамеджанов жоба өкілдерінің пікірін құптайды әрі жоба халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартады деп санайды.

Пойыздарда электронды билетке көшкен кезде де жұрт шулаған. Таксиді интернет арқылы шақыру жүйесіне көше бастаған кезде де таксистер митингіге шыққан.
Т. Бектұрғанов

- Темір жол вокзалдары, аэровокзал, әуежай сияқты қызмет көрсету бекеттерінде электронды билет сатып алатын арнайы карточкалар болады. Бұл өзгеріс бюджет есебінен емес, инвесторлардың көмегімен енгізіліп жатыр, -дейді Әділбек Мұхамеджанов Азаттыққа.

Блогер Тимур Бектұрғанов бұл жаңалықтың жақсы-жаман тұстары барын ескертеді.

- Қазір бес адамды - бір автомат, 20 адамды – бір трактор, 10 МАИ қызметкерін - бір камера ауыстыратын жаңа технологиялар заманы. Жұрт бұған үйренуі тиіс. Пойыздарда электронды билетке көшкен кезде де жұрт шулаған. Таксиді интернет арқылы шақыру жүйесіне көше бастаған кезде де таксистер митингіге шыққан. Қазір жұрттың бәрінде интернет бар. Әрине, көп адам жұмыссыз қалайын деп тұр, бірақ оған не шара. Үйреншікті әдеттерден жаңа технологияларға көшу керек, - дейді Тимур Бектұрғанов Азаттыққа.

Технологияларды коммерциялау орталығы дерегінше, қазір орталық қоржынында қазақстандық ғалымдардың коммерциялық ұтымдылығы жоғары 5 миллиард 900 мың теңгеге қаржыландырылған 65 жаңалығы бар. Оның 26-сы сатуға түсіп, 45 келісім-шарт пен лизцензияланған төрт мәмілеге қол қойылған, жобаларды сату сомасы 145 миллион теңгеден асқан.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG